ӘЙЕЛМЕН ӘЛЕМ ЖАРЫҚ

Қоғамдағы әйелдердің, оның ішінде аналардың орны мен рөлін айшықтау және түйткілді мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында Руханият орталығында кент, ауылдық округтерінің белсенді аналары басқосты. Семинарға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова қатысып, әйелдер кеңесінің белсенділігін арттыру тақырыбын тарқатты.
– Біздің мақсатымыз – әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, кәсіби жетілдіру және отбасы ынтымағын арттыру. Бүгінгі семинарымызда ауылдық әйелдер кеңесінің жұмысын жүйелеу, әрі оларға бағыт-бағдар беру, – деп атап өтті. Сондай-ақ, ол аудандық әйелдер кеңесінің жыл бойы атқарып жатқан жұмыстарына талдау жасады.
Кеңестің қызметі нәзік жандылар арасында кәсіпкерліктің дамуына, отбасы институтын нығайту, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен балалар құқығын және денсаулығын қорғау бағытындағы маңызды істерді ілгерлетуге бағытталған.
– Бүгінде әйелдер қауымдастығы аудандағы отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, тұрғындар арасында азаматтық белсенділікті және шығармашылық бастамаларды қолдау, консультациялық мақсаттарға қол жеткізу мен азаматтық қоғам қағидаттарын жүзеге асыруда әріптестікті дамытуға қолдау көрсетуді ұйымдастырып келеді. Мәселен, бірлестік мүшелерінің қатысуымен білім ордаларында түрлі тәрбие сағаттары, көшбасшы әйелдер мектебінің дәрістері, сондай-ақ «Ана әлдиі» облыстық видеоролик байқауы, «Алтын белгі» иегерлерінің аналарын марапаттау кештері өткізілсе, өңірімізді көгалдандыруға бағытталған игі істі жалғастыру мақсатында бірлестіктің ұйымдастыруымен Жаңақорған кентінде орналасқан Тәуелсіздік көшесінде ағаш отырғызылды, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Акмарал Маликова.
Айта кету керек, «Жаңақорған аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жоспарына сәйкес еліміздің егемендік алуы жолында ерлермен бірге аянбай жұмыс істеп, ұғынықты ұрпақ тәрбиелей білген ардақты аналардың еңбегін насихаттау жолға қойылған. Негізгі мақсаты елге еңбек сіңірген, белсенді мүшелерін жас ұрпаққа үлгі болатындай дәріптеу болып табылады. Осы істің бастамасы ретінде сол кісілердің еңбек жолын, отбасын әлеуметтік желілерде жариялау арқылы насихаттау жұмыстары қолға алынды.
Семинарда бірлестік төрайымы алдағы жылғы жұмыс жоспарымен таныстырып, барлық әйелдер қауымын ортақ іске бірігуге шақырды. Ауданда құрылып жатқан жаңа бірлестіктер төрайымдары мен қоғам белсенділері пікірлерін білдіріп, ортақ іске біреге жұмыс атқарудың маңызына мән берілді.
Семинарға қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.
Диана ЕРГЕШБАЙ