№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АУЫЛЫМ СҰЛУ СЫРДЫҢ ЖАҒАСЫНДА

АУЫЛЫМ СҰЛУ СЫРДЫҢ ЖАҒАСЫНДА

Қала күні аясындағы тұрғындардың көңіл-күйін көтеретін мерекелік іс-шаралар күн сайын жалғасып жатыр. Соның бірі – қала іргесіндегі «Ақсуат» ауылдық округінде «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев дәстүрлі өнерді қадір тұтып, берекелі бастамаларға ұйытқы болып отырған ауыл халқына, ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ақындарға сәттілік тіледі.
– Айтсаң аңызға, тарқатсаң тарихқа сыймайтын алты Алаштың анасы атанған Сыр елі заман талабынан қалыс қалмай, қарқынды дамып келеді. Қала күні аясында ұйымдастырылып отырған ақындар айтысы аймағымыздың абыройын асқақтатып, астықты өлкенің берекесін әйгілеп, адал еңбегімен ел жадында есімі қалған белгілі тұлғалардың даңқын биіктететін айтулы доданың бірі болмақ.
Ұлттық өнерімізді ұлықтап, айтысты тамашалауға жиылған ауылдың үлкен-кішісіне, барша ағайынға алғысымыз шексіз, – деді Д.Тұрсынбаев.
Айтыста еліміздің әр аймағынан келген 8 ақын сынға түсіп, Сыр жағасындағы сұлу шаһарды жырға қосты. Ақмешіт – Қызылорданың арғы-бергі тарихын айшықты сөзбен кестелеген ақындарға көрермен қошемет білдіріп отырды.
Айталық, Алматы облысынан Шұғайып Сезімхан мен Нұрмат Мансұров, Абай облысынан Рүстем Қайыртай мен Сырдария ауданынан Ерасыл Бәйментай, Шымкент қаласынан Тұрар Тілеулиев пен Арал ауданынан Ержеңіс Әбдиев, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков пен жерлесіміз, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов өзара бақ сынасып, сөз сайысында бір-біріне лайықты қарсылас екенін танытты.
Мысалы, Мұхтар Ниязовпен айтысқан Бекарыс Шойбековтің:
– Ағайын, ақиқатын айту керек,
Көрдік қой таңғажайып замананы.
Аталары ауылдан шықпағандар,
Аралап жүр АҚШ пен Канаданы.
Тоқсаныншы жылдарғы тоқырауды,
Қызылорда, ұмытқан жоқ, санаң әлі.
Армысың, сол жылдардың жүдеп-жадап,
Жыртықты жамап киген ағалары.
Және де бармысыңдар осылардың,
Бүтінді жыртып киген балалары,
– деген шумақтары кешегі жоқтық пен бүгінгі барлықтың бағасын безбендеуге жетелейді.
Сол секілді, Шымкент қаласынан келген Тұрар Тілеулиев пен жерлесіміз, мұғалім әрі айтыскер Ержеңіс Әбдиевтің сөз сайысы әзіл-қалжыңы жарасып, айтары анық, шумақтары да мығым, әдемі өрілді.
Айтыскерлер Шұғайып Сезімхан мен Нұрмат Мансұров, Рүстем Қайыртай мен Ерасыл Бәйментайдың өзара тартысы бір-біріне сай, деңгейлес болды.
Айтысқа Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейтова, айтыскер ақын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Өнер және педагогика» факультетінің оқытушысы Айнагүл Әбуова, «Ақсуат» ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Белгібай Бейсенбай қазылық етті. Айтыс қорытындысымен барлық ақынның өнері тең бағаланып, баршасына қаржылай сыйақы табысталды.
Ауылдық округ әкімі Нұрболат Бақытұлы тұрғындарды қала күнімен және Қарттар күнімен құттықтап, ауылдың ынтымағы, елдің тыныштығы баянды болсын деген тілегін білдірді. Сонымен қатар, айтысқа демеушілік еткен азаматтарға облыс, қала әкімдігі атынан Алғыс хаттар табыстады.
Ж.Махамбетов ауылының орталық алаңында өткен айтыстан кейін спорттық сайыстарға кезек берілді.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
27 қыркүйек 2024 ж. 110 0