БАТЫРЛАР, СІЗГЕ МЫҢ АЛҒЫС!

Бұл күн бейбіт күнді сыйлаған жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухын өрлетіп, Жеңіс жалауын желбіреткен ұлы күн. Ұрпаққа ұран болған Жеңісті ұлықтау күні. Қан майданда оқ пен оттың арасында өмірлерін қиған және тылда жанкешті еңбектерімен жеңісті жақындатқан ардагерлерімізді, есімдері ерлік шежіресінде жазылған батырларымызды құрметтеу, даңқты жолдарын үлгіөнеге тұту – біздің басты парызымыз. Жаңақорған жұртшылығы 9- мамыр Жеңіс күніне орай Тағзым алаңына жиналып, боздақтар рухына бас иді.
Жеңіс паркінде мәңгілік алау жағылып, құрметті қарауыл сап түзеді. Алаңда аудандық полиция бөлімінің сақшылары, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жауынгерлері, Ауған соғысының ардагерлері, басқа да әскери сала өкілдері сап түзеп, мерекенің сәнін арттырды. Тыл ардагерлері мен ел ағаларының көш бастауымен боздақтар ескерткіштеріне салтанатты гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысында шейіт болған майдангерлерімізді 1 минут үнсіздікпен еске алдық. Тағзым ету алаңында боздақтарды еске алып, аспанға оқ ату рәсімі орындалды. Тақырыпқа сай қойылған өнерпаздар прологы қойылды. Мерекелік құттықтау аудан әкімінің орынбасары Нариман Үсенұлына берілді. – Ұлы Жеңіс – халқымыздың қайсар рухы мен ерлігін әлемге танытқан тарихи күн. Бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларды ұлықтайтын, аға буынның өлшеусіз еңбегі мен қаһармандығына тағзым ететін қастерлі мереке. Сұрапыл соғыс жылдарында жерлестеріміз майдан даласында ерен ерлік көрсетсе, тыл еңбеккерлері де күн-түн демей еңбек етіп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосты. Біз олардың ерлігі мен жанқиярлығын ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз елдің жарқын келешегі сол ардақты жандардың батырлығы мен табандылығының жемісі. Сондықтан ерлікпен ел қорғаған аға буын алдында әрдайым бас иіп, құрмет көрсету баршамыздың парызымыз, – деді ол. Сұрапыл соғыста және бейбіт өмірде қаза тапқан ардагер аталарымыз бен қайсар жүректі боздақтардың рухына ауданымыздың бас имамы Наметов Әбдіхалық қажы құран бағыштады. Жеңіс саябағында өткен тағылымды іс-шараға аудан прокуроры Бахытхан Бөлеулиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, ауданның зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты
Мақпал Пәтенова




