№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мәдениет майталманы

Мәдениет майталманы


«Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» делінген Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында. Елдің мәдениеті мен өнерінің дамуына бар ғұмырын арнаған тұлғалар арамызда жүр. Олардың ішінде сахнаның киесі мен құдіретін жүрекпен ұғып, өнерге бас иген Рыскүл Ұлықпанованың жолы өзінше бір әлем. Мәдениет майталманының құрметті демалысқа шығуына орай кенттегі «Арман» мәдениет үйінде тағылымды кеш өтті.


Талантты жастар легін тәрбиелеп, өнер додасына қосып келе жатқан тәлімгердің кешіне келген көрермендер қатарында үзеңгілес әріптестерінің қимастық сезімдері жүздерінен танылып тұр. «Арман» кенттік мәдениет үйінің фойесінде сала саңлағы жайында жасақталған көрме көз тартады. Көрмені Жаңақорған кенттік кітапханасының кітапханашысы Әсем Сағатова таныстырып өтті. Көрмеде «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі көзімізге оттай басылды. Осыдан-ақ шығармашылық адамының мәдениет саласы үшін төккен тері аз болмағанын ұқтық.
Ұлықпанова Рыскүл Әліханқызы 1963 жылы 5 қазанда Бірлік кеңшарында дүниеге келген. №55 орта мектебінде оқып жүрген кезінде ерекше қабілетімен танылып, көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі атаныпты.
Осы бағытта арнайы білім алып ауылға оралған Рыскүл №24 сайлау округінен Ақүйік ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Еңбектен қол үзбей жү­ріп Шымкент су-құрылыс техникумында бухгалтер-экономист мамандығын алады. Бірақ о бастағы жаны қалаған өнерден қол үзбеген ол түрлі спектакльдерге, байқауларға қатысып, ерекше еңбегімен еленген. «Бірлік» халық театрында «Қыз жиырмаға толғанда», «Құдағи келіпті», «Бәйтерек», «Бір түндегі төрт төбелес» атты спекткльдерде басты рөльдер­ді сомдаған. 1986 жылы Алматы қаласында өткен республикалық халық театрлары бай­қауында Әмір Мәжитовтің «Бір үзім нан» пьесасында «Бәйбіше» рөлін сомдап лауреат атанды. 1987 жылы «2-ші Бүкілодақтық халық шығармашылығы» фестивалінің лауреаты атанды. «Озық еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Тұрмыс құрып, үйлі-жайлы болды. Көп жылдар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгеру­шісі болды. Аудандық, облыстық, республика­лық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды.
Мерейтой иесіне арналған кеште сахна шымылдығын «Шашу» би тобының қыздары ұлттық нақыштағы бимен түрді. Ледэкраннан елге белгілі өнер иесі Сауранбек Елеуов, Дүйсен Сыздықов және белгілі радиожүргізушісі Гүлмира Нәлбаевалардың кеш иесіне деген ыстық лебізіне куә болық.
Кеш иесінің киелі сөз өнеріне баулыған шәкірттері қатарында жас ақын Исламхан Болатұлы ұстазына арнауын оқығанда шығармашылық адамының тұлғасы айқындала түсті. Сондай-ақ ол өзі бас болып құра­мын жасақтап, репертуарын шыңдаған аудандағы «Ақ әжелер» ансамблі әдемі ән шашуымен қуантып, қошеметін ән қанатында қалықтатты.
Мерейлі мерекенің иесі Рыскүлдің өнерде­гі шәкірттері Тоқтар Әжімұрат пен Балмұха­мед Әбжаппаровтың ғибратты қойылымы рөл сомдаудың жауапкершілігі жайлы терең ойға қалдырды. Бір мезетте күлкі мен мұңға батырған өнер адамы өмірінің күрделілігін сезіндік.
Туған жердің өнеріне 43 жылын сарп еткен асыл жанға әріптестері ақ тілегін жеткіз­ді. Олардың қа­тарында А.Сопыбеков атындағы аудандық мәдениет бөлімі және кітапхана ұжымы атынан Сурайя Аманова және аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейіновалар құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат жасады.
– Біздің Рыскүл әріптесіміз нағыз өнер адамы. Біз осы салаға қатар келдік. Әріптес қана емес, сырлас дос бола білген жайымыз бар. Еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында саладағы тоқыраудың салмағын көтере білген жанның бірі дер едім. Қолдағы барды ұқсатып, талғаммен сәндеп, сахналық киім әзірлеген шақтар қымбат тарихқа айналды. Осындай сәтте ортақ істің басы-қасында жүріп, кейінгілерді сахна әдебі мен мәдениетіне баулыды. Өнер адамы зейнетке шықпайды, Рыскүлдің жарқырап жанар шағы әлі алда деп сенеміз, – деді «Арман» мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова.
Көпшілік құрмет көрсеткен шарада кеш иесі тебірене сөз бастап, өнер жолындағы ең қызықты оқиғаны еске алды.
– Менің өнер жолындағы әр күнім тарихқа айналды. Оның ішінде ел президентінің ал­дында өнер көрсету бақыты бұйырған күнді қымбатты сәттерге балаймын. 1998 жылы 10 мамыр күні Н.Ә.Назарбаев Жаңақорған ауданы «Талдысу» елдімекеніне іс сапармен келген болатын. Басқарманың арнайы тапсырмасымен өңірдегі өнерпаздарды іріктеп, концерт берілетін болды. Таңдаулы тұлғалардың ішінде Hұрберген Тастаев, Әбсұлтан Байкенжеев және мен ән шашумен құрметтеп күтіп алатын болдық. Тұңғыш президенттің алдында Әсет Бейсеуовтің «Аңсағаным» әнін орындаған кезімде оның менімен қосыла шырқап, әннің соңғы ноталары аяқталған кезде, қолымды алып, «дауысыңыз керемет екен» деп ілтипат білдіргені есімнен кетпейді. Міне, осындай шақтарымды еске алсам, 44 жылдық ғұмырым текке өтпегеніне тәубе етемін, –деді өткен күндерді сабақтап.
Одан кейін ол «Ең үздік әйел рөлі» марапатын алған кездерін де тізбектеп өтті. Алматы қаласында Ә.Мәжитовтің «Бір үзім нан» спек­таклінде бәйбіше рөлін сомдағанда Рыскүл Ұлықпанованың жасы небәрі жиырмада екен. Байдың бәйбішесінің бейнесін сомдау оңайға соқпапты. Дайындық үстінде Әмір ағайымыз «Рыскүлжан сенің образың жай бір әйелдің бейнесі емес, бәйбішенің өзі болуы керек» деп сол күні Медеу мұз айдынының құзар шыңына шығуға арналған баспалдағымен әрі-бері жүгіруге әмір беріпті. Не үшін? Оның сырын кейін түсінді. Тауға шыққан адамның халі белгілі, ертесіне буындары әлге келмей, отырып-тұрудың өзі мұң болған. Міне осындай шынайы іс-әрекет нағыз бәйбішенің бейнесін аша түсті. Сол кезде барып режиссердің кешегі амалының ақыл болғанын мойындаса керек. Міне, сахнаның сыртындағы қайнап жатқан көрініс өз алдына бір тарау.
Сахна саңлағы 2001 жылы «Әнім сенсің – туған ел» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. Ол халық әндерін, жергілікті сазгерлер Н.Жаманбаев, Б.Байкенжеев, Н.Тастаевың әндерін насихаттап келеді.
«Қазақстан Конституциясына он жыл» төсбелгісімен марапатталған. Халық шығарма­шылығының «Сырдария – жыр дария» облыстық фестивалінің аясында өткен мәдени- шараларға белсене атсалысқаны үшін аудандық мәдениет бөлімінің «Дипломымен» марапатталған. «Ән деп өтті өмірім» атты аудандық әншілер байқауында «Бас жүлдені», 2006 жылы «Ән еркесі Бексұлтан» атты облыстық әншілер байқауында «Алғыс хатты» иеленді.
«Алтын дән-2017» мерекесінде жылдың «Үздік өнер иесі» атанса, драматург, режиссер Ә.Мәжитовтің 80 жылдық мерей тойында өткен «Театр тарланы» атты халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық фестивалінде актерлық шеберліктің шынайылық үлгісін көрсеткені үшін «Ең үздік әйел ролі» номинациясымен және «Ә.Мәжитовтің 80 жыл» мерекелік медалімен, «Қаламы қарымды Қалтай» атты халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауын­да «Үздік эпизодтық рөль» номинациясымен, Мәдениет саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені себепті «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Жолдасы екеуі екі қыз тәрбиелеп өсіріп, алты немере сүйген әже әлі де өнерден қол үзбейтініне сенімді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
12 қазан 2024 ж. 256 0