№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Қызылорда қаласының актив отырысында Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарған Серік Қожаниязовты әріптестері жаңа қызметке шығарып салды.
Қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқарған Серік Салауатұлы "ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тәуелсіз директорлығына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды.
«Серік Салауатұлы - облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейіндегі абыройлы, білікті, тәжірибелі кадрлардың бірі. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде, Премьер-министр Кеңсесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған білікті маман, тәжірибелі басшы. Менің тікелей шақыруыммен 2022 жылы маусымда Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде елге қызмет етуге келген болатын. Осы уақыт аралығында өзіне жүктелген жауапты міндеттерді орындауда мол тәжірибесін, білім-біліктілігін пайдаланып, жемісті еңбек үлгісін көрсетті», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында қолға алынған серпінді жобаларға тоқталды.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң динамиканы атап өтті.
Екі жыл бұрын қала бюджеті 73,5 млрд. теңге болған.
Өткен жылды облыстың бас шаһары 95,2 млрд. теңге бюджетпен қорытындыласа, биылғы 6 айда 107,4 млрд. теңге көлемінде бекітілді. Облыс орталығындағы жобаларға қаржыландырудың барлық көзінен 53,5 млрд. теңге бөлінді.
"Бұл қаржы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, жайлы орта қалыптастыруға бағытталды.
Серік Салауатұлының басшылығымен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Қызылордалықтардың арманына айналған ыстық су түйткілі оң шешімін тапты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен қаладағы 625 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілетін болды",- деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, қаладағы және оған қарасты елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жобалары, тұрғын үй құрылысы, қаланың сәулетін, келбетін көркейтіп, абаттандыруда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аймақ басшысы Серік Салауатұлына осы кезге дейін атқарған қызметі үшін сырбойылықтар атынан алғыс білдіріп, облыстың ең жоғары марапаты - Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Қызылорда қаласының әкімі болып Ахатов Нұржан Сәбитұлы тағайындалды.
Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.
«Нұржан Сәбитұлы барлығыңызға етене таныс. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған, оның барлық сатысынан өткен, кез келген жұмысты өз деңгейінде үйлестіре білетін азамат. Мемлекет басшысының, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, қызылордалықтардың әл-ауқатын арттыруға, өздеріңізбен бірге туған қаламызды одан әрі өркендетуге, көркейтуге аянбай жұмыс жасайтынына сенемін.
Бүгінде облыс тұрғындарының басым бөлігі қалада тұрады. Қызылорда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, жайлы ортаға айналып, барлық ауданға үлгі болуы керек. Жаңадан тағайындалған әкімге экономиканың барлық саласы бойынша нәтиже көрсетуді тапсырамын», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ, қаланың жаңа әкіміне коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуін, сапалы қызметін үйлестіру, кезекте тұрған әлеуметтік осал топты және жастарды тұрғын үй, жер учаскесімен қамтуға қатысты шаралар қабылдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, шет аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту, қала тазалығы мен көркейту мәселелерін басты назарда ұстау міндеті жүктелді.
Актив отырысында ел ағалары Жарылқасын Шәріпов, Дайрабай Ысқақов, Мұрат Бақтиярұлы, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев С.Қожаниязов пен Н.Ахатовқа тілектестік білдірді.
Нұржан Ахатов 1978 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы облыстық статистика жөніндегі есептеу орталығының жабдықтаушы маманы болып бастаған. 2004-2008 жылдары Шиелі аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2008-2013 жылдары облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы болған. 2013-2015 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары, 2015-2022 жылдары «Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма төрағасы, «Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарды. 2016-2021 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты ретінде өзекті мәселелердің оң шешім табуына атсалысты. 2022 жылдың шілде айынан Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
02 тамыз 2024 ж. 172 0