Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Руханиатқа жол ашқан фестиваль

Руханиатқа жол ашқан фестиваль


Бүгінгідей ақпарат тасқыны заманында кітаптің қадір-қасиетін насихаттау аса маңызды. Осы орайда, дәстүрден жаңылмай жыл сайын еліміздің түпкір-түкпірінде «KitapTime» республикалық фестивалі ұйымдастырылып келеді. Соның бір айғағы Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапханада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «KitapTime – 2025» жалпы республикалық кітап фестивалі жоғары деңгейде өтті.


Фестивальге студенттер, кітапханашылар, түрлі мекемелердің қызметкерлері, мектеп ұстаздары, оқушылар мен аудан тұрғындары қатысты.
Рухани кештің тізгінін ұстаған оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жайдар Аюпова «100 кітап» жобасының негізгі мақсатын түсіндіріп, бұл бастаманың жастардың рухани дамуына қосатын үлесі үлкен екендігін атап өтті.
– «100 кітап» тек бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да рухани дамуына алтын көпір. Кітап оқу мәдениетін насихаттау арқылы біз жастардың дүниетанымын кеңейтіп, олардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз, – деді ол.
Сондай-ақ фестиваль аясында «100 кітап – 100 тағдыр» атты мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ және әлем әдебиетінің алтын қорына енген таңдаулы шығармалар қойылды. Олардың арасында «100 кітап» тізіміне енген жерлес жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетовтың кітаптары да бар. Бұл жөнінде арнайы тоқталған жүргізуші:
–Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» атты шығармасы ауыл тіршілігін, қазақтың қарапайым тұрмысын, халықтық әл-ауқатын бірде күлдіріп, бірде мұңайта отырып шебер суреттейді. Бұл туындыны оқыған әрбір жан қазақы болмыс пен мінезді, тұрмыстың шынайы қырларын айқын сезінеді, – деді ол. Фестивальде шығарманың мән-маңызы жайлы арнайы пікірлер айтылып, жастарға ұсынылды.
Сонымен қоса шараға арнайы келген аудан тұрғындары рухани кештен алған ой-пікірлерімен бөлісті.
– Мұндай шаралар бізге ерекше рух береді. Кітаптың адам санасын тәрбиелеудегі рөлін ерекше. Әсіресе, жерлес жазушымыз Тыным­бай ағамыздың шығармасы тізімге енгеніне қуаныштымыз, – деді 8-сынып оқушысы Ерасыл Қайсарұлы.
Ал аудандық кітапхананың кітапханашысы Мақпал Қадірбергенова:
– «KitapTime» – халықты бір арнаға тоғыс­тыратын үлкен мереке. Бұл жерде жас та, кәрі де өзіне қажетті рухани азық таба алады. Біз осындай рухани шаралар арқылы кітапхананың тек кітап оқылатын орын ғана емес, мәдениеттің, руханияттың ордасы екені жайында оқырманға ой салуға тырысамыз, – деп пікір білдірді.
Иә, фестиваль аясында кеңінен сөз болған «100 кітап» жобасы бүгінгі қоғам үшін де аса өзекті бастама. Жобаның басты мақсаты – халықты, әсіресе жастарды кітап оқуға ынталандыру, ұлттық және әлемдік әдебиеттің ең үздік үлгілерін насихаттау. Өйткені, кітап – адамның жан серігі. Ол санаға сәуле құйып, ойды ұштайды, қиялды дамытады. Жобадағы әр шығарма – бір тағдыр, бір ғұмыр, бір әлем. Сондықтан «100 кітап» тек әдеби жоба емес, ұлттың рухани байлығының айнасы.

А.АЖАНХАНҚЫЗЫ
27 қыркүйек 2025 ж. 1 170 0