Жастар жылды түйіндеді

Биыл аудан жастары үшін табысты жыл болды десек болады. Барлық салада жеткен жетістік көңіл қуантады. Әсіресе, кәсіпкерлік, білім, спорт салаларында толайым табыстарға қол жетті. Патриоттық, рухани, мәдени іс-шаралар мен өзге де маңызды жиындарда жастардың жалынды жігер-мінезі жарқырап көрініп тұрды. Өндіріс пен аграрлы салада да олардың сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Жыл көлемінде атқарылған осындай жұмыстар сараланып, әрбір салада табанды еңбек етіп жүрген жас мамандарды төрге оздыратын жиын осынысымен маңызды. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде «Жаңа буынның жарқын болашағы» атты аудан жастарының XIV дәстүрлі форумы өтті. Аудан әкімі Мажит Самитұлы жастармен еркін форматта өткен басқосуда жас толқынның, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көкейтесті сұрақтарына жауап берді.
Алдымен келген қонақтар мәжіліс залына кіреберіс фойедегі форумның тақырыптық көрнекіліктер мен аудан жастарының озық туындыларынан жасалынған көрмені тамашалады. Яғни, жас кәсіпкерлердің төл туындылары таныстырылып, колледж студенттерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Жылы жүздесу мен жылды қорытындылаған жиынға Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров модераторлық жасап, кездесудің мақсаты мен мәніне тоқталды. Алдымен кезек бейнесюжетке берілді. Аудан басшысы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарды жүйеледі.
– Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Биыл да сол дәстүр жалғасып, аудан бойынша өскелең ұрпақ пен жас буынға жаңа жобалар тарту етілді. 50 орындық өнер мектебі мен 200 орындық оқушылар үйі ашылса, жақын күндері қос бірдей «Жайлы мектептің» лентасы қиылады. Одан бөлек, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, спорт, мәдениет пен әлеуметтік салаларға аз қолдау болып жатқан жоқ. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана алған аудан жастары жыл сайын жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Осы бағыттан таймай, бұдан да биіктерден көріне беруге тиістіміз. Бүгінгі басқосуда есеп беру ғана емес, көңілді мазалап жүрген сауалдарды талқылап, түйінді тарқатуғаболады, – деді Мажит Самитұлы.
Жастар тарапынан ұсыныс-тілектер мен сауалдар ортаға салынып, талқылаулармен түйінделді. Жиын соңында аудандағы талантты жастарды ынталандыруға бағытталған «Жаңа толқын – 2024» жастар сыйлығы табысталды.
«Жас құтқарушы» номинациясы Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Өскен Мүбаракқа табыс етілді. «Үздік студент» аталымына аграрлы-техникалық колледжінің студенті Дүйсенхан Диас лайықты деп танылса, «Қоғамдық қызмет» номинациясы «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қорының мүшесі Ынтымақ Рахымға берілді. «Өнер және мәдениет» номинациясы М.Көкенов атынағы аудандық мәдениет үйінің «Жаңаша» ойын сауық отауының үйірме жетекшісі Марғұлан Қазбекұлына, «Еңбек адамы» номинациясы комбайнер, ауыл шаруашылығы саласында 9 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Жасұлан Өсерханұлына тарту етілді. «Кәсіби бағдар» номинациясы аудандық білім бөлімінің бас маманы Назерке Базарбаеваға, «Құқық қорғау» жүлдесі Жаңақорған АПб ЖПҚБ-нің Ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдос Жамбылұлына, «Мобилография» номинациясы креативті кәсіби деңгейдегі мобилограф Қазақбай Нұрқазыға ұсынылды. «Тың серпін» номинациясы «Қум сахаба» мешітінің наиб имамы Қалдыбай Баубекке, «Жастар маманы» номинациясы Жайылма ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Әсем Омарға бұйырды.
– Аудан бойынша 24 мыңнан аса жас есепте тұрады, бұл халық санының 35 пайызына жуығын құрайды. Биыл жастар саясаты аудан көлемінде өз деңгейінде атқарылды. Барлық салада жастардың ерік-жігері, жауапкершілігі көрінді. Әлеуметтік, эконоикалық салада да жастардың қызметі бір төбе. Мәдениет пен спорт саласында жеткен жетістігіміз өте көп. Одан бөлек кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, өнім өндіру ісінде өзге аудандармен салыстырмалы түрде айтқанда көштің басында келеміз. Мұның барлығы олардың талап-тілегі, еселі еңбектерінің арқасында, келер жылы да осы бағытымыздан таймай, аудан өркендеуі жолында қызмет жасай беретін боламыз, – деді жастар көшбасшысы Наурызбай Ерікұлы.
Әли ТЕМІРБЕК