» » Мемлекет қазынасына салғырт қарауға болмайды

Мемлекет қазынасына салғырт қарауға болмайды


Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде салық түсімдері туралы мәселе талқыланды. 2024 жылы жергілікті бюджетке 158 млрд 175 млн теңге түсім түсіп жылдық жоспар 108,3 пайызға орындалды. Аймақ бюджеті негізінен заңды тұлғалар және жеке тұлғалардан түсетін салықтардан құралады. Жергілікті бюджеттің салық базаларын ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов баяндады.


– 2024 жылдың қорытындысымен кіріс көлемі 108,3 пайызға орындалды. 2023 жылғымен са­лыстырғанда 8,7 млрд теңгеге артты. Салық базасын кеңейтудің негізгі көзі ретінде салық төлеушілерді іріктеу, еңбекақы қоры мен жалдамалы жұмысшыларды түген­деу, жылжымайтын мүліктерді қайта бағалау жұмыстары атқарылуда. Соның нәтижесінде қазынаға 181 салық төлеушіден қосымша 4,4 млрд теңге салық түсті. Оның ішінде басқа өңірлерде тіркелген кәсіпкерлік субьектілерден 188 салық төлеуші есепке қойылып, жергілік­ті бюджетке қосымша 1 млрд теңге өндірілді. 2024 жылы аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктерінің жергілікті бюджетке барлығы 135 млрд теңгенің салығын түсіру міндеттемесі бойынша жалпы меже орындалды. Осы орайда жыл қорытындысымен белгіленгегн межеге жетпеген аудандар, атап айтқанда, Қазалы ауданы 651 млн теңгеге, Жалағаш ауданы 136 млн теңгеге, Сырдария 65,2 млн теңгеге және Қызылорда қаласы 2 млрд 171 млн теңгеге кем орындады. Аймақ басшысы жоғарыда аталып өткендей, салық базасын ұлғайту, кіріс көздері резервтерін анықтау бойынша тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді.
2023 жыл мен 2024 жылдың жартыжылды­ғын­да мемлекеттік бағдарламалар аясында 34,1 млрд теңге қаражатқа 6172 тұлға қол жеткізген. Жалған ақпар беріп, салық есептілігін мүлде табыс етпеген 279 азамат, нөлдік көрсеткіш­пен табысын жасырған 1451 адам анықталды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 1131 салық төлеуші 21 млрд 860 млн теңге қосымша салық есептілігін тапсырып бюджетке 794,5 млн теңге өндірілді.
2023 жылы ауыл шаруашылығын қолдау мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстық бюджеттен 1227 салық төлеушіге 10 млрд 372 млн теңге көлемінде субсидия берілген. Өкініштісі, олардан өндірілген салық көлемі 517 млн теңгені ғана құрайды. Мемлекеттен субсидия алған 317 салық төлеуші табысын нөлдік көрсеткіш­пен ұсынып немесе есептілікті мүлде тапсыр­май салық түсірмеген. Осындай тұлғалармен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 161 салық төлеуші қосымша салық есептілігін тапсырған, сондай-ақ, мемлекеттен субсидия алып отырған 157 салық төлеушіден қаржы өндірілуі тиіс.
Облыс бойынша 624 балабақшаның 464-ін, немесе 74,3 пайызын зерттеу жұмысы нәти­же­сінде 11 жекеменшік балабақшаның ныса­налы мақсатты кәсіпкерлікке бейімделмегені анықталды.
Облыс әкімі өңірде бірқатар кәсіпкерлердің ғимараттардың бағалау құнын азайтып көрсетіп, тиісінше салығын төлемей отырған жағдайын сынға алып, кемшіліктерді оңалтуға тапсырма берді. Сондай-ақ 2024 жылы шағын және орта бизнес субьектілерін әкімшілендіру жұмысы аясында мыңдаған салық төлеушінің салық есептілік нысанында 75 млрд 393 млн теңге табысы көрсетіліп, қазынаға қосымша 1,9 млрд теңге салық түскен болса, осы жылы аталған бағытта жұмыстар жалғасып, қаңтар айында 876 салық төлеушінің қосымша салық есептілігі 5 млрд 126 млн теңге нақтыланып, қосымша 138 млн теңге салық өндірілген.
Аймақ басшысы бюджет кірісін молайтуға әсерін тигізетін инвестицияларды тарту, шағын және орта кәсіпкерліктерді дамыту, жылжы­майтын мүліктер бойынша толық түгендеу бойынша тиісті тұлғаларға тапсырма берді. Осы ретте айта кетерлігі, жылжымайтын мүлікті бағалау базасы он бес жылдан бері өзгермеген.Осы мәселені мамандармен зерттеп ұсыныстар дайындалуы қажет.
Облыс әкімінің селекторлық мәжілісінен соң аудан әкімі Мажит Самитов жиында талқылан­ған мәселелер бойынша аудан хал-ахуалына тоқталды. Кәсіпкерлік бағыттағы ғимараттардың құнын қайта бағалауда заңдық негізде жұмысшы тобының құрылып жұмысты нақтылау талабын қойды. Мұндай обьектілер кенттің орталығында ғана емес, елді мекендерде де кездесетіні, жал­пы жалған бағалауға ұрынып, тиісті салықтан жалтарудың қылмыспен тең екенін де ескертті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 ақпан 2025 ж. 1 425 0