“Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!”

Бүгінгі күні ата-ананың алдында “баламды қай тілде оқытқан дұрыс”? деген сұрақ тұр. Әр заманның өз талабы, өз ерекшелігі бар. Тіл мәселесі тек отбасының ғана емес, ел болашағының тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан әр ата-ана баласының болашағын ойлап, қай тілде білім беру қажеттігін саралап жатады. Біз де осы мәселе төңірегінде ізденіп көрдік.
Бала қазақ тілінде білім алса, туған халқының тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен етене танысады. Қазақша ойлау жүйесін қалыптастырады. Тілді жетік білу ұлт болып сақталудың да алғышарты.
Ғалымдардың айтуынша, ана тілінде білім алған бала өз ойын еркін жеткізеді, тілдік қоры молаяды. Тіл арқылы тұлғаның ұлттық болмысы қалыптасады. Жазушы Мұхтар Әуезов «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» – деген екен.
Десе де бүгінгі қоғамда баласын орыс сыныбына бергісі келетін ата-ананың қарасы көп. Оған үлкен қалалардағы орыс сыныптардың балаға лық толып, қосымша сыныптар ашылуына талап қоюшылар қатары көбейе түскен жағдайларды қосыңыз. Әрине баласын қай тілде оқытса да ата-ананың өз құқы. Бірақ тілі жойылған ұлттың өзі де жойылатынын естен шығармаған абзал.
Елімізде бүгінге дейін ғылым мен техника саласындағы әдебиеттердің көбі осы тілінде қолжетімді болып келгені рас. Көп ата-ананың санасында орыс тілінің ауқымы кең, мәртебесі биік деген түсінік те жоқ емес.
Орыс тілі әлі де елімізді мекендеген этносаралық қарым-қатынастың басты құралы болып отыр. Жоғары оқу орындарында да орыс тілінде білім беретін кафедралар басым, шетелдік университеттермен байланыста да бұл тіл жиі қолданылады. Осыдан болса керек, ата-ананың басым бөлігі мүмкіндік болса баласын орыс тілінде оқытқысы келеді.
– Жолдасымның жұмыс бабымен Астана қаласында 3 жыл тұрып келдік. Сол уақыт аралығында балаларым да бас қалада оқыды. Өзім мектепке жұмысқа орналастым. Сондағы менің көзімнің жеткені, ол жақта орыс сыныбына сұраныс өте жоғары. Мәселен, бір орыс сыныбында 2-3 қана өзге ұлт өкілі болса, қалған 25-і қазақ балалары. Барлығы орыс тілінде сайрап тұр. Арасында өз елінде тұрса да, бір ауыз қазақша түсінбейтін қара домалақтарды көргенде қазақша білім алып жүрген біздің балалар артта қалып қоймас па екен деген ойға қаласың. Бұл алға қарай даму ма, әлде артта қалу ма, түсініксіз. Өз мемлекетімізде тұрып өз ана тілімізде еркін сөйлемесек, болашағымыз бұлыңғыр деп білемін. Бірақ, ата-ананың таңдауына ешкім қарсы шыға алмайтыны тағы бар, – дейді бастауыш сыныптың ұстазы Әсем Шораева.
Педагогтердің тәжірибесіне сүйенсек, бірінші сыныптан бастап қазақ тілінде білім алған бала кейін орыс және ағылшын тілдерін тез меңгеріп кетеді екен. Ал бастапқы білімді орысша алған бала кейін қазақшаға қиналуы мүмкін. Бұл жиі кездесетін жайт.
– Біздің ауданымызда ұл-қызын орыс сыныбына берген ата-ананың көбі бастауыштан соң жағдайы мәз емес жасөспірімге жаны ашып, 5-сыныптан бастап қазақ сыныбына ауыстырып алып жатады. Бұл өзгеріс балаға тіпті қиын соғады. Ата-ана баласын бір сәтте орысша сөйлеп кетпеді деп асығыстық танытады. Таза қазақы ортада өсіп жатқан бала үшін орыс тілінде жылдам сайрап кету оңай емес. Олар алғашқы жылдарында орысша сөздік қорын толықтырады, содан кейін ғана ойын жеткізетін болады. Бала қай тілде оқыса да ең бастысы сапалы білім алуы маңызды. Бастысы, мектептен алған білімін өмірде қолдана алуы керек, – дейді №110 мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Сания Махмутқызы.
Тарихқа көз жүгіртсек, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерінде орыс-қазақ мектептері көптеп ашылды. Ол кезде білім алудың басты жолы – орыс тілін үйрену еді. Көптеген қазақ зиялылары орыс мектебінде оқып, кейін елдің болашағына еңбек сіңірді. Бірақ олардың барлығы ана тілін ұмытпай, қайта керісінше оны қорғап, дамытуға күш салды. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде қазақ мектептерінің саны күрт өсті. Мәселен, 1991 жылы республика бойынша қазақ мектептерінде оқитын балалардың үлесі небәрі 30 пайыз болса, бүгінгі күні ол көрсеткіш 70 пайыздан асып отыр. Бұл көрсеткіш халықтың өз болашағын қазақ тілінде байланыстыруының айқын дәлелі.
Дегенмен, ата-аналардың арасында бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікір бар. Бірі баласының болашағы үшін қазақ мектебін таңдаса, енді бірі орыс тілінің болашағы жарқын деген пікірде.
– Балаларымды қазақ сыныбына беруді жүрегіммен қаладым. Себебі, ең алдымен ұрпағым өз тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі тиіс деп ойлаймын. Қазақша білім алған бала салт-дәстүрін, тарихын тереңірек біледі, өз болашағын туған елімен байланыстырады. Сонымен қатар қазір қазақ мектептерінде білім сапасы жоғары, мұғалімдер де жаңа әдістемелерді қолдануда. Қазақша үздік оқыған бала ертеңгі күні орыс тілін де, ағылшын тілін де меңгеріп алады, бірақ ана тілін толық үйреніп үлгермесе, кейін кеш болады. Сондықтан ең дұрысы бастауыштан бастап қазақ сыныбында оқыту қажет деп ойлаймын. Мен үшін ең дұрыс таңдау осы, – дейді үш баланың анасы Анар Байымбетқызы .
Ал балаларының орыс тілінде білім алғанын қалайтын Берік Сарқұлов есімді азамат былай дейді:
– Балаларымды орыс сыныбына беруді жөн көрдім. Себебі қазіргі таңда орыс тілі ғылым мен техниканың, жаңа ақпараттың негізгі кілті. Университеттердің көбі орыс тілінде білім береді, кәсіби әдебиеттердің де басым бөлігі осы тілде. Әрине, қазақ тілі мемлекеттік тіл, оны үйрену – парыз. Бірақ біз секілді толықтай қазақы өңірде өсіп жатқан бала ана тілін ешқашан ұмытпайды. Орыс тілін меңгерсе өздеріне мүмкіндік молаяды. Болашақта сапалы білім алып, шетелде оқып, әлемдік ғылымға араласуы үшін орыс тілін еркін меңгергені маңызды деп есептеймін. Қазақ тілін отбасында да, қоғамда да меңгеруге толық мүмкіндік бар. Ал орыс тіліндегі мектеп оған болашақта кең жол ашады деген сенімдемін, – дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары баласын қазақ мектебіне беруді жөн көретін ата-аналар саны артқан. Өйткені қазақ мектептерінің деңгейі көтерілді, ұстаздар құрамы нығайды, оқулықтар сапасы жақсарды. Сонымен қатар қазақ тілін білмейінше мемлекеттік қызметке тұру да, қоғамда беделді болу да қиындай бастағанын халық жақсы түсінуде.
Бүгінде әлемнің дамыған елдерінде балалар өз ана тілін жақсы меңгеріп, сонымен қатар бірнеше шет тілін еркін қолданады. Мысалы, Еуропа елдерінің көпшілігінде бір бала үш-төрт тілді қатар үйреніп шығады. Біздің балаларымыз да бәсекеге қабілетті болу үшін бірнеше тілді меңгерсек артық болмайтыны анық.
Әрине, әр отбасының жағдайы, мүмкіндігі, көзқарасы әртүрлі. Дегенмен, қай тілде білім берсек те, баланың ұлттық болмысынан ажырап қалмауын қадағалау әр ата-ананың басты міндеті. Тіл – болашақтың кілті. Сондықтан ата-ана баласын қай тілде оқытамын десе де, ең алдымен оған сапалы білім беріп, бала бойына ізгі тәрбие сіңіруді мақсат етуі тиіс. Үлгілі тәрбиелеген көп тіл үйрену бір-бірін толықтыратын процесс. Ана тілін ардақтап, өзге тілдерді де игерген бала – ХХІ ғасырдың нағыз көшбасшысы болмақ.
Айсұлу Алданазар




