№24 (8838) 5

05 сәуір 2025 ж.

№23 (8837) 1

01 сәуір 2025 ж.

№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ ҚОЛЖАУЛЫҚ ЕМЕС

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ ҚОЛЖАУЛЫҚ ЕМЕС


Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру екені даусыз. Халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында 2019 жылдан бастап осал топтағы азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді. Шағын кәсіпкерлікті тұралатып тұрған тұсы «қайтарымсыз грант алып беремін» деп елді несібесінен қағып жүргендер айылын жияр емес. Бұл туралы сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бір жылдық сараптамасында не дейді? Біздің аудандағы ахуал қалай?


Қазақстан Республикасы сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамені әлеуметтік қолдау саласындағы алаяқтық деректеріне зерделеу жүргізді. Облыс көлемінде «қайтарымсыз қаржы алып беремін» деп алаяқтық әрекет еткен 141 іс тіркелген. Жәбірленушілер 160 017 458 теңге шығын келтіргенін дәлелдеген. Оның біршамасы біздің аудан төңірегінде орын алғаны белгілі болды.
Еліміздегі айтулы оқиғаларға орай өткен жылы қайтарымсыз қаржы алушылар екі лекпен ғана топтастырып қарастырғанымен өтініш берушілердің тең жартысы қомақты қаражатқа ие болды. Бұл туралы Мансап орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбеков тарқатты.
–Өткен жылы грант ережесіне сай 2 лекпен талапкерлердің өтініштері қаралды. Бірінші лекте 163 өтініштің 82-і қолдау тапты. Екінші лекте 193 өтініш келіп, 84-і қолдау тапты, – деді ол.
Орталық басшысы қайтарымсыз қаржы алушыларға алаяқтықтан сақтану керектігін сөз етті. «Белгілі лауазымды тұлғалардың атын жамылып, не болмаса дерексіз-дәйексіз жағдаяттар айтып, сенімге кіріп, қыруар қаржы жымқырғандар жазадан құтылмайды. Сондықтан әр талапкер ең алдымен өзінің бизнес сауаттылығын арттырып, жүйелі жұмыс бастауы керек» екенін тілге тиек етті. Сондықтан әр талапкер өзінің жігерін оятып, сыбайластық жемқорлыққа жол бермегені жөн.
Бизнес-идеяны жүзеге асыру мақсатында қайтарымсыз несиеге алушыларға мынадай талап қойылады. Біріншіден, жұмыссыз және соңғы үш жылдан аспаған мерзімде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуыңыз шарт. Өтініш берушілер көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, «қандас» мәртебесі бар адамдар, аз қамтылған отбасы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедекті тәрбиелеуші санатындағы тұлғалардан болуы тиіс. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификатының үш жылдан аспаған мерзімде болуы да негізгі шарттардың бірі.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз негіздегі несиенің биылғы жылға жоспарланған жалпы сомасы 400 айлық есептік көрсеткіш негізінде 1 476 800 теңгені құрады. Жалпы, ауданымыз бойынша 2024 жылғы қайтарымсыз несиеден үміт еткендердің елу пайыздан жоғарысы мал шаруашылығы және мал бордақылау кәсібін негізге алып, осы салаға байланысты жеке бизнес жоспарларын ұсынды. Десек те, бұл саланы басты бағытқа алғандардың қатарында қайтарымсыз несиені жеңіп алғандар жоқтың қасы. Өйткені бұл жоба бойынша өткен жылдары грант алғандар көп болды. Бизнес жоба қорғаушылардың қатарында ерекше бағытты қолға алған азаматтар да болды. Айрықша атап өтсек, «Гидромассаж», «Гидропоника», «косметология» секілді бұрын соңды қорғалмаған кәсіп түрлері талқыға түсті. Сондай-ақ, «Клинингтік қызмет көрсету» орталығы, «Массаж» кабинеті, «Ментальді арифметика» орталығы, «Евро жөндеу» орталығын ашуға талпынғандар елді елең еткізері рас.
«Бәрін айтта, бірін айт», бизнес идеялар қорғаушылар қатарында өзге мақсатты көксегендердің болғаны көңілге қаяу түсіреді. Мәселең, бір үйден бірнеше адам алғысы келетіндердің іс-әрекетінен мемлекет қаржысына жауапкершіліктің төмендігі аңғарылады. Ағайындылар арасындағы тартысты жағдайларға куә болдық. Тіпті бір ерлі-зайыптылардың мемлекет көмегін өз аттарына рәсімдеу жөнінде комиссия алдында тартысып тұрып алды. Мұндай отбасылар қалай кәсіп дөңгелетпек? Талқыға түскен бизнес жоспардың көбі қате жазылуы да іскер азаматтың қолын байлайды. Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында өз кәсібінің бизнес жоспарын сауатты жазуға қабылеті жете бермейтіндер бар. Олар компютерлік орталықтарда жаздырып, әрі электронды қолтаңба арқылы онлайн өтініш береді. Өзінің сауаты жете бермегендіктен кейбір қателіктерді аңғара бермейді. Соның салдарынан бизнес жоспарда кәсіп иесінің аты-жөні қате жазылуы, мерзімнің дұрыс көрсетілмеуі, қаржы есебінің қателігі секілді жайсыздықтар орын алады. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбаев жобаға қатысушылардың жиі жіберетін қателіктерін тізіп берді.
– Бизнес жоспар деген бизнес-идеяның қаптамасы. Ол әдемі, ұнамды, ішіндегі ақпараты нақты, мәтіні түсінікті болуы керек. Мәтін жазғанда ғылыми терминдерді көп қолданбаған абзал. Бизнес жоспар дайындағанда 4 негізгі назарға алу керек: көпшілікті қызықтыру, маркетингтік немесе сату жоспары, қаржылық көрсеткіш пен тәуекел. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қаржыландыру берілетін болса, бизнес-идеяның әлеуметтік-экономикалық негіздемесі көрсетілуі керек, – деді ол.
Шындығында, 2019 жылдан бері осы қателіктер әлі де тиылмай келе жатқаны көпшіліктің қайтарымсыз қаржыны қалай алу керектігі жөнінде толық сауатының жоқтығын білдіреді. «Бармақ басты, көз қысты» іс-әрекетке бейімділік берекеге батамайтыны анық. Қысқасы, қайтарымсыз қаржы игеруге де сауаттылық пен салмақты жауапкершілік керек екенін тағы да бір ескерткіміз келеді.

Мақпал МАРҚАБАЙ

05 сәуір 2025 ж. 147 0