» » Көп тіл білгеннің өрісі кең

Көп тіл білгеннің өрісі кең


Үштұғырлы тіл – дамыған мемлекет құрудың алғы шартының бірі. Ол өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея екені белгілі. Дегенмен тілді меңгерудің маңызы мен мерзімі әлі де тиянақты белгіленіп, соған сай заңдық ережелері толық бекіп бітті дей алмаймыз. Өйткені бұл тұста қоғам көзқарасы екіге жарылып, бірі үштілділік тұтас ұрпаққа оқытылуы керек десе, бірі көп тіл білу аса мұқтаждық туындаған мамандық иелеріне ғана қатысты, жалпы қарапайым қоғам мүшелеріне оны таңу зорлық болады дегенге саяды.
Ұстаз ретінде пікірім, үштұғырлық саясатын қолдаймын, десе де қоғамда мемлекеттік деңгейде көптілділік қолдау тапқан жағдайда қазақ тілінің аясы шектеліп қалады деген алаңдаушылық басым екенін аңғарып қаламын. Шынында солай ма? Көптілділікті бала жастан меңгертуді қолай көрген ата-ана көңілінде балабақшадан бастап өспірімнің өзге тілді меңгеруіне мүдделілік басым екенін аңғарамыз. Әрине, бала тілді тез ұғады, бірақ ойлау жүйесіне нұқсан келетінін де ұмытуға болмайды. Өркениетті мемлекеттердің қайсыбірінде болмасын балаға тіл үйретуді 6-7 сыныптардан соң ғана қолға алатыны содан болса керек.
Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, қауымдық профессор Қуандық Шамахай былай дейді: «Қоғамда белгілі бір деңгейдегі адамдарға көптілділік аса қажет. Олар арнайы мамандық иелері - дипломатиялық қызметкерлер, халықаралық ұйымдар және сауда өкілдері, журналистер, шекара, барлау, тыңшылық сында мемлекеттік қауіпсіздік ұйымы қызметкерлері деп бөліп айта аламын. Ал үштұғырлықты жалпы қарапайым халыққа таңудың мәні жоқ деп есептеймін. Мәселен, өзінің шаруасын ғана күйттеп жүрген диқанға, малшыға, етікшіге оның не қажеттілігі бар?» деген пікірін айтады. Көптілділік мәселесі Қазақстанның 2030-2050 жылдарға дейінгі даму Тұжырымдамасында нақты атап көрсетілді. Бәсекеге қабілеттілікті еркін меңгерген, әлемдік экономикада өзін көрсете алатын тұлғаны қалыптастыру үшін көптілділік мәселесі тоқсаныншы жылдардан бастап көтеріле бастады. 2008 жылдан бастап үш тілде білім беру «Жол картасы» жасалып, алдымен ұстаздарды даярлауда базалық білім бағдарламасының негізі қаланды. Бұл арқылы алдымен техникалық білім беретін физика, математика, химия сынды пәндерді оқытатын мұғалімдер арнайы курстан өтіп, ағылшын тілінде дәріс беруге мамандана бастады. Мақсат – пәннің терминологиялық негізін қалыптастыру, сол арқылы әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілеттілікті орнықтыратын білім методикасын меңгеру болып отыр. Өз басым, көптілділікті заманның өзі тудырып отырған қажеттілік деп есептеймін. Студент ұлыма көп тілді оқып меңгеруге нақ осы кезден бастап көп күш жұмсауға тура келеді деп үйретіп келемін. Ертең жұмысбасты болған соң, содан кейін жанұяның жағдайы, артық оқуға уақыт та болмайды. Қазір барыңды салып, көп оқып, көп білуге тиіссің деп ақыл айтамын. Мен оның тек орыс, ағылшын тілін ғана емес, қытай тілін де, араб тілін де еркін меңгеруін құптаймын. Жаһандану заманының талабы осындай.
ХХІ ғасыр – техниканың ғасыры. Озық үлгідегі техникалық және медициналық заманауи аппараттар жапон, қытай сынды алпауыт елдерден шығып келіп жатыр. Оның құжаттық нұсқамасын толық түсінбейінше сол машиналар мен аппаратты іске қосу қиын. Тілді еркін меңгерген өз-өзіне сенімді жан еркін жұмыс істей алады. Алдағы уақытта бүкіләлемдік бәсеке алаңында қазақ жастары қатарынан кенже қалмасы үшін көп тілді меңгергені аса қажет. Біртұтас құндылықтарымыз – тілімізді, тарихымызды, салтдәстүрімізді бес саусақтай біліп, жанымыздай қадірлеу өз алдына, шетелге шыққанда өзге елдің тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін түсініп, құрметтей білмесек заңды аяққа басқан болып есептелеміз. Сондықтан, жеті жұрттың тілін білу өте маңызды. Кезінде қазақтың зиялы оқығандары орыс тілін меңгеруге ұмтылуының астарында осындай сыр жатыр.
Абай атамыз орыс тілін «Еуропаға ашылған терезе» деп дәріптеді. Өзі жатпай-тұрмай орыс тілін меңгерді. Орыстың атақты ақындары – Пушкиннің, Лермонтовтың өлеңдерін қазақ тіліне сәтті тәржімалады. Көп тіл білу – қанатыңды кеңге жаяр мүмкіндік қана емес, ол ұлт пен ұлтты жақындататын, бір-біріне құрметін арттыратын қасиетті таным-табиғатымыздың ғажайып кілті де. Адам Ата мен Хауа Анадан жаралған адамзаттың тілі әр алуан болғанымен армантілегі бір, жүрегі жарық өмірге құштар. Олай болса, көптілділік – бейбітшіліктің де кепілі.

Сәуле Жанадилова,
№169 Илялетдинов атындағы орта мектебі директорының орынбасары

11 тамыз 2024 ж. 508 0