Дені сау ұлт – мемлекет байлығы

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын алға жылжыту бағытында өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе біздің өңірдің даму қарқыны, Президент пен Үкіметтің қолдауымен қолға алынған бастамалар көңіл қуантты. Бұл жөнінде аймақ басшысы арнайы тоқталып, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан (2024 ж. – 12 нысан) салынғанын жеткізді. Олыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау ұйымдарына 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілгенін баян етті.
– «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаржыға Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. 1 млрд 100 млн теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен алынып, ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде» – деді аймақ басшысы.
Жалпы медициналық инфрақұрылымның дамуы – қоғамның денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі тірегі. Біздің облыста, оның ішінде біздің ауданда соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жаңғыртылуына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Бұл – мемлекеттің басты капиталы болып саналатын халықтың өмір сүру дағдысын жақсартудың бірден бір тетігі. Өйткені дені сау ұлт – мемлекеттің қозғаушы күші әрі басты байлығы.
Қуандық ҚАРАҚОЖАЕВ,
денсаулық сақтау саласының ардагері