» » Жаяу жүру өміріңді өзгертеді

Жаяу жүру өміріңді өзгертеді


Бұл рас, әлем медицинасы жаяу жүрудің сан түрлі дертке дауа екенін әуел бастан айтып келеді. Жүгіру бір бөлек, жаяу жүріп, көңіл сергіту бір бөлек. Әрине, жүгіргеннің пайдасы денсаулыққа бірінші кезекте ең күшті энергия береді. Алайда, табиғат аясында серуендеудің физикалық ғана емес, психикалық та пайдасы өте көп. Бұл туралы жыл сайын халықаралық ұйымдар, медицина қызметкерлері БАҚ өкілдеріне жарыса сұхбат беріп, дабыл қағуда. Технологияның тым жылдам дамыған көшіне ілесе алмаған кейбір елдер тәуелділіктен арыла алмай, соңында компьютер мен телефонға телмірді де қалды. Мұның соңы адамдардың аз қозғалысына, содан барып түрлі ауруларға әкеліп соқтыруда. Біз бүгін осы тақырыпта қысқаша зерделеу жұмысын жасаған едік.


Медицина саласының мамандары күнделікті жеткілікті мөлшерде қозғалыстың болмауы адам денсаулығына кері әсер етіп, ағзаны қартаюға әкеледі дейді. Бұл дегеніміз адамның өмір жасы да біршама қысқарады дегенді білдіреді. Адамдарда өте көп кездесетін жүрек-қан тамырларының ауруы да аз қозғалыстың салдарынан. Ең өкініштісі, қозғала қоймайтын адамдардың дені семіздікке бейім келеді. Сезімдіктің екі басты себебі болса, соның бірі аз қимылдау, көп отырудан. Америкалықтар тағамның дұрыс болмауынан семіздікке душар болудамыз деп дабыл қақса, өзге елдер көп қимылдаудың кесірінен деп күйзеліп жүр. Сондықтан, жаяу жүру – нағыз табиғи жаттығу, адам өмірін ұзартатын таптырмас емнің бірі. Әрбір адам күн сайын кем дегенде 30 минут жаяу жүрсе, денсаулыққа пайдалы екендігін сезінеді. Артық салмақтан арылғысы келетіндер жаяу жүруді дағдыға айналдыруы керек. егде кісілерге жүгіру қиын соғатындықтан жаяу жүру спортымен шұғылдануды әдетке айналдырса, тәбеті де ашылып, қан айналымы жақсара түседі.
Әлемге әйгілі миллиардер Стив Джобс пен «Фэйзбук» қожайыны, әрі ең бай адамдар тізімінде үздік бестікке кіретін Марк Цукерберг бір орнында отырып сұхбат беруден бас тартады. Олар көбіне табиғат аясында жүріп, тілшілермен тілдеседі. Сол секілді «Buffer» компаниясының директоры, ең табысты кәсіпкерлердің бірі Джоель Гаскон да жұмыс уақыты аяқталған соң барлық байланысын 20 минутқа сөндіріп, жалғыз өзі жаяу жүріп қайтады. Тіпті, қазақ қоғамында да отбасылық мәселелер ошақ қасынан гөрі серуен аясында талқыланғанда жақсы жемісін беретінін де түсіндіріп кеткен. Айта берсек мысал өте көп.
Жаңақорғанда 80 жастың желкенін ұстаған қазыналы қариялар аз емес. Солардың ішінде Шайдарбек Ашимовты аудан жұрты жақсы таниды. Тоқсан жасқа қадам басқан тарихшы әлі күнге дейін қолына сыр сандығын тастамай, жаяулатып редакцияға жиі келеді. Сексеннен асса да көшелі жиындарға жаяулатып баратын Елеусіз Сейдеметов атамыз танымайтындар кемде-кем шығар. Ізатілла Нәрзілдаев есімді жасы жетпістен асқан қариямыз бар. Ол кісі де кейде көп серуендейді, ал, азанғы уақытта велосипетпен бірнеше шақырым жүріп қайтады.
– Таңертең ерте тұрып, далада жүруге дағдыланғанмын. Қайртайғанда ұйқы деген азаяды екен. Түсте көз ілсең, түнде маза қашады. Сондықтан күніне екі мезгіл таза ауада серуендеуге тырысамын. Жаяу жүру – спорт. Қазір жасым 70-тен асты. Сондықтан қимыл-қозғалыстың көзі жаяу жүру деп есетеймін. Буындарымызға да пайдалы, тыныс алу жолын реттейді. Аса бір алып бара жатқан ауру болмаса дәрі-дәрмек ішпеймін. Дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанамын. Қазір жастар көбіне кеңседе отырып жұмыс істегісі келеді. Таңның атысынан бастап, кешке дейін бір орнында тапжылмай отыруға жалықпайды. Ал бұл өз кезегінде денсаулығына зиян екенін түсіне бермейді. Жалпы жасты да, кәріні де жаяу жүруге шақырамын, – дейді ардагер аға буын.
Euronews агенттігі осы сұрақ бойынша зерттеушілермен, жүруді өмір салтына айналдырғандармен сұхбаттасып, жаяу жүрудің миға пайдасы туралы жазған. Бірақ жаяу жүрудің де реті, дұрыс жолы бар екен. Ғалымдар жаяу жүрудің орасан зор пайдасы туралы мыңдаған жыл бұрын дәлелдеген. «Жаяу жүру – адам үшін ең бірінші медициналық көмек» деп медицина атасы Гиппократ айтқан дейді. Соның негізінде жаяу жүрудің бірнеше артықшылығын анықтаған. Біріншіден, зерттеулер көрсеткендей, күнделікті жаяу жүру бір ғана жүрек қан-тамыр ауруын 31 пайызға азайтады. Екіншіден, көп қозғалмайтын адамға қарағанда жаяу жүретін адамдардың өмір сүруі 32 пайызға артқан. Мәселен, күнделікті сіз 2 шақырым жаяу жүретін болсаңыз, өміріңіз 22 пайызға ұзаратыны дәлелденген. Үшіншіден, жүргізілген тәжірибе қорытындысында науқас адамның өзінде апта сайын 3 рет 30 минуттан жаяу жүрсе, жүрек ауруынан туындайтын өлім 26 пайызға, басқа аурулардан келетін өлім 20 пайызға азайған.
– Жаяу жүру тек қана адам өмірін ұзарту мен жүрек ауруын азайтатын қасиетінен бөлек адамның ағзасына көптеген пайдасын тигізеді. Атап айтқанда, қант диабеті, депрессия, ішектің қатерлі ісігі, семіздік, буын аурулары, ақыл-есі кем болу секілді аурудың жолын кеседі. Қазір әлемде ғана емес елімізде де осы ауруға шалдыққандар саны артып келеді. Әсіресе, балалар арасында семіздіктің көбеюі дабыл қағарлық жағдай. Көптеген фасфуттарға тәуелді болған жас ағза емі ұзаққа созылатын ауру түрлеріне әкелуде. Ал артық салмақпен күресудің жолы жаяу жү¬руде екенін айтқым келеді. Жасы үлкейген әйел адамдардың арасында аяқ, тізе ауруларының көбеюі де аз қозғалыстың салдары. Сондықтан неғұрлым көбірек қозғалыс болса, адамның дені сау болады. Жалпы жаяу жүру – мың бір дертке дауа болатын табиғи ем, – дейді дәрігер-терапевт.
Сонымен күнделікті жаяу жүруге асығыңыз. Жаяу жүру арқылы түрлі аурудың алдын алып, миыңыз сауығатынын ұмытпаңыз. Яғни ұзақ өмір сүрудің негізі – спорттың жаяу жүру түрімен тұрақты айналысып, саламатты өмір салтын ұстану арқылы өзіңізге өмір сыйлайсыз. Бір сөзбен айтқанда, өз өміріңізді өзгерткіңіз келсе осыдан бастаңыз.

Әли ТЕМІРБЕК
08 ақпан 2025 ж. 200 0