«ЭТНО QUIZ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫСЫ ӨТТІ
Аудан бойынша жарияланған ТІЛ АЙЛЫҒЫ аясында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйі мен аймақтардан жасақталған «Өнерлі өлке», «Тау таланттары», «Сығанақ», «Сыр саңлақтары», «Толқындастар» командалары арасында «Этно Quiz» интеллектуалды сайысы өтті. Сайысты облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлім басшысы Сембиева Гүлбану Ғарифуллақызы жүргізді.
Ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен өркениетті, руханият пен ділді насихаттай отырып, патриоттық сезім қалыптастыру үшін ұйымдастырылған сайысқа Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Ерекешова Жаныгүл Мұхитқызы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сыздықов Әбілқайыр Әбілпаттаұлы, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Үсейінова Баян Әлеудинқызы қазылық жасады.
Сайыс қатысушылары бекітілген Ережеге сәйкес Той бастар (Quiz time ), Беташар (Суреттер сөйлейді. Жұмбақ әуен), Той тарқар (Тұлғаны таны. Кино time) деп аталатын 3 кезең бойынша тапсырмалар орындады.
Сайыс қорытындысы бойынша аудандық мәдениет үйінен жасақталған «Толқындастар» командасы 1 - орын алып, кубокпен, дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Өзге де қатысушы командаларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.