ДӘРІ - ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІНЕ МОНИТОРИНГ

Бүгін партияның Жаңақорған аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері аудан тұрғындарының қажетті дәрі-дәрмектермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуі мен емхананың жабдықталуына мониторинг жасау мақсатында Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханаға барды.
Атап өту керек, «AMANAT» партиясының 2023-2027 ж.ж. арналған Сайлауалды бағдарламасында азаматтардың медициналық көмекке қол жетімділігін арттыру қаралған. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар салу, медицина мамандарының тапшылығын болдырмау, сонымен бірге халықтың қажетті дәрі- дәрмекпен қамтамасыз етілуі де арнайы қарастырылып отыр.
Мониторинг барысында аудандық емханада қажетті дәрі – дәрмектердің жеткілікті және талапқа сай сақталып жабдықталуы анықталды.
Қазіргі таңда тұтынушылар «eGov mobile» мобильді қолданбасындағы «e-Densaulyq» сервисі арқылы QR-код көрсетіп, дәрі-дәрмекті ала алатындығын, «Бұл сервис пациенттерге дәрі-дәрмекті қағаз құжатын көрсетпей-ақ, рецепті бойынша алуға мүмкіндік беретіндігі анықталды. Яғни, науқастың сәйкестендіру QR коды арқылы жүзеге асырылады және медициналық көмектің ашықтығын қамтамасыз етіп, жалған позитив жағдайларды азайтады. Сонымен бірге, дәріханалар үшін рецепттерді тезірек және дәлірек өңдеуге, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың күту уақытын қысқартады», – дейді аудандық емхананың бас дәрігері Марат Ршымбаев.