№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Білім ошақтары жаңа оқу жылына әзір ме?

Білім ошақтары жаңа оқу жылына әзір ме?


Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар балаларына мектеп формасы мен құралдарын түгендеп, дайындықты бастап кетті. Тәлімгерлеріміз жайлы орында жұмысын бастап, оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мектептер дайын ба? Жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы қалай?
Аудан бойынша 44 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар. Оның біршамасы құрылысы жаңа соңғы үлгідегі заманауи білім ошақтары болса, басым бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықовтың айтуынша, қазір Саяжай мөлтек ауданында 600 орындық, Жаңарық елдімекенінде 300 орындық жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Сонымен қоса, кенттегі №163 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Ал, Байкенже ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бітуге таяу, Билібай елдімекеніндегі №255 мектеп пен Жаманбай батыр ауылдық округіндегі №54 мектепке қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауданда апаттық жағдайдағы мектеп жоқ. – Аудан бойынша 2011-2023 жылдар аралығында ауданда 22 мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 44 мектептің 97 пайызы, яғни 43 мектеп типтік ғимараттарда орналасқан. Мәселен, 2020 жылы «Жол картасы-2020» бағдарламасымен 6 мектеп, (№51, 89, 125, 194, 213, 224), «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен №86 мектеп күрделі жөндеуден өтті. №3, 53, 213 мектеп ғимараттарының сыртына жөндеу жұмыстары жасалды. №55 мектептің жалпы сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өтіп, құны 443686,0 мың теңгені құрайтын жөндеу жұмыстары 2022 жылы жасалды. Қазір кенттегі №163 мектеппен қатар Билібай ауылындағы №255 негізгі мектепте 20 орындық асхана мен спорт зал салынып жатса, Жаманбай батыр ауылындағы №54 мектепкте 375 орындық жаңа бастауыш сынып ғимаратының құрылысы жүріп жатыр, – дейді Нұрымжан Сәбитұлы.
Иә, іргесі қаланғанына 30 жылдан асқан №163 мектеп бүгінде аудан ішіндегі білім сапасы жағынан алдыңғы буында көш бастап жүр. Ал, білім спасының одан әрі артуы үшін мектептің заманға сай болуы маңызды. Қазір оқу ордасында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына тоқталсақ, мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін қазына қаражатынан 511 млн. теңге бөлінген. Негізгі жұмысты жүргізу үшін 489 млн. теңгемен шымкенттік мердігер «BAQ Building Group» ЖШС жеңіп алып, қазір мектеп құрылыс қарқынды жүруде. – Өздеріңізге белгілі, мектептің білім беру деңгейі жоғары. Ұстаздар да білікті. Дегенмен, мектеп ғимаратының тозығы жеткені рас. Соңғы 10 жылда мектеп ішінің жихаздары да ауысқан емес. Мемлекет қаражатынан мектепті торлықтай жөндеуге қаржы бөлініп, жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтынына ұстаздар да, оқушылар да дән риза. Қазір құрылыстың 90 пайызы бітіп тұр. Мердігер компания 1-қыркүйекке дейін толықтай жөндеуді бітіреміз деп отыр, – дейді мектеп басшысы Мұқтар Шалысбаев.
Өткен оқу жылының аяғында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынына өзіміз де куә болдық. Ұсталар күн-түнмен санаспай, тынымсыз еңбектенуде. Ол жөнінде «BAQ Building Group» ЖШС-нің құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Сыздықов былай дейді: – Қазір мектептің 3-қабатының да күрделі жөндеуі 80 пайызға бітті. Тек азын-аулақ жеңіл жұмыстарын жасап жатырмыз. Біз балалардың білім алуына кедергі жасамас үшін бар күшімізді ішкі жұмыстарға жұмсадық. Ал, сыртқы фасад, яғни мектеп сыртын қаптау жұмыстары 50 пайызға орындалды. Қазір мектептің көше жақ бетін біттік, енді алдыңғы жағына кірісеміз. Басты мақсат – жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуді толық аяқтап, балаларды жаңа оқу жылында қайта жөндеуден өткен жаңа мектеппен қуанту. Оқу ордасының күрделі жөндеуімен айналысып жатқан компания қызметкерінің 1-қыркүйекке дейін жұмысты аяқтап, оқушыларды қуантқысы келетін ниеті көңілімізді қуантты. Онымен тілдескенімізде өз ісіне адалдығын аңғарып, мектептің жөндеу жұмысының сапалы шығатынына сендік.
Одан әрі Билібайдағы №255 негізгі орта мектебі мен Жаманбай батыр ауылындағы Жүсіп Қыдыров атындағы №54 мектеп басшыларымен тілдестік. Олардың сөзінше, екі мектепте де құрылыс қарқынды жүруде.
– Қазір мектепте асхана мен спорт залдың қосымша құрылысы жүріп жатыр. Іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып бітуге жақын. Жоспар бойынша «Дарын Строй Сервис» ЖШС мердігер компаниясы осы жылдың 26-қазанында құрылысты толық аяқтауы керек. Атқарып жатқан жұмыстары жүйелі, өзім де, аудандық әкімдік қызметкерлері де жұмыс сапасын бақылап отырмыз, – дейді №255 мектеп директоры Ғазиза Бегентаева.
Ал №54 мектеп директорының айтуынша, мектепке қосымша 375 орындық бастауыш сыныбының құрылысында 50-ден аса құрылысшы жұмыс жасауда. Қазір құрылыстың 3-қабатының қабырғасы өріліп бітіп, шатырын жабу басталды.
– Мектеп құрылысының жұмысын «Жабдықтау» ЖШС-гі жасауда. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, құрылыс жұмыстары осы жылдың 10-сәуірінде басталды. Жоспар бойынша мектеп 10-қыркүйекте пайдалануға берілуі керек, – дейді Мұхтар Мелдебеков.
– Қазір 1 және 2 қабаттың ішкі жұмыстары аяқталуға жақын. 3-қабаттың да ішкі жұмыстары басталып кетті. Сыртқы жұмыстардың 70 пайызы бітті. Мектептің іші бітісімен сыртын да аяқтаймыз. Жоспар бойынша 10-қыркүйекте аяқтауымыз керек. Бірақ біз 1-қыркүйекке дейін бітіреміз деген ойдамыз. Өйткені, мектептің жанынан бой көтеріп жатқан қосалқы құрылыс болғандықтан оқу жылында оқушылардың білім алуына кедергі жасамауымыз керек, – дейді бас мердігер «Жабдықтау» ЖШС-нің директоры Руслан Серікбайұлы.
Жалпы, соңғы жылдары ауданда білім беру саласының ауыз толтырып айтатын жетістіктері жетерлік. Әсіресе, заман талабына сай мектептер көптеп бой көтеруде. Мәселен аудан бойынша 2011-2019 жыл аралығында 21 мектеп жаңадан пайдалануға берілсе, 2023 жылы 3 білім ошағы бой көтеріп ұрпақ игілігіне табысталды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Айта кетейік, қаржыландырудың ұлғаюына байланысты соңғы жылдары орта және мектепке дейінгі білімді дамыту аясында республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарының құрылысы мен қайта салу, олардың материалдық техникалық базасын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мысалы, өткен жылы кент орталығындағы №286, №169, №289 мектеп жаңадан пайдалануға берілсе, Байкенже ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асып, 2025 жылға дейін елде жаңа құрылыс стандарттарына сай 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген. Жаңа жобадан Жаңақорған да тыс қалмай, ауданда жоба аясында 2 білім ошағының құрылысы жүруде. Бұл – аудан балалары үшін білім нәрімен сусындау жолындағы үлкен мүмкіндік.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

06 тамыз 2024 ж. 154 0