Байкенжедегі балалар мерекесі
Халықаралық балаларды қорғау күнінен орай биыл да Байкенже ауылында жас жеткіншектерге керемет кеш ұйымдастырылып, мектеп озаттарына сый-құрмет көрсетілді. Дәстүрге айналған балалар мерекесі ауылда жыл сайын ерекше аталып, төменгі сынып балалары төрге озады. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен қос өндіріс орындарының демеушілігімен «Бақытты балалар – бейбіт елдің ертеңі» тақырыбында думанды өнер фестиваліне біз де көрермен ретінде қатысып, олардың қуанышымен бөлісіп қайттық.
Ауыл аумағында қоныстанған «Байкен-U» және «Қызылқұм» ЖШС өндіріс орындары ауылдың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне барынша тірек болып, қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, балаларға барынша қамқорлық танытып, олардың білім алуына мол мүмкіндік туғызып келеді. Мәселен, ауыл балаларының мектепке қатынауы үшін арнайы автобус жалдап, озат оқушыларды ынталандыру үшін сый көрсетіліп келеді. Екі балалар ойын алаңы мен шағын саябақ та құшағын айқара ашқан. Үйірмелер мен спорт секциялары да үздіксіз жұмыс жасап тұр. Одан бөлек, олардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін демалыс орындарына жіберіп тұрады. Жақын күндері «Байкен-U» мекемесінің демеуімен жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланады деп күтілуде. Мұның барлығы ауыл болашағының жарқын болуы жолында жасалынып жатқан игі істер.Биылғы думанды дүбір Б.Ақылбеков атындағы ауыл саябағында ұйымдастырылды. Жас өнерпаздардың өнерімен ашылған кеште ауыл әкімі Нұрғали Әлайдарұлы сөз алып:
– Ауыл әкімдігі мен клуб үйінің ұйытқы болуымен өтетін балалар мерекесінің биылғы тәртібі өзгертілді. Іс-шара бағдарламасы алты бағыттан тұрады. Кештің тағы бір ерекшелігі, сахнада өнер көрсететін барлық өнерпаздарға уран өндіруші мекемелер атынан қомақты сыйлықтар үйлестіріледі. Одан бөлек, ауылдың атын жақсы қырынан көрсетіп жүрген жас дарын иелеріне де арнайы қос мекеме атынан ілтипат көрсетілуде. Сондықтан «Қызылқұм» ЖШС бас директоры Бағдат Әбжаппарұлына және «Байкен-U» ЖШС бас директоры Жұмағали Жұматайұлы бастаған қос өндіріс орыны қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамыз, – деп ізгі тілегін білдірді.
Кеш барысында ауылдың жас өрендері өз өнерлерін ортаға салып, әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен тамсандырды. Биылғы өнер фестиваліне 39 өнерпаз өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге керемет көңіл-күй сылап, ауыл әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. «Байкен-U» ЖШС-де сыйлық үйлестірді. Оқу жылында білім, өнер және спорт саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізген үздіктер де мереке аясында құрметтелді.
Шара барысында «Қызылқұм» ЖШС әлеуметтік тұрақтылық менеджері Сәкен Стамбеков пен «Байкен-U» ЖШС кеніш директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Әлкей Арапов жылы лебізін білдіріп, мекеме атынан балаларға сыйлықтарды табыс етті. Биылғы жылдың үздігі «Ай-Ару» бишілер тобы, Қызылорда қаласында өткен волейболдан облыстық мектеп лигасында үздік шығып, республикаға жолдама алған №193 мектеп оқушыларынан құралған ұлдар және қыздар командасы, тоғызқұмалақтан облыстық іріктеу жарысын жеңімпаздары №255 білім ордасының шәкірттері марапат мінберіне көтерілді. Сол секілді «JasStar» ІІ республикалық балалар фестивалінің жүлдегері атанған 2 өнрпаз, 1 ғылыми жоба жеңімпазы мен «Жыл үздігі» атанған 3 оқушы сый-сыяпатқа ие болды.
№255 мектептің 20 оқушысы киелі Түркістан қаласына саяхаттауға жолдама алса, екі мектептен 25 оқушыға «Машат», тағы 25 оқушы «Тау самалы» тынығу лагеріне жолдамаға ие болып, шад-шадыман күйге енді. Ең бастысы, ауылдағы 6 ерекше балаға өздері қалаған бағалы сыйлықтары тарту етілді. Бұл қайырымдылық істе қос өндіріс демеуші болып, балаларды қуанышқа бөледі. Ауылдық округ әкімшілігі мен балалардың ата-аналары алғыс айтып, еңбектеріне табыс тіледі. Айта кететіні, балалар күнінен орай ұйымдастырылып жатқан іс-шара 8-сыныпқа дейін, яғни 14 жасқа дейінгі балалардың құрметіне ұйымдастырылыпты.
«Бала қуанса, әлем жадырайды» дейді, әр баланың жүзіне күлкі ұялатып, олардың әрбір жетістік жолына қолдау көрсетіп келе жатқан іргелес кәсіпорындардың әлі де ауыл ертеңі үшін жасайтын еңбегі аз емес. Болашақ үшін салынатын инвестиция игілігін бүлдіршіндер көріп, келешекте көп көмегі тисе нағыз сауапты іс сонда болмақ. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.