» » ЕРЛІК РУХЫ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

ЕРЛІК РУХЫ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА



«Арман» мәдениет үйінде тағылымы мол, рухы биік «Ерлік жырын жырлаймыз» атты патриоттық ән кеші ұйымдастырылды. Тағзым мен тағылымға толы шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, ел үшін жанын қиған боздақтардың ерлігін дәріптеу және бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру
Кешке жиналған көпшілік алдымен сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Майдан даласындағы ерлік пен тылдағы табандылық жайлы айтылған әсерлі естеліктер көрермен көңілін толқытып, өткен тарихтың ауыр кезеңдерін көз алдымызға әкелді. Шара барысында оқушылар мен өнерпаз жастар патриоттық бағыттағы өлеңдер оқып, Отанға деген сүйіспеншілікті жүрекпен жеткізе білді. Әсіресе ерлік, батырлық, туған жер тақырыбындағы жырлар кештің мазмұнын тереңдете түсті. Патриоттық тақырыптағы әндер көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш аясында арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі де келушілер назарын өзіне аударды. Жеңіс рухын дәріптеген көрмеге соғыс күндерінен жазылған тарихи кітаптар, қазақ батырлары туралы шығармалар, майдангер өмір жолынан сыр шертетін естелік материалдар, фотосуреттер мен архивтік деректер қойылды. Көрмені тамашалаған оқырман сұрапыл соғыс тарихымен тереңірек танысып, батыр бабалардың ерлігі жайлы құнды мәліметтер алды. Әрбір қатысушы жүректен шыққан ән әуенімен жеңіс жолында құрбан болған боздақтарға деген құрметін айшықтады. Ән кеші көрерменге рухани әсер сыйлап, елдік пен ерліктің мәнін одан әрі асқақтата түсті. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған өнерпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Бас жүлде – Сүттіқұдық ауылынан келген Жәудір Төреханға бұйырды. Жас өнерпаздың дауыс диапозонының кеңдігі, әнді жүрекпен орындауы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бірінші орын Шалқия кентінен келген Асылзат Әшімге табысталды. Екінші орынды Бесарық бекетінен келген Нұрсезім Тастанбек пен “Арман” мәдениет үйінің өнерпазы Аяулым Бейсенбек иеленді. Үшінші орын Қыраш ауылынан келген Абылай Әліпбай мен төменарықтық Эльнура Жолдасбекке бұйырды. Қатысушылардың барлығы да өнердегі ізденісі мен талпынысын көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Байқау соңында жүлдегерлерге «Арман» кенттік мәдениет үйі атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Осындай рухани-мәдени шаралардың елдік құндылықтарды дәріптеп, жас буынның бойына ұлттық рух пен патриоттық сезімді сіңіруде ықпалы зор. Өткенін ұмытпаған халықтың болашағы жарқын. Жеңіс жолында жанын қиған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жеңіс – тек тарих бетінде қалған оқиға емес, ол – ұрпақ жадында мәңгі сақталатын ерлік мектебі. Батырлар рухына тағзым ету, олардың өнегелі жолын дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Әсел РЗАЕВА
13 мамыр 2026 ж. 26 0