
Әлемдегі ең нәзік әрі ең ауыр тақырыптың біріне тоқталмақпыз. Бұл – босқындардың тағдыры. Бұл – жекелеген мемлекеттердің ғана емес, бүкіл адамзаттың ар-ожданы мен жауапкершілігін сынға салатын күрделі гуманитарлық әрі саяси мәселе.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде әлемде 110 миллионға жуық адам соғыс, саяси қудалау, табиғи апаттар және басқа да төтенше жағдайлардың салдарынан туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 35 миллионнан астамы ресми түрде босқын мәртебесіне ие.
Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – шекараның арғы жағында тағдыры талқыға түскен миллиондаған адамның өмірі.
Босқын – өз елінен көшіп кеткен адам ғана емес. Ол – үйі күлге айналған, Отаны отқа оранған, ертеңіне деген үміті көмескі тартқан жан.
Олардың көпшілігі үшін жалғыз пана – уақытша босқындар лагері. Ал тұрақты баспана – қол жетпес арман. Мұндай лагерьлерде азық-түлік шектеулі, таза ауыз су тапшы, медициналық көмек жеткіліксіз. Көптеген адам жеке басын куәландыратын құжаттарынан айырылып, құқықтық қорғансыз күй кешеді. Мыңдаған бала білім алу мүмкіндігінен қағылады.
Кениядағы Дадааб, Бангладештегі Кутапалонг, Иорданиядағы Заатари – жай ғана географиялық атаулар емес. Бұл – жүздеген мың адамның өмір мен үміттің, қауіп пен белгісіздіктің арасында күн кешіп жатқан мекені.
Босқындар – өз елінен безген адамдар емес. Олар – өмірін сақтап қалу үшін туған жерінен кетуге мәжбүр болған жандар. Сондықтан бұл мәселе тек олардың емес, бүкіл адамзаттың ортақ жауапкершілігі.
Халықаралық қауымдастық бақылаушы болып қана қалмай, нақты әрі тиімді әрекет етуге тиіс. Себебі босқынға қол ұшын созу – бір адамға ғана емес, адамгершілікке деген сенімді сақтап қалу.
Шүкір, біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Иә, адамдар бір пәтерден екіншісіне көшіп жүруі мүмкін. Бірақ аспанымыз ашық, өміріміз тұрақты.
Сонымен бірге табиғи байлығы мол елде өмір сүре отырып, әлі күнге дейін баспанасыз жүрген мыңдаған отандасымыз бар екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл – босқындар мәселесімен теңестірілмейтін, бірақ әлеуметтік әділеттілікті талап ететін өз алдына бөлек әрі үнсіз проблема.