№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Музыка пәнінің мұғалімі

Музыка пәнінің мұғалімі

Музыкалық сауаттылық. Бала үшін оның мағынасы бар ма? Ұл-қызының математиканы, физиканы, химияны, тарихты, әдебиетті жақсы меңгергенін қалайтын атаана бұл тақырыпқа бас ауыртып жатпайтыны белгілі. Ал негізінде өнерді меңгерудің, яғни ән салып, би билеудің де жас өреннің дүниетанымын арттырып, рухани жанжақтылыққа тәрбиелеуде орны бөлек. Бұл жөнінде аудан орталығындағы №51 орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Ерсұлтан Әділханның өз айтары бар.
Қаратау етегіндегі шоқ талдар көмкерген шөкімдей ауылдың жанындағы төбешікке шығып алып таяқты домбыра етіп ұстап аңырата ән салған балақанның келешегіне кім-кім де үміт артып, арқасынан қағып қошеметтемегені кемде-кем. Сол алғаусыз сенімді ақтауына әкесінің туған бауыры, өзі ақын, өзі сазгер Әметхан көкесінің ықпалы басым деуге болады. Сол кісіге еліктеудің арқасында кішкентайынан өнерге жақын болды. Өздігінше домбыра тартуды меңгеріп, гармон мен баянның құлағында ойнайтын болды. Әйтсе де мамандық таңдауға келгенде әке талабынан асып кете алмады, Алматыдағы милиция жоғары мектебіне жолдама алған. Бірақ әділіне келгенде мұның мінезі де, табиғаты да бұл мамандықты өмірлік таяныш санауына мүлдем кереғар келді. Өнер адамының жүрегі жұмсақ, айналасын аяғыштық сезімі басым, оның үстіне бір түйір жалған айтуға жоқ тура мінезі мейір мен шапағаттан туған бекзат мұраның жалына жармастырды. Бала жасынан жаны сүйген мамандықты меңгеруді мұрат тұтып Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы университеттің музыка факультетіне құүжат тапсырды. Оқуды бітірген соң отан алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында екі жыл әскер қатарында болды. Ол жақта да мамандығы бойынша әскери ансамбьдің мүшесі ретінде беделі артты.
Бұл әскерден оралған кезде елде жұмыссыздық белең алып тұрған кез, бойда өнері бардың еңісте қалмасы рас екен, ел ішінде жүріпақ той-томалағын жүргізіп, ата-ананың қолын ұзартты. Кәсібін тек күнкөріс деп қарамай ауыл мәдениеті көкжиегінің кеңеюіне қосқан үлесі көп көңілінде жаттаулы.
Ал бүгінде…біржолата ұстаздыққа ден қойған ол аудан орталығындағы №51 орта мектебінде музыка пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар жоғары сыныптар арасында музыка үйірмесінің жетекшісі. Оған да он екі жыл зымырап өте шығыпты. Жас өскін тәрбиесіндегі өзіндік қолтаңбасына ой жіберіп қараса, қасиетті өнердің бала өмірін өнеге мен ұлағатқа бұрудағы басымдығына бас иетін тұстары көп. Өзінің түйгені, бала әнді үйрену, оның ырғағына дұрыс ілесуді меңгеру арқылы өмір ағымына бейімделу белсенділігі артады. Зияткерлігі дамиды. Ән жүректен шығады, оны орындауда бүкіл сезімімен беріліп, ақыл-ес жүйесі арман мен қиялға, сұлулық пен әдемілікті тануға ұмтылады. Ән сала білмейтін адам сезімнен де жұрдай. Қоғамға да осындай жандардан қауіп көп. Міне, қарапайым пәннің қатарына қосатын ән-күй сабағында қандай мән жатыр? Барлығымызға белгілі, бала кезімізде мектепте хор үйірмелері болды. Оған білімгерлер тұтас тартылды. Сонда бір дауыста, екі дауыста орындайтын патриоттық бағыттағы әндеріміз көкіректе әлі жаттаулы. Біздің буынның қайсар, отансүйгіш, идеалға берік қалыптасуына соның көп ықпалы болғанын мойындамасқа болмайды. Ал қазір ше? Мектепте хор үйірмесі жұмыс істеп жатыр ма?
Сұхбаттасымыз біздің пікірімізді қуаттай түсті:
– Хор дегеніміз – бір дауыста ән шырқау, ол өрендерді достыққа, бірлікке ғана емес биік рухқа да баулиды деп сеніммен айта аламын. Мұның бала тәрбиесіне ықпалы үлкен. Келешек мемлекетшіл, туған жерін сүйетін азаматтың қос қанаты тең жетілуіне оқушы кезден негіз қалануы тиіс. Абай атамыз «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» дегеніндей, өзімен-өзі оңаша тұйық жүретін балғынды өнерге бейімдеу арқылы көңіл кілтін тауып, келешек талантының ашылуына ықпал ете алғанымды да мақтана айта аламын, - деді ол.
Бір өкініштісі, келешек өнерде бағы жанады-ау деп үміт күткен шәкірттерінің ата-ана ықпалынан аса алмай өзге мамандықты таңдайтыны. Ұл-қызын биік карьерадан көргісі келетін, сол үшін заңгерлікке, қаржыгерлікке, тағы басқа өздері бедел көретін оқу орындарына бағыттайтын ата-ана да көп ретте табиғи талантқа қиянат жасап отырғанын сезбеуі мүмкін.
Осы орайда шәкірті Сәйпідін Ерхан туралы ерекше тоқталды. Ол мектепте жүргенінде талай рет үлкен деңгейдегі сайыстарға қатысып, бас жүлдені қанжығалаған екен. Республикалық «Көктем-мереке» байқауында, интеллектуалды білім порталының республикалық қашықтықтан өткізілген «Сегіз қырлы, бір сырлы» байқауында жүлделі бірінші орынға ие болыпты. Облыстық «Бозторғай» байқауында 3 орынды қанжығалап, дипломмен марапатталды. «Біз бақытты баламыз» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқауында үздік өнер көрсетіп, «Ансамбль» номинациясының бас жүлдегері атанған екен. Бұл жігіт қазір Түркияда мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Бірақ бала жастан ынтық өнерді тастамай, домбырамен ән айтып, өзге мемлекетке қазақтың жауһар өнерін кеңінен насихаттап жүр екен. Оның авторлық клиптері әлеуметтк желіде әлемді шарлап жүргенін де мақтанышпен жеткізді.
                                                                ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕ – ЕГІЗ
Кеше оқу жылының соңында бұқараны нашақорлықтан сақтандыру туралы бүкілхалықтық акция өтіп, осы бағдарламаны мектепішілік деңгейде ұйымдастыруда рэп түрінде клип түсірілгенін айтты. «Болашақта жарқын өмірді қалаймыз» тақырыбында рэп музыкасын таңдап, сөзін бала ұғымына жеңіл мазмұнда өздері жазып шығыпты. Оның ішінде есірткінің зияны, одан аулақ болу, жігерді шыңдау мен жеңіске жету, өспірімді өнегелік рухқа баулудың тиімді тетіктері сәтті өріліпті. Бейнебаян барлық мектептің ортақ чатынан орын алыпты. Бұл жұмыстардың барлығын білім ұясындағы әріптестері – Айжан Балғабаева, Маржан Бейсенбаевамен бірлесіп іске асырып келе жатқанын айтады. Бұл үш өнерпаз ауданда мұғалімдер арасында өткен байқауда баян, домбыра, сылдырмақтың сүйемелдеуімен Мұқағалы Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» әнін шырқап бірінші орынды жеңіп алыпты.

Баян Үсейінова
13 шілде 2024 ж. 349 0