Мамандық таңдау – арманыңа самғау

Өзгент ауылындағы білім ордасында жоғары сынып оқушыларының ұйытқы болуымен керемет кештің куәсі болдық. Болашағын түрлі мамандықпен байланыстырғысы келетін биылғы түлектер ауыл мектебінен түлеп ұшып, әр саланың тізгінін ұстаған аға буынмен кездесу ұйымдастыруды дсәтүрге айналдырыпты. Бүгінгі тағылымды кездесу қонағы осы мектептің қарлығашы Нариман Жакудаев болды. Алғаш әріп үйреніп, ұстаз алдынан өткен, 11 жыл қанатын қатайтып, қырандай биіктеткен алтын ұясына еркелеп емес, есейіп, ер жетіп, қонақ ретінде келген Нариман Үсенұлы ізінен ерген іні-қарындастарына ағалық кеңесін айтты.
Мектебімізде өткен «Жігітті жігерінен таны» тақырыбындағы кештің мақсаты – оқушы бойында мамандық таңдау, оның адам өмірінде алатын орны, әр мамандық иесіне тән қасиеттер мен ерекшеліктер, жетістікке жету жолдары туралы білімдерін кеңейту болды. «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артында» деп Сәбит Дөнентаев айтқандай, шәкірттеріміз мектебіміздің түлегі Нариман Үсенұлының тағылымды жолынан сыр түйді.
Шараны тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Шаменов ұйымдастырды.
Кездесуді мектеп директоры Медет Скаков ашып, ізгі ілтипатын білдірді. Одан әрі кеш әнмен әрленіп, бимен түрленді. Арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, кейіпкеріміз жөнінде аудандағы білім қызметкерлерінің жылы лебіздеріне кезек берілді. Зинара Ерланқызы арнауын арнап, ыстық ықыласын жеткізді. Мектебіміздегі жаны жырға жақын жас ақындарымыз ұстазға арнап өлең жолдарын оқып берді.
Енді кейіпкеріміз туралы қысқаша тоқтала кетейік. Нариман Үсенұлы №224 Өзгент орта мектебін 2009 жылы бітірді. Мектепте жүріп-ақ қоғамдық жұмысқа білек сыбана кірісіп, көзге түсе бастайды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, алғашқы жылдарында белсенді студент атанады. 2009-2011 жылдары оқу орнының қолдауымен облыстық және республикалық дебаттарға қатысып, білімін одан әрі шыңдай түседі. Жоғары оқу орнын 2013 жылы география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, 2014 жылы туған ауылына ұстаз болып оралады. 2015 жылы қазіргі «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының консультанты қызметін атқарып, мол тәжірибе жниақтайды. 2018 жылы Ақсуат ауылындағы №245 жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Қазіргі уақытта №221 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры. Жары Гүлфайруз екеуі бір, үш қыз тәрбиелеп отыр. Ардақты әке, адал жар, оның еңбек жолынан жас буын өнеге өрбітіп, ізінен ергісі келетіндер аз емес. Бүгінгі сырлы сұхбатта осыны аңғардық.
«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, бүгін осы кешке қатысып отырған барлық оқушыларға өмірден таңдаған мамандықтарыңыздың жемісін көріп, игіліктеріңізге пайдалана беріңіздер демекпіз.
Мақала соңын Зинара Ерланқызының арнауымен түйіндейік:
“Тектіні ел таныған ықылымнан,
Қай кезде де жұртының құты болған.
Биік қояр бәрінен сөз қадірін,
Сыр түйген жақсылардың тұқымынан.
...Білімнің, идеяның тапқырысың,
Отбасың өмірдегі бақ, ырысың,
Жасыңнан білім іздеп, еңбектендің,.
Данасың, дара жолдың авторысың!”
Бақытгул ШАНИЯРҚЫЗЫ,
сынып жетекші