ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ ЖАҢА ҚАДАМДАР
Елімізде жол қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында жаңа талаптар енгізіліп, тиісті заң бекітілді. Жол қозғалысы ережелеріне енгізілген жаңа ұғымның бірі «орташа жылдамдық» деп аталады. Бұл белгілі бір аралықтағы көлік құралының жүріп өткен уақыты мен қашықтығына негізделген орташа қозғалыс жылдамдығын анықтайды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жауапты сала мамандары 1 желтоқсаннан бастап елімізде орын алған өзгерістерді атап өтті.
– Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдармен жүретін көлік жүргізушілеріне қатысты «Жол қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында» жаңа талаптарды белгілейтін заңға қол қойып, аталған заң 4 желтоқсан күні өз күшіне енді. Бұл өзгерістің негізгі мәні – автоматты түрде тіркеу жүйелерімен анықталатын түзу сызықты учаскелерде «орташа жылдамдықтан» асып кеткені үшін жауапкершілікті енгізу. «Орташа жылдамдық» жүріп өткен жолды сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі. Егер «орташа жылдамдықтан» асып кетсе 5-тен 40 АЕК-ке дейін айыппұл салынатын болады. «Орташа жылдамдық» Қызылорда облысы аумағынан өтетін халықаралық республикалық маңызы бар М32 «Шымкент-Самара» бағытындағы автожол бойында орнатылған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның «ZEREK-2» бағдарламалық-аппараттық кешендері арқылы жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда бағдарламалық-аппараттық кешендердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту мақсатында 3 дана «ZEREK-2» бағдарламалық-аппараттық кешендері белгіленген жылдамдық режимін асырған автокөліктерді анықтауда,- деді Қызылорда облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нүркен Бақтияров.
– 1 желтоқсаннан бастап елімізде заңды тұлғалардың көлік құралдарын ел аумағына әкелу тәртібі жаңарды. Енді ел аумағына көлік әкелу үшін олардың техникалық регламенттерге сәйкестігін растайтын арнайы құжат – көлік құралдарының типін мақұлдау қажет. Бұл құжат сериялық түрде шығарылған көлік құралдарының техникалық қауіпсіздігі талаптарға сәйкес екенін дәлелдейді. Жаңартылған тәртіпке сәйкес, тек заңды тұлғалар ғана елге көлік әкеліп, оның типін мақұлдау құжаты тек сириялық өндіріс үшін ғана беріледі. Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талаптарына сәйкес енгізілді. Негізгі мақсаты – Қазақстанға тек қауіпсіздігі расталған көлік құралдарын әкеліп, олардың сапасын бақылау,- деді Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі