№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мұғалім – ауыл өмірінің модераторы

Мұғалім – ауыл өмірінің модераторы


Аққұм деген ауыл бар. Алақандай аумақты алып жатқан ауылдың айрандай ұйыған тіршілігін адамдарының бір-біріне деген ақпейіл тілегі аңғартып тұрады. Қоңырқай тіршілігіне тәубасынан жаңылмаған тұрғындардың ақ тер, көк тер бейнетіне сыйынып, атар таңға жарқын үміт жалғағандағы бұл өмірден бар арттырғаны артта қалар перзенттері,өзінің көрмегенін ұрпағы көрсе, өзі шыға алмаған биігіне солар аяқ іліктіріп, атын асқақтатса деп ұл мен қызына үміт арту баршасына тән. Әрбірінің ертеңге еншілеткен осынау арзу-тілегін аялап ақиқатқа айналдыра алатын бір ғажайып мекен бар. Ол – ауыл мектебі.
Аққұм елді мекенінде тоғыз жылдық мектеп 2001 жылы ашылған. Жүзге жуық түтін бар ауылда оған дейін төрт жылдық бастауыш мектеп қана болды. Әрі қарай ауыл балалары ағайын-туыс сағалап, интернат жағалап, жан-жаққа бөлініп кететін. Асар әдісімен мектеп үйі тұғыр тіктеп, ендігі ретте көкөрім балапандары көз алдында ойнап-күліп жүріп білім алатынын ойлағанда ел-жұрттың шаттанып қуанғанын көрсеніз! Ау, бұл мектеп деген бала оқытатын қарашаңырақ қана емес, ертелікеш жарығы сөнбей, әркімді білімге үндейтін, жақсылықтың жалынын үрлейтін алтын ұя, аяулы мекеніміз ғой.
Сәт сайын қоңырау үні сылдырап, ауласы сәбидің шат күлкісіне толған жаңа мектептің тынысы ауыл өміріне де өзгеше өрнек ендірген. Құлып пен кітапхана үйі салынбаған, бала түгіл үлкендер барып көңіл көтерер көпшілік мәдени кешеннен жұрдай Аққұмның мектебінде өткен алғашқы Жаңа жыл шыршасын балалардың атаанасы қоса кеп қызықтап, би билеп ән айтқаны руханиятқа сусаған кісі табиғатының көрінісіндей көңілді елжіреткен. Бір өзі тұтастай өркениеттің батпан салмағын сыр бермей көтеріп келе жатқан тағылымның ошағы әлі күнге осы міндетінен жаңылған жоқ.
Әлі де ауылдағы жалғыз білім мен мәдениеттің ошағы, ал онда еңбек ететін ұстаздар қауымы, ауыл өмірінің ұйытқысы да, ұстыны да солар. Алғашқы ашылған уақытта ауыл мектебіне мұғалімдікке жолдама алған Ибрагим Әбжаппаров, Самат Боранбаев, Құрманғазы Елеусізов, Арын Жұмабаев, Бақберсін Нысанбаев сынды жас мұғалімдер мектеп қана емес ауылдың келешегіне бір-бір ұстын болып тұра қалардай жігерлі талап иелері еді. Бірақ олардың өзін өмірге бейімдеп, кәсіпке қайрайтын білікті жетекші керек қой.
Аққұмдықтардың бағына Қожамберді ауылының тумасы, Семейдегі Н.Крупская (қазір Шәкәрім атындағы) мемлекеттік пединститутты оқып бітірген соң өзі оқыған білім ордасында ұстаздық етіп, мектеп директорлығына дейін көтерілген, бірақ сол бір жылдары кейбір бармағын ішке бүккен саяз пыйғылдылармен алысудан саналы түрде бас тартып саладан саяқтау жүрген Батырхан Жолановты аудандық оқу бөлімі осы жаңадан ашылған мектептің оқу ісіне басшылыққа жіберді. Ал бұл таңдауды Аққұмның маңдайына біткен баққа теңегендер аз емес. Неге? Төл мамандығы - қазақ тіл білімі ғылымын жүйелеп оқытуда өзіндік методикасы мен іс-тәжірибесі республика көлеміне таратылған танымал ұстаз Батырханның ұстаханасы түсіне білгенге ширығудың, шыңдалудың мектебі еді.
Ал мұғалім болу дегенді артық мехнатсыз, тіп-тік, сыптай таза жүріп-тұрумен шатастырып мақсатсыз жүргендер оның талабына шыдас бермеуі мүмкін. Сабағына еніп, талдау жасап, жай ескерткенінің өзіне күрдесі жарылып, екі көзге ерік бергендер қанша. Батырханның «Мен ешкімді сөкпеймін, тек бағыт-бағдар көрсетемін, соны басшылыққа алып, меңгеруге тырыссын» деген талабынан шыға білуде маңдай терін төгіп еңбектеніп, ізденісті іс-қимылға көшуден басқа жол жоқ еді. Соған көндіккендер, тәлімгерлікке шын берілгендер ғана жанын аямады, сан сүрінді, тіпті жылдар бойы жығылса да алған бетінен қайтпай тәжірибесін толықтырып, белді ұстаздар болып қалыптасты. Ал бұл мектептің директоры, әулетінде үшеуі бірдей математиктер, ғалым-ұстаз Жиренбай Жанасбаевтың сол кезеңдері есептер жинағынан
методикалық кітап құрастырып шығарып, жалпы аудан мектептерінің білімгерлерін ҰБТ-ға дайындаған еңбегін біз де ұмыта қойған жоқпыз. Бүгінде 130-дай шәкірт білім алатын, аудандағы ең креативті, оқу үрдісі мен тәртібі жөнінен де үлгілі саналатын №221 «Аққұм» орта мектебінің 20 жыл тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі болған Нәзікай Шораеваның (суретте) есімі де ел жүрегінен жылы орын алғанын айтуға тиіспіз.
«Білім мен тәрбие – егіз» деген қанатты қағиданы берік ұстанған кеңестік идеология тұрғысынан келсек қос саланың құлағын ұстаған жоғарыдағы екі азаматтың да елдік мүддені биік қойған тұлға болуы, сайып келгенде ауыл мектебінің абыройын нық бекемдеді. Ауыл тұрғыны Алдашбек Амановтың мектептің оқу және тәрбие ісінің меңгерушілері Батырхан Жоланов пен Нәзікай Оразқызы жөнінде пікірі бір арнадан шықты.
– Бұл екі азамат біздің ауылымыздың еңсесін биікке көтерді. Олардың ерекше талапшылдығы тек мектеп өміріне ғана емес ауыл тынысына да серпін әкелді. Үлкен мінберлерде сөз алып, ауыл көшелеріне тас төсеу, ауыз суды шешу, тағы басқа ел игілігі жолында жұмыстарға дем берді. Ауылдың жастарын жаңашылдыққа тәрбиелеуге бастамашы болды. Өткен жылы негізгі білім беретін оқу ордасының орта мектепке айналып, ауыл түлектерінің үлкен өмірге өзінің қарашаңырағында қанаттанып ұшуына жағдай туғызуда да бұл екеуінің еңбегі ерен, - дейді ол.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей, әріптесі Нәзікай Оразқызы жөнінде Жоланов Батырханның берген бағасы да көңілімізден шықты. «Ол кісі былайғы өмірде жұмсақ болғанымен кеңестік педагогиканың ұстанымына берік. Тапсырма берілді ме, орындалуы керек. Сылтау-себеп іздеуге жол бермейді. Шәкірттерін де осындай мінезге баулыған. Ол кісі өзінің жауапкершілігіне алған міндетінен де мін жіберген кезі жоқ. Ері ертерек бақилық болып балапандарын да өзі тәрбиеледі. Бәрі де ана үмітін ақтады, үздік оқыды, жоғары білім алды. Гүлданасы аудандық перзентхананың, Жаңабегі жұмыспен қамту орталығы мекемесінің тізгінін нық ұстап отыр. Айданасы да медик, кенжесі Нұрбақыт мұғаалімдікті таңдап анасының жолын қуды, – дейді ол.
Ауылдағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ғалия Байділдақызы былай дейді: «Мен бұл ауылға келін болып түскенмін. Ауылда мектеп ашылмаған, біраз жыл жұмыссыз отырдым. Әкем Байділла өмір бойы бірінші сыныптықтарға сабақ беріп, бүлдіршіндердің Әліппеге көзін ашқан кісі еді. Сол кісіге қатты қызығып, рұқсат етілмесе де сабағына кіріп соңғы партада сағаттап отыратын әдетім барды. Сол кісінің жолын қусам-дағы мұғалім болу оңай емес екен.
Бастауыш сынып – шәкірттің болашақ қадамына тірек болатын жауапты қадам ғой. Бір балам әріпті немесе санды меңгермесе уайымдап ұйықтай алмайтын әдет әлі де қалмаған. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы көтерілді, бірақ кейінгі кезде мектептерде киелі мамандыққа жеңіл қарайтын, ұстаздықпен жеке кәсіпті қоса атқаруды олжа көретін психология қалыптасып келе жатқаны шошытады. Мұғалім үшін басты капитал - алдымызда отырған бала, одан артық құндылық жоқ. Баланың жетістігі – ұстаздың абыройы. Ұстаздықты күнкөріс кәсіппен шатастыруға болмайды» дейді ол. Әлгінде айттық қой, жаңа ашылған мектепте жас кадрлар да тәрбиеленді деп, солардың бірі Бақберсін Нысанбаев бастауыш сыныптың мұғалімі, жиырма жылдың көлемінде жан-жақты тәжірибе шыңдап, мектеп басшысының кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасары қызметін меңгерді. Бастауыш сыныптағы шәкірттердің оқу дағдысы, қабылдау дағдысы, математикалық дағдысы жөнінде мектептің «оқу- ағарту министрі» Жолановтың қолдан құрастырған схемасы бойынша тоқсан сайын сынақтан өту әр оқытушыға сын. Осы талаптан көрінуде ерінбей ізденіп, педагогикалық шеберлігін шыңдаған сол кезеңнің кілкіндей жастары бүгінде өздерінен кейінгіге жол көрсетуші кемел жасқа жақындап келеді. Жалпы мектепте ер мұғалімдердің көптігі тәрбиеге де көп демеу. Бұл жағынан келгенде Аққұм мектебінің асығы алшысынан түсіп тұр. Бүгінде Нариман Жакудаев басшылық ететін мектепте 130- ға жуық шәкірт тәрбиеленуде. Биыл 13 бала мектеп бітірді.
Барлығы да ҰБТ-да бағын сынады. Баланың білімі – тек мектеп бағдарламасын жаттап алумен шектелмейді. Дүниежүзі тарихын терең қамтып, кең түсінік беретін, тілдің грамматикасын жіктеп-жіліктеп мыйға ұмытылмастай шегелейтін дәстүрлі оқыту бағдарламасын да қоса қабат алып жүрмесе көңілі көншімейтін кешегінің көзі азайып барады. Аққұмның мектебі Батырхан ағайын да, Нәзігай апайын да биыл зейнеттік демалысқа шығарып салды. Әлі де жүре тұрса ауыл мектебінің құты болмас па еді, оған аудандық білім бөлімі басшылығы мұрсат бермесе не амал? Бұл мектептің орыс тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі Зура Жұманқызы Семей қаласында туып-өскен. Батырхан екеуі пединститутта бірге оқыған. Сөйтіп студент кездерінде көңілдері жарасып, ауылға қол ұстасып бірге келген. Қаланың қызымын деп ақсаусақ болып отырмады, ауыл тірлігіне көндігіп, көп балалы отбасы шаруасын шырқ үйіріп, тіпті сиыр да сауып, ата-ене көңілін таба білуі үлкен қажыр-қайратқа, бастысы ынсап пен ықыласқа байланысты болса керек. Бұл ретте әулеттің батасын иеленген Зура келінді Аққұмның халқы ардақты ұстаз ретінде бағалайды. «Алты Алаштың басы қосылса, мұғалімнің орны – төр» дегендей, ұстаздың дегенін бас жақ тұтып, қадіріне жетіп, қалтқысыз құрметтеу қандай жарасымды. «Бөрібайдың тымағы – ауылдың ынтымағы» Қорытынды ретінде, басты кейіпкеріміздің бірі – Батырхан Есболатұлының өзіне сөз берейік.
«Аққұмға көршілес жатқан Қауық елді мекенінде туып-өскен Тынымбайдың бұл өлкеге жиі атбасын бұруының сыры бөлек. Жазушының алпыс жылдық шығармашылық кешін ұйымдастырған сол кездегі аудан идеология саласының жетекшісі Жұман Жәнібеков шараны жүргізуді маған тапсырды. Шегінерге жер жоқ. Тәуекел деп дайындыққа кірістім. Кеш барысында жазушының шығармашылығына терең бойлап, кейіпкерлерінің сан қырлы табиғатын талдап тарқатуым қаламгер көңілінен шықты ма, «жиыннан соң кетіп қалма, сөйлесейік» деді. Қонақүйдің қуықтай бөлмесіне келіп отырмыз. Жазушы аға соңымыздан жеткен Адырбек пен Файзулла ақынға «кешке бірге болармыз, әзірге мына баламен әңгіме бар еді» деді. Оқырманының не мамандық иесі екенін сұрады. «Қазақ тілі – әдебиеті пәнінің мұғалімімін» деп едім, «бәсе» деп көтеріліп қалды. Анау-мынау емес, Қайым Мұхаметқановтың шәкірті екенімді айтқанда одан сайын ықыласы артып, тереңінен сыр тербеді. Өзінің шығармашылық лабораториясы жөнінде әңгімелеп, бір туындыны жазу үшін ұзақ толғатып жүріп алатынын жасырмады. Мәселен, «Жер иісін» төрт жыл ойда қорытып, идеясы санада әбден піскен соң жазуға отырған екен. «Ал сен сондағы тұтас ойды 5-ақ минутқа сидырып, өзегін дәл таба білуің таң қалдырды. Жазушының жан дүниесін дәл өзіндей таныған оқырманды бірінші көруім» дегенді де айтты. Мен де желпініп жазушының келесі шығармасы – «Бөрібайдың тымағын» талдауға көштім.
«Ит – өмір, адам – тазы. Сіздің айтқыңыз келгені, түлкі заманды қуады екен. Бөрібайдың тымағы – ауылдағы бір-ақ тымақ. Оны да түлкі алып қашып кетеді. Ал сіз сол тымақты ауылдың ынтымағына әкеп тіреп отырсыз ғой» дедім.
Осы жерге келгенде басын төмен салып үнсіз отырып қалған жазушының қара көзілдірігі жиегінен жанарынан сырғанып түскен жасты байқадым. Алыста жүрсе де ауылдың ынтымағына жаны ауырып, соның мызғымай сақталуына тілектес алқалы үмітін ақ қағазға өрнектеуден танбаған жазушы жаны не деген тұнық, не деген таза еді!», – деді Батырхан мұндана. Осылай деп өзі де ой тереңіне сүңгіген ұстаздың да ұлық мұраты – ауылдың бірлігі, ауылдың ынтымағы екенін анық түйсіндім. Бар пейілімен соның тетігіне бір кірпіш болып қалануға ұмтылған құштар тілекті осы бір асыл ниетінен ажыратып алар күш жоқ-ау, сірә?

Баян ҮСЕЙІНОВА

07 тамыз 2024 ж. 511 0