Бата алған – арымас

Отбасын құру – адам өміріндегі ең маңызды кезеңнің бірі. Бұл тек екі жастың бір-біріне қосылуы емес, жаңа ұрпақтың, жаңа әулеттің бастамасы. Отбасы – қоғамның ең кіші, бірақ ең басты ұясы. Отбасы күніне арналған апталық жоспар аясында Жаңақорған аудандық АХАТ бөлімінің неке қию залында ерекше мазмұндағы салтанатты шара өтті.
Іс-шара барысында бір-біріне адалдыққа ант берген жас жұбайлардың некесі қиылып, оларға неке қию туралы куәліктері салтанатты түрде табысталды. Жаңа өмірге қадам басқан жас отауларға еңбек және тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Шайдарбек қажы Әшімұлы жүрекжарды тілегін айтты.
– Жас жұбайлардың бір-бірін түсінуі, құрметтеуі, қолдауы – берік отбасының басты кепілі. Отбасын құру – тек бақытты сәттерді бірге өткізу емес, қиындықтарды да бірлесе еңсеру. Отбасы – баланың алғашқы мектебі. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты, әдептілікті, еңбексүйгіштікті сіңіру – ата-ананың міндеті. Сондықтан осындай халықтық қағиданы қаперге ұстаған жастардың отауы берік болады, – деп, екі жасқа ақ батасын берді.
Жиында Батыр ана, ардагер ұстаз Зүбайда Абылайқызы жастарға ақ тілегін жеткізді.
Сонымен қатар дүние есігін ашқан сәбилердің ата-аналарына туу туралы куәліктері табысталса, ұзақ жылдар адал еңбегімен елге үлгі болған ардақты жандарға зейнеткерлік куәліктері тапсырылды. Бұл тағылымды сәт ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.
Шара мерекелік ән-шашумен өрнектеліп, қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар ұсынылды.
Қорытындылай айтқанда, отбасы – тек екі адамның қосылуы емес, ол – өмірлік серіктестік, ортақ мақсат пен мүдде, болашаққа бірге қадам басу дер едік. Тәлімі терең көпшілік шарада ұлттық құндылықтың қайнар көзі ұрпақ сабақтастығында жатқанын терең ұғындық.
Мақпал МАРҚАБАЙ




