Ана тілім – айбарым

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру саясаты, жалпы ана тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Нәтижесінде ұзақ жылдар құрсауда қалған туған тілімізге жан бітті, еңсесі көтерілді. Әлі де тіліміз үшін күрес жалғасуда. Апта басында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қоғамда қазақ тіліне деген құрметті қалыптастыру және тілге қатысты шығармашылыққа қолдау көрсету мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» тақырыбында мақалалалар байқауы жарияланған болатын. Төл басылымның барлық тілшілер қауымы бақтарын сынап көрді.
Байқау ережесінде көрсетілгендей, тілшілер арасындағы байқаудың негізгі мақсаты – қазақ тілді контентті арттыра отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Аудандық байқау болғандықтан тек журналистер қауымы бақ сынап, әділ қазылар алқасына төл шығармаларын ұсынды.
Тақырыпқа сәйкестік, қамтылған ақпараттың нақтылығы мен шынайылығы, мәселені талдау тереңдігі, жеткізу шеберлігі сынды критерийлермен қазылар алқасы ортақ шешім шығарды. Ардагер қаламгер Пахмадин Айнақожаев, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының» КММ-нің Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік тіл орталығының мемлекеттік оқытушысы Айгүл Төлепбергенова және қазылар алқасының төрағасы, М.Көкенов атындағы өнер мектебінің меңгерушісі Уәли Ибрагимов қатысушыларды сыннан өткізді.
Сонымен үшінші орынмен студент әрі практикант Назерке Мамат пен Жамила Ермахан және Айсұлу Алданазар марапатталды. Екінші орынға Мақпал Пәтенованың, бірінші орынға Әсел Рзаеваның мақаласы лайықты деп танылды. Бас жүлде Әли Темірбекке бұйырды. Әділ қазылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, дәстүрлі байқау жалғасын тауып, айбарлы тілдің мәртебесі асқақтай беруіне тілеулестік білдірдік. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұған дейін де тіл мәртебесін көтеру бағытында түрлі байқаулар мен рухани шаралар өткізіп келеді.
Сөз соңында, тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам болмайсың. Тіл тағдыры – елдің тағдыры. Әр адам ана тілін біліп, оны құрметтеуге міндетті дегіміз келеді.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ