МЕЙІРБИКЕЛЕР МЕРЕЙІ

Кеше Халықаралық мейіргер күні, яғни 141 елдің мейіргерлер қауымдастығын біріктіретін кәсіби мереке атап өтілді. Бүгінде еліміздің Денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. Олардың 146 мыңнан астамы – мейіргерлер.Оның 55 мыңы ауылдық жерлерде еңбек етеді.
Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы аудандық көпбейінді аурухананың бас дәрігері М.Ршымбетов мейірбикелер мерекесінде арнайы тоқталды.
– Мейіргерлер – бiлiмiмен, жауапты еңбегімен мейiрiмдiлiк көрсете бiлетiн мамандық иесi. Әрбір емделушінi қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы күйбең тiршiлiктiң бел ортасында жүретін мейiрбикелер еңбегі қашанда құрметті.
Еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуы әрбір ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты.
Халықтың денсаулығы жолындағы күресте облыс халқына медициналық қызмет көрсететін 12 мыңға жуық орта буын мамандарының еңбегі орасан, – дей келе бірқатар медицина мамандарын марапаттады.
Айта өту керек, осы күні Жаңақорған аудандық көпбейінді ауруханасында госпитальдық фармация бөлімшесі іске қосылды. Ашылу рәсіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Мая Мирамбайқызы қатыспы, лентасын қиып, жаңа бөлiмнiң жұмысына сәттiлiк тiледi.
– Ата заңымызда «Ең бірінші байлық – халықтың денсаулығы» деп айтылуының мәні тереңде жатса керек. Тұрғындардың денсаулығын жақсарту бағытында аянбай еңбек етіп жүрген барша мейіргерлер қауымының тынымсыз еңбегі қандай құрметке болсын лайықты. Мейірімді жүрек иелерінің шипалы қолы талай дертке дауа болып, қамкөңіл жандардың дертіне шипа болып келеді. Сондықтан, әрбір медбикеге шынайы алғысымды білдіремін. Сiздердi төл мерекелеріңізбен тағы да құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектерiңiзге жемiс тілеймін, – деді ол.
Госпитальдық фармация бөлімi алдағы уақытта аурухананы дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жақсартып, дәрі-дәрмектерді сақтау, бөлу және қадағалау үдерісін жоғары деңгейде жүзеге асыратын болады. Бүгінде елімізде тәуелсіз мейірбике ісінің озық тәжірибелерін енгізу мәселесі өзекті. Бұл бағытта мамандар арнайы курстардан өтетін болады.
Ауданда емханалар мен стационарлардың кеңес беру бөлімдерінде тұрғындарға көрсетiлетiн медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ашық есік» күні жалғасын тапты.
«Ашық есік» күнінде тұрғындар скринингтiк, профилактикалық, флюорографиялық тексерулерден өтiп, көрсетілім бойынша күндiзгi және тәуліктік стационарға жолданды. Сонымен қатар мiндеттi профилактикалық екпе жұмыстары да жүргізілдi.
Сондай-ақ, алыс-шалғай елді мекендердегі сақтандырылмаған мәртебесi бар тұрғындарға да жылжымалы медициналық кешен қызметiмен қамтылды, яғни маммографиялық, ультрадыбыстық зерттеу түрлерінен тегін өтуге мүмкіндік берiлдi.
Атап айтсақ, «Ашық есік» күнiнде 1134 тұрғын дәрігерге дейінгi және 603 адам скринингтiк тексеруден өтсе, 750 пациент жекелеген мамандарға қаралды. Сонымен қатар, 434 лабораториялық анализдер тексеруден өтсе, 942 диагностикалық тексерулер жасалынып, 94 тұрғын диспансерлiк бақылауға алынған. Одан бөлек 58 адам дәрi-дәрмекпен қамтылып, 4 адам стационарлық көмекке жолданды.
Мақпал МАРҚАБАЙ