» » Мейрамкүлдің әдемі әлемі

Мейрамкүлдің әдемі әлемі


ХХІ ғасырдағы өркениетті өлшемнің бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Себебі, уақыт ағымына тез бейімделетін шағын және орта бизнес мемлекекттің негізгі қуаты. Біз бүгінгі санымызда осындай жауапкершілікті терең түсініп, 15 жылдан аса аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп жүрген нәзікжанды Мейрамкүл Ашимованы кейіпкер еттік.


Орта мектепті бітірісімен кәсіп ашуды көздеген жігерлі жас қолына тарағы мен қайшысын алып, ізденіп, тұрғындарға қызмет көрсете бастайды. Алғашында шаш қиюдан бастап, кейіннен қалаға барып біліктілігін арттырып оқып, бет пен шаш әрлеуді де үйренеді.
– Оқушы күннен-ақ, болашағыма жоспар құрып, нәсіпті кәсіпкерліктен көруді ұйғардым. Өйткені жастайымнан осы салаға икемделіп өстім. Жоғары сыныпта оқып жүріп, қыздардың беті мен шашын әрлейтінмін. Менің жұмысымды көрген ата-анам да осы салада қызмет атқарғанымды құптады. Әсіресе, анам менің сән саласынан жетістікке жететініме үлкен сенім артқан еді. Содан, мектеп бітірісімен шашатараздың оқуын оқып, шаш қиюдың әдіс-тәсілдерін меңгердім. Көш жүре түзеледі дейді ғой, алғашында қиындықтар болды. Менің осы сұлулық қызметін көрсету саласындағы ұстазым ауданда алғашқы болып сұлулық салонын ашқан Ардақ Әмірбекова апай. Ең алғаш осы кісінің қарамағында шыңдалып, тұтынушымен қалай жұмыс жасауды, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді үйрендім, – дейді Мейрамкүл Ибадуллақызы.
Ол ауданның тумасы. Кенттегі №51 орта мектепті тәмамдағаннан кейін үлкен қалаға барып оқуына мүмкіндігі болса да, жеке кәсіппен айналысып, халыққа қызмет көрсетуді құп көрді. Өйткені, осыдан 15 жыл бұрын ауданда сұлулық саласына деген сұраныстың артып тұрған уақыты еді.
– Мейрамкүл алғаш маған жұмысқа орналасуға келгенде шамамен17-18 жастағы жап-жас бойжеткен еді. Құрдастары арман қуып Алматыға аттанып жатқанда, еңбек етіп нәсіп теремін, ауданда сұранысқа ие мамандықты игеремін деген жастың ниеті мен ынтасы мені қатты қуантты. Өйткені, сол уақыттарда ауданда расымен шаштаразшылар санаулы болатын. Әсіресе, осы салада жастар аз еді. Мен де Мейрамкүлді бар білгеніме үйретіп, өз ісінің нағыз маманы болғанын қаладым. Қазір шәкіртімнің өзге салаға ауыспай, осы бағытта жемісті еңбек етіп жүргенін көріп, еңбегімнің еш кетпегеніне қуанамын, – дейді Ардақ Дүйсенқызы.
Иә, шаштараз мамандығы – бүгінгі қоғамда тек сән мен сұлулықты ғана емес, адамдардың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі бағалауының, тазалықтың символы. Ол шығармашылықпен, қолөнермен, адамдармен жұмыс жасауды қажет ететін ерекше кәсіп. Бұл салада қызмет етіп жүрген кәсіпкер тек сұлулықты жасаумен емес, өз клиентінің көңіл-күйін, ішкі әлемін түсініп, оның сыртқы көрінісін өзгерте білуі маңызды.
– Бұл кәсіп – шыдамдылықты, зейінділікті және ерекше талғамды қажет етеді. Сұлулық саласындағы маман өз жұмысында эстетикалық сезімталдықпен қатар, психологиялық шеберлікті де меңгеруге тиіс. Біз әрбір клиенттің өзін ерекше сезінуіне ықпал етуге тырысамыз. Өйткені, сұлулық – адам болмысын қалыптастыруға әсер ететін қуатты құрал. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда да, сұлулық саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қоғамда кеңінен танылып, өздерінің кәсібі арқылы әйелдердің өзін-өзі дамытуға, еңбек етуге деген құштарлығын арттыруда маңызды рөл атқарады деп ойлаймын, – дейді Мейрамкүл.

Р.S.: Аудандағы сұлулық индустриясының әлеміне жаңашылдық әкеліп, сәннің әрбір бағытына сай заманауи трендтерді өз жұмысна енгізуді әдетіне айналдырған, қиындыққа қаймықпай еңбек етіп, кәсібін өз күшімен қолға алған нәзікжандының кәсібіне сәттілік серік болып, еңбегінің көркейе беруіне біз де тілектестігімізді білдірдік.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
04 ақпан 2025 ж. 134 0