«Ұлттық қор-балаларға» болашаққа инвестиция

Қазақстанның ұлттық қоры – еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттыру үшін құрылған қаржылық институт. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттің қаржылық ресурстарын тиімді басқарып, оларды қоғамның әлеуметтік қажеттіліктеріне бағыттау. Қордың пайдасы тек бүгінгі күнге ғана емес, келешек ұрпаққа да пайдалы болуды көздеп, мемлекеттің тұрақты дамуы жолында балалардың білім алуына, болашағына инвестор ретінде қызмет атқаруда.
Жалпы, мемлекеттік саясаттағы басымдыққа ие бағыттың бірі – өскелең ұрпаққа жағдай жасау. Бүгінде елдегі жанұялар сәбидің дүниеге келгенінен бастап, ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына сенімді бола алады. Өйткені, Мемлекет басшысының бастамасы жас өскіннің әл-ауқатын арттыруға, білім алуына, болашақта табысты болуына бағытталған. Сондықтан, 2024 жылдан бастап, жылына бір рет Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі әр балаға инвестициялық табысты қоса алғандағы қаражат аударылуда.
ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып, олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілген. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар аударылған. Ал, биыл әр балаға 129,38 доллар аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы – 232,94 долларға ұлғайған. Биыл бағдарламаға ел бойынша 6 921 035 бала қатысып отыр (2007 жылдан 2024 жылға дейін туған балалар). Олардың ішінде 324 430 азамат 2025 жылы 18 жасқа толады. Ал, біздің ауданда 18 жасқа дейінгі 31 478 бала бар.
Сонымен қатар, мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – білім мен баспанаға қол жеткізуге баршаға тең мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан да «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы Қазақстанның жас азаматтары үшін айтарлықтай қолдауға айналды. Өйткені, жинақталған қаражатты бала 18 жасқа толғанда баспана немесе білім алуға пайдалана алады. Жиналған ақша 18-ге толған азаматтың БЖЗҚ-дағы шотына аударылады. Жобаның респонденттері уәкілетті операторлардың (Отбасы банкі және Халық банкі) қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндігі бар.
Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мемлекет бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарында бұл мақсатқа 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалған. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 388 өтінім беріліп, оның 29 542-сі орындалып, 2 964 мың доллар төленген. Ал білім беру бойынша 32 183 өтінім жолданып, 23 459 өтінім қанағаттандырылып, 2 352,7 мың доллар төленген.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша аударымдар туралы ақпарат eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында 1 ақпаннан бастап, биылғы жылдың түсімдерін көруге болады. Төлем тетігі барынша қарапайым. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан да бақылауға мүмкіндік бар. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын алуға болады. Сонымен қоса, балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, немесе Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көруге болады.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы – елдің болашағына жасалған инвестиция. Бұл жоба балаларға кемел келешек құрудың алғашқы іргетасы. Өйткені, қордың басты миссиясы айқын. Ол – болашақ ұрпақтың сапалы өмір сүруі үшін әр балаға ұлттық байлықтан тиесілі үлесін беру. Демек, Ұлттық қордың қаражатын ел жастарын қолдау мақсатында жұмсау – еліміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық шешім екені анық.
Айсұлу Алданазар