» » Кісіні көріктендіретін – еңбегі

Кісіні көріктендіретін – еңбегі


Орталыққа бармақ болып, көшеаралық автобусқа отырдым. Менің келе жатқанымды көріп аялдаған автобус жүргізушісіне рахметімді айтып, батамды жаулдырып жатырмын. «Жүздің жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген, жайғасып алған соң жағдай сұрасуға көштім. «Аты-жөнім Қоймағанбетов Василий, көп жылдар көшералық маршрутта еңбек етіп келемін» деді ол. Алпысты алқымдаған ақсары азаматтың өңі жылы, жүзінен иман төгіліп тұрғандай. Қызметін соншалықты тиянақты атқаратыны көрініп тұр, әр аялдамада тоқтағанында жолакушылармен жылы амандасып, барынша жайлы жағдай қалыптастыруға тырысып-ақ келеді. Жүргізушіге жолаушылар да дән риза. Жолақысын ынты-шынтымен ұсынып, алғыстарын айтып түсіп жатыр.


Осы бір қарапайым еңбек адамына көңілім құлап, өзімен тереңірек тілдескенімде түйгенім, өзі ақтөбелік азамат екен. Жігіт шағында Жаңақорған санаториясына жол түсіп, біраз күн осында болғанында сунақтың сұлу қызына көзі түсіп, жүрегін ұсынады. Екеуі бас қосып, жарасымды отбасын құрады. Құп. Тоқсаныншы жылдардың қиындығына тап келгенде күнкөріске жайлы, табиғаты жаймашуақ Жаңақорған жерінен кәсіп тапқан екен. Негізгі мамандығы тепловоз машинисі болғанымен, автомашина жүргізушілігінен қол үзбей келе жатқанына қырық жылға жуықтапты.
Өмірдің жолы бұралаң, сүйіп қосылған жары Зүбайрадан мезгілсіз көз жазып, соңында жаутаңдап қала берген бес ұл-қызды екінші үйленген жары Мереке екеуі қиындықпен жүріп жетілдіргендерін де жасырмады. Қазір ұл мен келіннің қолында немерелер қызығына кенеліп отырған жайлары бар.
Адал еңбекті пір тұтумен қатар рамазан айында ауыз бекітіп, бес уақыт намазын қаза жібермей, мұсылмандық парыз амалдарын мінсіз орындап келе жатқан жанға бұл да үлкен таяныш, сүйеу, рухани тірек екенін жасырмады. Осы тұста көкейімізле көлденеңдеген сауалымызды бүгіп қалмадық. «Есіміңді Василий деп неге қойған? Орыс ұлтына қандай қатысың бар?» дедім. Сөйтсем, ата-анасы мұның алдындағы балалары шетіней берген соң бөтен есімді қойса тоқтайды деген ырыммен осылай атаған көрінеді. Василийдің артынан іні-қарындастар еріп, өсіп-өнуде екенін айтты. Әп-сәтте көлікпен межелі жеріме жетіп қош айтысып түсіп қалдым. Көңілімде жып-жылы әсер қалды.
Орталыққа келген шаруаларымды реттеп, аялдамада көлік күтіп тұр едім, таңертеңгі мінген №3 автобусым тағы да алдыма көсе-көлденең тұра қалды. Иә, менің кейіпкерім осылай құлқынсәріден көз байланғанша кенттің о шеті мен бұ шетіне сан рет қатынап, тұрғындарға қызмет жасайды. Арасында аяғыңды жерге тигізбей іліп ап кететін таксилермен жарысуға тура келеді. Бірақ жеңіл көліктер аз емес, олардың жұмысына жел беріп қойған қалтасы қалыңдар автобус күтіп тұрғысы келмейтіні де шындық.
Кенттегі Арасат Фейзулдаев көшесіндегі аялдамама келгенде көліктен түсіп, жаңа танысқан азаматпен бұрыннан жақын адамдай қол бұлғап қоштасып қалдым. Кісіні көріктендіретін - еңбегі. Әрбір жан көпке осындай кішіпейілді болса , еліне, халқына адал қызмет етсе, адал табыс тапса абыройлы болмақ. Өз жұмысын сүйетін, көпшілікке сапалы қызметін ұсынып жүрген қарапайым еңбек адамын басқаларға үлгі етіп, мерейін үстем еткім келді. Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы осындай жандардың қажырлы еңбегіне қоғамның құрметін еселеу ниетінен туындаса керек. Ғаламды, жұмыр жерді ұстап тұрған осындай қарапайым, иманды, адал еңбек адамдары жасай берсін!

Ерғали Оразбеков,
Еңбек ардагері,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы

14 сәуір 2025 ж. 133 0