Соңғы жаңалықтар

№35 (8849) 13

13 мамыр 2025 ж.

№34 (8848) 10

10 мамыр 2025 ж.

№33 (8847) 6

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » ҚАЙРАТКЕРДІ ЖЫРҒА ҚОСТЫ АҚЫНДАР

ҚАЙРАТКЕРДІ ЖЫРҒА ҚОСТЫ АҚЫНДАР

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев егер тірі болғанда биыл  72 жасқа толар еді.  Ел үшін ерен еңбек еткен ерлердің есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухтатәрбиелейміз.  Қайраткер тұлғаның мағыналы өмірінде атқарып кеткен істері, адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен  адал қызметі ізінен ерген ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бердібек Машбекұлыныңұлағатты ғұмырын жас ұрпаққа ұлықтау мақсатында аудан, облыс, республика көлемінде түрлі тағылымдық-тәрбиелік шаралардыңөткізілуі осы мақсаттан туып отыр.
Жұма күні аудан әкімінің қолдауы мен аудандық мәдениет және тілдер бөлімінің ұйымдастыруымен Машбек Нәлібаев ауылдық клубында «Кемел елдің кемеңгері» деген тақырыпта арнау айтушы ақындардың облыстық жыр сайысы өтті. Өнер сайысына жеті талапкер қатысып бағын сынады.
Аудан басшылығы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, шығармашылық өкілдері және жергілікті халықты құрайтын көрермен алдымен фойеде жасақталған көрмемен танысты. Онда Бердібек Машбекұлы туралы «Естеліктер мен фотосуреттер», 2024 жылы жарық көрген «Берен де ерен Бердібек» атты естеліктер жинағы, Бекеңнің ұлы Бауыржанға арнап жазған төл туындысы «Сағымға айналған сағыныш» кітабы, өзінің қызмет бабындағы іс-тәжірибелерінен түйген тұжырымдамалары,  адами қарым-қатынастағы психологиялық иірімдерден тұратын «Региономика: Қылқаламмен басқару» сынды кітаптары қатар түзепті. Сонымен қатар күнделікті мерзімді басылымдарға шыққан туындылары да қойылыпты. Бұл туралы толықтай ауыл кітапханашысы Жансая Дүкенбай жан-жақты баяндап берді.
Өнер сайысының шымылдығын түрген аудан әкімі Мажит Самитұлының лебізі төмендегіше өрілді:
«Жүсіп Баласағұн «Адамның мәңгі болмағы – оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» дейді. Өз заманының заңғар тұлғасына айналған, табиғат ерек жаратқан қабілет-қарымымен тағдырлы тәуелсіздігіне ие болған туған халқын  талай тар жол, тайғақ кешулерден алып шыққан ардақты ағамыздың есімін жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.
Соңына қалдырған өшпестей іздерімен көп көңілінің төрінен орын алған аяулы тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат», «Құрмет» , 1 дәрежелі «Барыс» ордені, Ресей Федерациясының  «Достық» ордені иегері Бердібек Сапарбаевтың өнегелі өмір жолына арналған «Кемел елдің кемеңгері» атты облыстық арнау айтушылар байқауына хош келдіңіздер. Байқау шарты бойынша 20 мен 40 жас арасындағы сөз зергерлері өрген өрнекті тізбектерде туған жер түлегінің тұла бойына тұнған асқақ болмысы ажарланып, сан қырлы табиғаты ойлы тіркестер арқылы тірі тарих түзеді   деген үміттеміз.
Ақынның арнауы – жай ғана жыр сайысы емес, жалқы сөзбен жан түкпірінің жұмбағын жарқырата ашар тылсымның тынысын тірілтер құдіретке ие жүректің сөзін жеткізсе керек. Олай болса, жыр додасында бағын сынағалы келген талапкерлеріміздің шабысына шабыт тілеймін» деді.
Жыр сайысына  Қазалы ауданынан Серіков Бекзат Толыбайұлы, Қармақшы ауданынан  ақын Тұрар Бекмұрзаев, Қызылжарма ауылынан  Айбек Дүйсенғалиұлы, Сырдария ауданынан Бақтөре Айтбаев, Шиелі ауданынан Әмір Ержан Әбутәліпұлы, Жаңақорған ауданынан Қанат  Жандабаев пен Қожакент ауылынан Нұрберген Арыстанбекұлы қатысты.
Қазылар алқасының құрамында ҚР мәдениет саласының  үздігі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағыҚызылорда  облыстық филиалы ақылдастар алқасының төрағасы Серік Ыдырысов, «Ерен еңбегі үшін» медалі иегері Кенжебай Жүсіпов,  ҚР Мәдениет саласы үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбілқайыр Сыздықовтар болды.
Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында бес облысты басқарған тұлға, халықшыл азамат, қиын-қыстау кезеңде қайраткерлік болмысын қару етіп, адал қызмет атқарған Бердібек аға туралы сәтті жыр жолдарын өрген қазалылық ақын Бекзат Толыбайұлы бұл ауылға бір күн бұрын келіп ел-жұртпен етене танысқанын айта келе:
«Еңбегін  ел білген соң осы өңірде,
Машбектей текті атаның аты қалған.
Егістігі жайқалып атырапта,
Қиналмай шыққан елі тоқыраудан.
Бердібек атамыздың бала шағы,
көзіме көрінердей осы маңнан» деп жырға қосып, одан әрі:
«Ақтарсақ, саралы сөз ой дәптерін,
Тұлғаның тереңіне бойлап көргін.
Бес бірдей облысқа әкім болып,
Рухани байытты байрақты елін» деп кезінде «кризис-менеджер» атанған қайраткердің батылдықпен қабылдаған тарихи шешімдерін көркем сөзбен тізбектеп берді.  
Мұнан кейін сахнаға Қармақшы ауданының туын көтеріп келген Тұрар Бекмұрзаев шығып, қоңыр сазды өлеңін мәнерлеп бастап кетті. Туасы, кісінің өлеңінде оның мінезі жатады. Жәй уақытта да бос сөзге жоқ, тұнжыр жанар, тұнық ойлы Тұрар ақынның  жан тазалығын тұмар еткен жыр жолдары ақ жүректен шыққан шынайы әсерлілігімен көңілімізге қона қалды. Ол кеше ауылға кіреберісте ілінген қайраткер тұлға билбордына ұшырасқан сәттегі сезімін:
«Жанарыңнан жылылық сезіп тұрмын,
Қош келдің, төрлет, ұлым, деп тұрғандай –
ықылас ниетіне еріп тұрмын.
Бабамның топырағына табан тиіп,
ағамның құшағына еніп тұрмын» деп сәтті өрнектесе:
 «Алаштың ажар қосқан ажарына,
Қол артыпты бақыттың базарына.
Алақандай ауылда туып-өсіп,
Алатау тұлға болған қазағына» деп кейіпкерінің нақты бағасын берді.
Ә дегеннен Шиелі ауданынан келген өнерпаз Ержан Әбутәліпұлының аяқалысы бөлекше сезілді. Ол тұлға туған  топырақты кие тұтқан сөз маржанын төмендегіше термелетті:
«Атқамінер азамат болуыңа,
Жар қылыпты жасаған елді мына. 
Тұғырыңа балап ең сұлу Сырды,
Алты Алашқа белгілі тұлға қылды» деп термелей жөнелді.
Ақын арнауында ешқашанда кабинетте отырып мәселе шешпейтін басшы Бердібектің қасиетін жырға қоса келіп, бүгінгі ел басқарғандар арасында креслоқожайындар туралы да шенеп өтудің тәсілін: «Ауылдарды аралау былай тұрсын, жайбарақат шетелге ұшып жүрген. Таңғы асын Тайландта қошеметтеп, түскі асын Түркияда ішіп жүрген. Бекеңнің сол жандарға үлгі болсын, көрмейтіні туған жерін Мысырдан кем. Әкім тек ел басшысы ғана емес, қызметшісі екенін түсіндірген» деп әдемі өрнектеп өтті.
Сайыста екінші кезең шарты бойынша жеребе тартылып, әр ақын талайына түскен тақырып бойынша жырлап, суырып салма өнердегі шабыт өресімен таныла алды. 
Ақындар сайысының соңын ала байқауға қазылық еткен алқа төрағасы  Серік Махмұтұлы:
– Адам қайтқан күні ұмытылмайды. Ұмытылған күні ұмытылады. Өзі өмірден өткенімен өнегесімен да артында қалғандарға ғибраты асқан дана тұлғалар болады.
Бүгін қыстың ең соңғы күні ерекше жадыраған шуақты қаһарлы қыстың жоғалған күні, әруақ пен тірі қол алған күні, Машбек ауылы, Бердібегіңнің оралған күні» деп толғанды.
Ия, рухы шат болып, соңында қалған ойлы ұрпақтың перзенттік пейілі пейіште жанын тербесе-дағы өзі оралған жоқ еді. Ол ақиқатты  келесі кезекте шығып сөйлеген бауыры Айсара апаның сағыныш жасын әрең тежеп, тебірене сөйлеген жүрек сөзі тірілтті. Ол арнайы келген әлеуметке алғысын айтып, бүгінгі Арапаның күнінде Алладан  жақсылық күткен жұртшылық тілеуімен қоса қабат өтіп жатқан Бекеңді еске алу шарасын қайырлы нығметтің ишарасындай сезінген көңіл толқынысын жасырмады. Жарық ғұмырының тұтас бөлігін елім, жұртым деп қызмет қылып өткен жанды бұл да Тәңірдің хош көруі, рухы мың аунап жатқан шығар, соңы қайырлы, ұрпағы аман болсын деген ізгі тілегін жеткізді. Одан әрі мәслихат депутаты Әлібек Машбекұлы сөз алып, шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген аудан әкіміне, мәслихат хатшысына, аудандық мәдениет бөлімі басшылығына отбасы атынан ризашылығын білдірді.
Сайыс қорытындысында арнайы орынға ие болған жүлдегерлерге Нәлібаевтардың қаржылай демеушілігімендиплом және сый-сияпаттар тарту етілді.
Сонымен, бірінші орынға шиелілік Ержан Әбутәліпұлы ие болса, екінші орынға қармақшылық Тұрар Бекмұрзаев, үшінші орынға қазалылық Бекзат Серіков пен жаңақорғандық Қанат Жандабаев ие болды. Қалған ақындардың барлығы ынталандыру сыйлығына ие болды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
04 наурыз 2025 ж. 137 0