Егін жинау науқаны аяқталып келеді

Елімізде егін жинау науқаны аяқталып келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы егіннің 60-70 пайызы жиналды. Науқан оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Еліміздің солтүстік өңірлерінде күннің жауын-шашынды болуы және күрт суытып кетуі жұмыстың мерзімінде аяқталуы мен астық сапасына кедергі келтіруі мүмкіндігі көңілді күпті етіп отыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов сейсенбідегі мәжілісте осы бағытта жауапты азаматтардың есебін тыңдады. Ауа-райы жаңбырлы аймақтардың астықты кептіру аппаратымен қамтылу жағдайына ден қойып, нақты тапсырмалар берді.
Қазақстан Президенті Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарына аса маңыз берген болатын. Осы стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал ететін басты шарттардың бірі – егін орағын сапалы өткізу. Үкімет тарапынан егін жинау жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды.
Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кездесуде осы мәселені ерекше атап көрсетті.
«Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді өз дәрежесінде ұйымдастыру қажет. Қажетті көлемде вагондар паркін жұмылдыруды тапсырамын. Логистикада ешқандай іркіліс болмауға тиіс. Отандық өнімдердің ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге төтеп беруі үшін тауар өндірушілерге қолдау көрсетуіміз керек. Жүргізіліп жатқан жұмыстың барынша шынайылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Осы ретте климаттық тәуекелдерді болжау, өнімдер көлемін есептеу және нарықтық құнды бағалау кезінде цифрлық шешімдерді қолдануды кеңейту қажет. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні өнім мен техниканы сақтау процестерін оңтайландыруға бағыттау керек. Жалпы, цифрландыру тетіктері азық-түлік қорларын дәл уақтылы есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс» деді.
Биыл өңірімізде вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдауының арқасында көршілес мемлекеттермен қажетті су көлемін жеткізу бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданды. Премьер министр басқарған делегация аймағымызға арнайы келіп, шаруа жағдайын, егісті көрді. Су тапшылығын болдырмау шаралары, суару кезектілігі күндіз-түні бақылауда болды. Осы жұмыстардың нәтижесінде егіс алқаптарына қажетті су мерзімінде жеткізілді.
Биыл өңірімізде 189 мың 600 га ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 80 мың 900 га жерге егілді. Қазіргі таңда егілген 80 мың 900 га күріштің 38 мыңы 600 гектары орылып, орташа өнімділік гектарына 49,6 центнерді құрады. Ендігі мақсат – егілген өнімді агротехникалық талаптарға сай ысырапсыз жинап алу. Бұл жөнінде аймақ басшысы төрағалық еткен әкімдік мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың хабарламасында айтылды.
– Биыл облыс бойынша барлығы 189 мың 600 га ауылшаруашылық дақылдары, оның ішінде дәнді дақылдар 93 мың 100 га, майлы дақылдар 6 мың 400 га, мал азығындық дақылдар көлемі 72 мың 200 гектар мың жерге егілді. Биыл суды артық қажет етпейтін дақылдар көлемін ұлғайту бағытында мақсары, күнбағыс, соя дақылдарының көлемі 2242 гектарға артты. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында облыс шаруашылықтары 14 млрд теңге жеңілдетілген несие алды. Егін шаруашылығын қолдау бағытында 5 млрд 747 млн теңге субсидия қаралса, бөлінген қаржының 3 млрд 920 млн теңгесі, яғни 68 пайызы игерілді.
Машина-трактор паркін жаңалау бағытында биыл жалпы құны 3 млрд 898 млн теңгені құрайтын 133 дана ауылшаруашылық техникалары лизингке және несиеге алынды. Машина паркін жаңалау жұмысы 3 пайызға артты. Ораққа барлығы 4117 ауылшаруашылық техникалары қатысуда», – деді басқарма басшысы.
Күзгі егін жинау жұмысына мемлекет тарапынан 10 мың 400 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ол қазірде шаруашылықтарға 254 теңгеден жеткізілуде екен. Ерте егілген дақыл жиналып бітті. Негізгі далық күрішті жинау көлемі 47 пайыздан асты.
Облыс бойынша сыйымдылығы 539 мың тоннаны құрайтын 200-ден астам сақтау қоймалары бар» деді.
Енді өз ауданымыздағы жағдайға келсек, 2025 жылы аудан бойынша барлығы 35 453 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ауданда 7300 гектар жерге күріш егілген.
Бүгінге күнге негізгі дақыл – күріштің 4240 гектары орылып, 3 555 гектары бастырылды. Күріштің әр гектарынан орташа 50,3 цн өнім жиналды. 5 715 гектар жаңа жоңышқаның әр гектарынан 10 цн, 13 278 гектар ескі жоңышқаның әр гектарынан 29 цн өнім жиналған. 2 158,4 гектар мақсары дақылының әір гектарынан 14 цн өнім жиналса 874 гектар дәндік жүгерінің әр гектарынан 30,2 цн, 362 гектар көкөністің әір гектарынан 208 цн, 1 347 гектар бақша дақылының әр гектарынан 297,6 цн өнім алынды.
Баян ҮСЕЙІНОВА




