БАЙКЕНЖЕДЕГІ БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Байкенже ауылында шырайлы кеш ұйымдыстырылып, балаларға базарлық таратылды. Жыл сайын дәстүрге айналған бұл мерекеде балабақша тәрбиеленушілері ерекше сый-құрметке бөленді. Ауыл әкімдігінің ұйытқы болуымен, ауылдық клубтың ұйымдастыруымен өткен мерекелік шарада қос балабақшаның балғындары бар өнерлерін ортаға салды. Елді мекендегі екі өндіріс орынының демеушілігімен өткен думанды өнер фестиваліне біз де көрермен ретінде қатысып, бүлдіршіндердің қуанышымен бөлісіп қайттық.
Ауыл аумағында қоныстанған «Байкен-U» және «Қызылқұм» ЖШС өндіріс орындары ауылдың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне үнемі тірек болып, қолдау көрсетуін тоқтатқан емес. Әсіресе, балаларға барынша қамқорлық танытып, олардың білім алуына мол мүмкіндік туғызып келеді. Мәселен, ауыл балаларының мектепке қатынауы үшін арнайы автобус бөлінген, сондай-ақ өндіріс басшылығы,
озат оқушыларды ынталандыру үшін тарту-таралғы жасаудан тартынып қалған емес. Екі ойын алаңы мен шағын саябақ та құшағын айқара ашқан. Үйірмелер мен спорт секциялары үздіксіз жұмыс жасап тұр. Одан бөлек, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін демалыс орындарына жіберіп тұрады. «Байкен-U» мекемесінің демеуімен жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланды. Мұның барлығы ауыл болашағының жарқын болуы жолында жасалынып жатқан игі істер. Бірер күн бұрын бұл мекеме «Ерке-Наз» бөбекжайына жалпы құны 3 млн болатын ойын құралдары мен төсеніште және ойыншықтарды сыйға тартыпты. Бүгінгі арнайы сапарымызда оны да көзбен көрдік. Одан бөлек, бүгінгі шара аясында балаларға демалыс орындарына жолдама берілді.
Алдымен концерттік бағдарлама бойынша бала-бақша бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салды. Әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен тамсандырды. Ауылдың әсем саябағында өткен кешке ата-аналар мен өндіріс орнының жауапты тұлғалары қонақ ретінде қатысты. Ауыл әкімі Нұрғали Оспановтың құттықтау лебізі төмендегіше өрілді:
– Жыл сайын балалар мерекесін ұмыт қалдырған емеспіз. Бұл дәстүрге айналып, ірі көршілес меке- мелер демеу білдіріп келеді. Сол үшін арнайылап алғысымызды білдіреміз. Тек бұл күні ғана емес, әрбір мерекеде ауыл халқына қос ұжым қолдан келгеншекөмек қолын созып, ықыласын білдіріп жатады. Бүгінгі шарада 100 бала құрметке бөленіп, жолдамаға ие болуда. Ең бастысы, болашағымызды жалғайтын
балаларымыз аман болсын, – деді.
«Қызылқұм» ЖШС «Талдысу» лагеріне, «Байкен-U» ЖШС «Машат» демалыс орнына балаларға жолдама тарту етті. «Хорасан – 2» кенішінің директоры Мұхтар Наурызбаев пен «Қызылқұм» ЖШС-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі маманы Сакен Стамбеков жылы лебізін білдіріп, мұндай игі бастамалар жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
«Бала қуанса, әлем жадырайды» дейді, әр баланың жүзіне күлкі ұялатып, олардың әрбір жетістігіне қолдау көрсетіп келе жатқан іргелес кәсіпорындардың әлі де ауыл ертеңі үшін жасайтын еңбегі аз емес. Болашақ үшін салынатын инвестиция игілігін бүлдіршіндер
көріп, келешекте көп көмегі тисе нағыз сауапты іс сонда болмақ. Айта кететіні, «Ерке-Наз» мемлекеттік балабақшасына жаңадан басшылыққа келген Гүлімжан
Ақынның еңбегі көрінді. Жас болса да білім-білігі мол басшының бастамасын ауыл әкімдігі мен қос өндіріс орны қолдап, бірлесе жұмыс жасауда. Мұның барлығы балалардың бүгіні мен ертеңгі күнінің алтын көпірі.
Әли ТЕМІРБЕК



