№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бейнекамера: жолсыздықтың алдын алады

Бейнекамера: жолсыздықтың алдын алады

Әлеуметтік желіде тәрбиеші қауымның қатыгездігі қызу талқыға түскелі ата-ананың назары балабақшада бейнебақылау қондырғыларының баржоқтығына ауды. Елдегі барлық балабақшаларға 2021 жылдың бірінші қаңтарына дейін бейнебақылау камераларын орнату тапсырылған-ды. Жаңақорғандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының камерамен қамтылу жайы қалай? Осы жөнінде жауапты мамандардан сұрап көрдік
Министрліктің ақпаратына назар аударсақ, елдегі 6530 балабақшаның 4510-ы камераға қосылды. Ондағы мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүлдіршіннің балабақшаға табаны тигеннен үйіне қайтар сәтіне дейін ахуалын қадағалайтын камераның үздіксіз жұмыс істеп тұруы міндеттелді. Бірақ камераның сапасы қалай, ақпаратты жадына сақтайтын мүмкіндігі бар ма? Әлде есептілік үшін камера қойылса болды ма? Бұл бір үлкен мақалаға арқау болатын тақырып. Сондықтан балабақшаларды камерамен қамту деңгейі жайлы сөз етуді жөн көрдік. Аудан бойынша 114 мектепке дейінгі ұйым бар, ондағы тәрбиеленіп жатқан бала саны 5520. Тарқатар болсақ, 26 мемлекеттік балабақшада 1660 бала, 82 жеке меншік балабақшада 3740 бала, мектептер жанындағы 7 шағын орталықта 120 бала ресми тіркелген. Жалпы, 1-6 жаста 11346 бала болса, оның 6207-сі балабақшамен және 1861- і мектептердің мектепалды сыныбымен қамтылған. Аудан бойынша 1-3 жастағы 715 бүлдіршін балабақшада тәлім алуда. Соңғы бес жылдың мәліметінше, ауданда 3-6 жастағы балалар 100 пайыз балабақшаға барады. Мектепке дейінгі мекемелерде 971 педагог қызмет етеді. Оның жоғары білімдісі – 692, орта білімдісі – 279. Біліктілік санаты бойынша тарқатсақ, жоғары санатты педагогтер – 9, І санаттылар – 96, ІІ санаттылар – 269, санатсыз педагогтер – 597. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты кезекші топтағы тәртіпті сақтай отырып 15 баладан тәлім беріп жүрген тәрбиешілер қауымының көбі жаңа жылдан бастап камералық режимде қызмет көрсетуде. Яғни, 2021 жылдың бірінші қаңтарына дейін 23 балабақшада ғана камералар бар болса, қазіргі таңда барлық балабақшаларда камералар іске қосылуда.
Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов: – Қазір мектептерде ғана емес, балабақшаларда камера орнату жөнінде талап күшейтілді. Әр тоқсан сайын талапқа сай комиссия бақылау камераларындағы жазбаны қарап зерделейді. Сонымен, ауданда бала қауіпсіздігі үшін қойылған камералар қай балабақшада бар?
Осы сауалды ең алдымен аудандық прокуратураның прокуроры Берік Байсбековтен сұраған едік.
– Балабақшаларда бейнебақылау орнатылу деңгейінің артуы көптеген құқықбұзушылықтың алдын алады. Бұл бір жағынан бала қауіпсіздігін күшейтсе, екінші жағынан ақпарттың қол жетімділігін туындатады, – деді.
Ал аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлыбек Қордабаев: – Ауданда тәрбиешілердің үстінен ата-аналардан шағым түссе шұғыл түрде оқиғаны анықтауға кірісеміз. Осы кезде мекемедегі бейнекамера жадынан бейнебаяндамаларды қарап, оны экспертизаға жібереміз. Егер қандай да бір қылмыс дерегі анықталса заң алдында жауапқа тартылады, – деп ескертті. Құзіретті орындар қандай да бір түскен ата-ананың шағымын зерделеуге әзір екенін айтады. Бұрыннан камералық режимде қызмет жасайтын “Болашақ”, “Алпамыс”, “Арнайы балабақша”, “Жұбаныш”, “Еркетай Орталық”, “Асылзат-Дарын”, “Нұрай-Қыдыр”, “Нұрлы-Сенім” балабақшаларында 18-12 камераға дейін орнатылған. Мұны атааналар қалай бақылай алады? Мұны балабақша меңгерушілерінен сұрадық. – Балабақша ашылған күннен бастап бейнекамера орнатуды жөн көрдік. Себебі тәрбиешінің іс-әрекетін үнемі бақылап отыру мүмкін емес. Тұрғындар бізге баласын сеніммен тапсырғандықтан денсаулығына жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Көп жағдайда атааналар баласының беті-қолы көгеріп келсе күмәнін жасырмайды. Біз осындай сәтте камерадан үзінділерді қарап, дене көгеруіне не әсер еткенін анықтаймыз. Балалар көбіне сүрінуден, соқтығудан және байқаусыздан денелерін көгертеді де анасына жалған айтатын жағдайлар да кездеседі. Біз ата-анасына болған жайды көрсеткенде ғана сабырға келіп, түсініп жатады, – дейді балабақша әдіскері Асылзат Бақыт.
Ата-аналар балабақшаны таңдағанда бірінші кезекте тәрбиешілердің санатына, тәжірибесі мен біліктілігіне назар аударады. Сосын көп ата-ана таныстамырының, туыс-жегжатының көңілін жықпай, баласын соның балабақшасына сеніп, баласын балабақшаға береді. Осының өзі баланың қауіпсіздігіне жүз пайыз кепілдік емес. Мұны кент тұрғыны Шарипа Аманжолқызының пікірінен аңғардық. – Кентте балабақша көпақ. Өзім үйдегі 4 немеремді 4 балабақшаға бердім. Бірі досым, бірі туысым, енді бірі ағайыным дегендей. Алайда немерелерімнің жайы болмады. Бір күні киімі жыртылып, келесі күні киімдері жоғалып келеді. Даулайын десең, танысың. Жай ғана ескерткенмен нәтиже болмады. Сосын мемлекеттік балабақшаға бердім. Осы шешімім дұрыс болды. Өтініш айтсақ, камераны көрсетіп, балалардың балалығын көзімізге көрсетеді. Күпті көңіліміз орнына түсіп, немерелерімнің теріс қылығына көз жеткізіп отырамын, – дейді ақ жаулықты әже.
Осындай кереғар жағдай, кейде бала денесінде болмашы жарақатына мән бермей, тәрбиешілердің теріс әрекетін жабулы күйінде қалдыратын секілдіміз.
Осы ретте көп жыл балалар мекемесін басқарған тәжірибелі маман Динаш Ахметова камералық режимнің балабақша саласында көптеген былықтардың бетін ашатынын айтады.
– Біздің балабақшада 6 камера ғана қосылған. Балабақшаның кіреберісі мен балалар әжетханасында жоқ. Өзім балабақшада қандай жағдай орын алмасын, дереу камераны кері айналдырып анық-қанығына көз жеткіземін. Тәрбиешілердің теріс әрекетін байқасам төзбеймін. Меніңше камераны көбейтудің нәтижесі көп, – деді ол.
Аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлық камерасын ақтарса талай былыққа тап боларымыз сөзсіз. Қылмыстың алдын алу үшін қайтпек керек? Бұның да шешімі бар. Алматы облысында балабақшалардағы камераларды бір орталықтан бақылау қолға алыныпты. Олар мұны балабақшаның меңгерушісінің, ата-аналар комитетінің төрағасының және білім бөлімінің маманының ұялы телефонына бейнебақылауды тікелей қосу арқылы шешіп отыр. Осы үлгіні біздің балабақшаларда іске асырса ашықтық пен жариялылыққа жол ашыла түсер еді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
01 шілде 2024 ж. 244 0