Ақын Құлан Алдабергенұлының туғанына 165 жыл

Қазақ әдебиеті тарихында Сыр сүлейлері атауымен танылған, өзіндік шығармашылық мектебін қалыптастырған, халық жүрегінен берік орын алған көрнекті ақындар шоғыры бар. Олар ұлт әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, дәстүрлі жыраулық және ақындық өнерді жаңа деңгейге көтерді. Сол кезеңнің майталман жүйріктері Құлыншақ пен Мәделі, Майлықожа мен Молда Мұса, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары және Тұрмағанбет ақындармен Жаңақорған өңірінен шыққан Құлан ақынның есіміде бірге аталады.
Құлан ақынның «Туған жер», «Молда», «Ағасы жақсы қандайды», «Күйдірет тілім – қызыл шоқ», «Өсиет», «Нарымбайға көңіл айтқаны», «Аузымда өлең деген алмасым бар», Шегір келіншекпен, Перне қызбен айтыстары, тағы да басқа жырлары көпшіліктің рухани қазынасына айналған. Ақынның үш мың жолдан астам жыр шумақтарын Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкенов, айтыскер ақын, термеші Есіркеп Қоңқабаевтар Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына жинақтап, өткізген. Сондай-ақ, Құлан ақынның жырларын, термелерін, айтыстарын қағазға түсіріп, баспа бетінде жарық көруіне танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағанбетов, Жазушы Жолтай Әлмашұлы, фольклортанушы Берік Жүсіповтер, Омарбек Дәулетбаев, түркістандық Тәліп Бейсенов, немересі Тұрман Шербекұлы, Марат Көпешов, ақын-журналист, Құланды зерттеушілердің бірі Файзулла Сахидын жинақтауымен өлеңдер жинағы болып шыққан. Құлан ақынның бірегей шығармалары - елге мұра, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деген сенімдеміз.
Ақын Құлан Алдабергенұлының туғанына 165 жыл толуына орай аудандық музей қызметкерлері «Қаратаулық Құлан ақын » атты лекция оқыды.




