Құрылтай
» » МУЗЫКАНЫ ҚҰЛАҚ ЕМЕС, МИ ТЫҢДАЙДЫ

МУЗЫКАНЫ ҚҰЛАҚ ЕМЕС, МИ ТЫҢДАЙДЫ


Екі досымның мінезі бір-біріне қатты ұқсайды. Айтпағым, Венера мен Бека туралы. Олардың ортақ қасиеті көп. Бірақ мені ерекше таңғалдыратыны – музыкаға деген көзқарасы. Екеуі де музыканы барынша қатты қояды. Тіпті даңғыр-дүңгірдің ішінде өмір сүргенді ұнататындай.

«Адамды сөзінен емес, тыңдайтын музыкасынан тануға болады» деген сөз бар. Бека мен Венераға қарасам, осы ойдың жаны бар сияқты. Өйткені олардың ішкі әлемінің үні дәл сол қатты қойылған музыканың арасынан естілетіндей әсер қалдырады.

Расында, кейде жанымызды сергіту үшін музыка іздейміз. Кейде бір әуен балалық шағымызға жетелейді, кейде бір әнді ести сала көз алдымыздан тұтас бір кезең өтіп жатқандай болады. Бірақ осының бәрі қалай жүзеге асады деп ойланып көрдіңіз бе?

Біз музыканы құлағымызбен тыңдаймыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде, құлақ – тек қабылдаушы. Ол дыбыс толқынын миға жеткізеді. Ал сол толқынды қуанышқа, сағынышқа, шабытқа немесе мұңға айналдыратын – ми.

Ғалымдардың айтуынша, музыка – адам миын ең көп жұмыс істететін құбылыстың бірі. Ән басталған сәтте мидың бірнеше аймағы қатар іске қосылады. Бірі ырғақты есептесе, екіншісі әуенді таниды, үшіншісі сөзді өңдейді, тағы бірі естелікті іздейді, енді бірі эмоцияны басқарады. Мұның бәрі бірнеше секундтың ішінде жүзеге асады.
Сондықтан музыка – жай ғана дыбыс емес, ми түсінетін ерекше тіл.

Алайда музыканың екінші қыры да бар. Өте қатты дыбыста ұзақ уақыт музыка тыңдау есту қабілетіне ғана емес, жүйке жүйесіне де салмақ түсіреді. Ми үздіксіз күшті дыбысты өңдеуге мәжбүр болады. Соның салдарынан шаршау, ашушаңдық, ұйқының бұзылуы байқалуы мүмкін. Демек, мәселе музыканың өзінде емес, оны қалай және қандай деңгейде тыңдайтынымызда.

Бір қызығы, ғылым бүгін дәлелдеп жатқан дүниелерді қазақ халқы әлдеқашан өмір тәжірибесімен түсінген. Ана бесік жырын жай ғана ұйықтату үшін айтпаған. Домбыраның күйін жай әуен деп қабылдамаған. Әр дыбыстың адам жанына әсер ететінін сезген. Қайғыны күймен тарқатып, қуанышты әнмен бөліскен.

Сондықтан біз күн сайын қандай жаңалық оқитынымызға ғана емес, қандай музыка тыңдайтынымызға да мән беруіміз керек. Өйткені музыка – уақыт өткізудің құралы ғана емес. Ол эмоциямызды қалыптастырады, естеліктерімізді сақтайды, көңіл күйімізге, тіпті өмірге деген көзқарасымызға әсер етеді.

Сонда біз құлағымызға қандай ән тыңдатып жүрміз емес, миымызды қандай музыкамен тәрбиелеп жүрміз? Мәселе осында!
Достар, сіз қандай әнді немесе қандай музыканы жиі тыңдайсыз?


09 шілде 2026 ж. 25 0