“Уақытқа сыр айтамын өлеңменен”

Шынайылық пен сөздің салмағы – қаламгердің қарымын айқындайтын басты категория. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Мақпал Марқабайдың “Уақытқа сыр айтамын өлеңменен” атты кеші көрермендер үшін оның шығармашылық есебіндей, поэзия мен журналистиканың тоғысуы, өнер мен қоғам арасындағы үзіліссіз диалогтың көрінісіндей әсер етті.
Кеш тізгінін Манап Көкенов атындағы өнер мектебінің меңгерушісі Уәли Ибрагимов ұстады.
Шараны ашу үшін сөз алған “Сыр медиа” ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаев Мақпал Марқабайқызының журналистикаға адалдығын, қоғамдық проблемаларды көтерудегі тәуекелін және өз ісіне деген жауапкершілігін атап өтті. Ол журналистиканың қоғамдағы миссиясына тоқталып, он жыл ішінде Мақпалдың қаламынан туған дүниелерінің оқырманға ой салғанын, өңір ақпарат алаңында салмақты орын алып жүргенін жеткізді. Сондай-ақ, “Сыр бойы” газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов ақынның кәсіби және шығармашылық таңдауларына лайықты баға берді.
– Мақпал Марқабайдың қаламынан туған мақалалар қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, адам тағдыры мен күнделікті өмірдің нәзік түйіндерін ашып көрсеткен. Сол қасиеттер оның өлеңдерінде де өзінше көрініс тапқан: мазмұны бай, әр шумақта өмір мен уақыттың тағылымы жатыр, – деді ол.
Шараның жылы әрі шынайы сәттерінің бірі — мектеп оқушыларының Мақпал Марқабайдың өлеңдерін мәнерлеп оқуы болды. Балаң үннен шыққан шумақтар көрерменге әсер етіп, ақынның шығармашылығының жас буын жүрегіне жол табуы ақынның поэзиялық ұстанымының өміршең екенін көрсетті.
Келесі кезекте “Жаңақорған тынысы” газетінің бас редакторы Баян Үсейінова, қоғам белсендісі, зейнеткер Алма Мамирова, Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың меңгерушісі Әсемгүл Тілеубергеновалар сөз алып, қаламгерге ізгі тілектерін жеткізді. Бірі Мақпал Патенованың шығармашылығына тоқталып, газет бетіндегі өзіндік мәнеріне тоқталса, енді бірі ақынның поэзиясындағы азаматтық ұстанымын атап өтті. Осындай пікірлерден журналистің қоғамда құндылықтарды қалыптастыратын, билік пен халық арасындағы көпір екенін ұқтық.
Кешке арнайы дайындалған бейнебаян, әріптестік құттықтаулар, автор өлеңдерінің оқылуы, барлығы бір арнада тоғысып, ақын шығармашылығының және кәсіби қызметінің тұтас кескінін бейнеледі.
Ақын өзінің сөзінде он жылдық еңбек жолының сабақтары мен тәжірибесіне тоқтала келе, журналистика мен поэзияның арасындағы байланысты, шынайылықты табудың қиыншылықтары мен табыстарын бөлісті. Он жыл – бұл тек уақыт өлшемі ғана емес, бұл – жауапкершілік, ізденіс пен шығармашылық тұрғысынан өскен кезең. Міне, сондықтан кеш иесі өзінің әрбір жазбасының уақытпен тілдесетін сыр екенін айтып, ағынан жарылды.
Ақын – уақытқа сыр айтатын адам, кеште сол сырды көппен бөлісуге мүмкіндік туды.
Жәмила ЕРМАХАН




