№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Инвестиция және инфрақұрылым игілігі

Инвестиция және инфрақұрылым игілігі


Өткен апта соңында Премьер-министр Мемлекет басшысының еліміздің экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарау жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте биылдан бастап әрбір өңірде инвестицияның көлемін арттыру керектігін және инвесторларға кедергі болатын мәселелерді шешу жөнінде талқылаулар болды. Басты мақсат – ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу, сондай-ақ инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыру, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және капитал тарту жұмыстарын жандандыру үшін ықтимал шараларды қарастыру болды.

2024 жылы Қазақстанда 1,85 трлн теңгеге 230 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Инвестициялық штабтың жұмысы бір жыл ішінде жалпы құны 50 млрд доллардан асатын жоба­лар бойынша инвесторлардың 115 проблема­лық мәселесін жоюға мүмкіндік берген. Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын өндіруді және басқаларын қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтитын 12 млрд доллар инвестициялардың жалпы көлемі бар 20 стратегиялық жоба айқындалған.
Басқасын айтпағанда, былтыр Сыр өңірі үшін табысты жыл болғаны рас. Аймақ экономикасының дамуын айқындайтын негізгі макрокөрсеткіш­тер бойынша оң динамика қалыптасты. Құры­лыс, өнеркәсіп, сауда, аграрлы салалардан бөлек инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Мәселен, экономиканы әртараптандыру мақсатында былтыр құны 37 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жоба жүзеге асты. Биыл 288,6 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асады деп жоспарлануда. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов мәлім етті.
– 2025-2029 жылдары аймақта құны 1,8 трлн теңге болатын 66 инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Қазақстан-Германия, Қазақстан-Корея форумдары аясында қол қойылған меморан­думдарға сәйкес биылғы жылы «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн дана шыны бөтелкелерін шығаратын және кореялық «Уиз-Ю» компаниясымен тұрмыстық қалдықтар өңдейтін зауыттарының құрылыстары басталады. «Қызылорда Саз-М» серіктестігі жылына 90 млн дана заманауи кірпіш шығаратын зауыттың құрылысын биыл аяқтап, пайдалануға беретін болады, – деді Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов.
Енді ауданға келсек, былтыр Сыр жұртын алма өнімімен қамтасыз ете алатын бақтың жұмысы жанданды. Мұндай инвестиция бұрын-соңды аудан аумағында болмағаны рас. Тау етегіндегі алма баққа қомақты қаржы жұмсалды, қаншама тұрғын жұмыспен қамтылды. Ол еңбектің жемісін жедік. Алдағы уақытта өңір нарығын отандық өнім басады деген сенім бар. Өйткені, алма өндірісі тек Жаңақорғанда ғана емес, аймақ бойынша бірнеше аудандарда бар.
Инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалмайды. Бұл іске инвестиция тарту оңай шаруа емес. Десе де, биыл өңір экономикасында бұл салаға өте көп көңіл бөлінгелі тұр. «Газбен қамту қазір 78 пайызды құраса, жыл аяғына дейін 82 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Былтыр облыс көлемінде бюджет есебінен 504 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан бөлек тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін 1948 пәтер табысталды. Баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 121 пәтер берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2024 жылы 11,2 млрд теңге бөлініп, 39 ауылда 71 жоба жүзеге асырылды. Атап өтерлігі, өткен жылы облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Оның 55 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды», – деді әкім орынбасары Данияр Еренғалиұлы.
Биылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістер сатып алу процесінің ашықтығын арттыруға, тиімділігін жоғарылатуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
– Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана іске қосылды. Ал Шиелі және Арал аудандарында 30 төсектік инфекциялық бөлімшелер құрылысы және Жаңақорған, Шиеліде көпбейінді аурухананың қосымша құрылысы басталды, – деді ол.
Өңірдегі білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бұл санатта былтыр 69 нысан салынып, пайдалануға берілді. Биыл 30 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 27-сі жыл ішінде елдің игілігіне табысталмақ.
Міне, инфрақұрылым мен инвестиция туралы қысқаша атқарылған және алдағы жұмыстардың жобасы. Шыны керек, ел экономикасының өзегі инвестицияға тәуелді екені рас. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл былтырғымен салыстырғанда еселенеді деп күтілуде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 ақпан 2025 ж. 353 0