№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұмар еткен Ұлы Дала мұрасын

Тұмар еткен Ұлы Дала мұрасын


«Жылынбас туған жердің отына кім,
Мекені әулиелер мен сопылардың.
Суың бал, ауаң дәру, жанға шипа,
Алтыннан қымбат уыс топырағың.
«Жәннатым – Жаңақорғаным»
Ақын қаламынан шыққан осы бір өлең жолдары ойына әуен болып құйыла кеткендей «Жәннатым – Жаңа­қорғаным» атты жаңа ән дүниеге келген еді.

Ән авторы, туған топырағымыз­дың түлегі Марат Жанғазы жақында кент орталығындағы «Арман» мәдени­ет үй­інде шығармашылық кешін өт­кізді. Кешті белгілі журналист, Қазақ радио­сының майталман қызметкері Гүлмира Әділханқызы жүргізді. Кеш иесі – Марат Төлегенұлы келесі жылы алпыс жасқа толған мерейлі мінберін ұлт өнерін ұлықтау жолындағы енапат еңбектерімен жүйелі үйлестіріп атап өтпек ниетте екен. Бұл жолғы шараны соның алғашқы қадамы тәрізді сезіндік.
Бұл туралы Гүлмираның өзі былай дейді.
– Кіндік қаным тамған туған жерден жырақтағалы отыз жылға жуықтады. Осы жылдар аясында Жаңақорғанға рухани шараларды өткізуге арнайы шақыртумен келіп жүрмін. Бұл жолғы сапарымда дәулескер күйші, сазгер, продюсер, «сегіз қырлы, бір сырлы азамат Марат Жанғазы ағамыздың «Күнгейдің сазды сарыны» атты кешін жүргіздім.
Марат ағамен алғаш таныстырған әйгілі сазгер Марат Омаров ағамыз еді. Содан бері он бес жылдан аса уақыт көптеген концерттік жобаларда бірге жұмыс жасап келеміз. Марат Жанғазы продюсер ретінде республи­ка­лық деңгейде күйші Әлшекейдің шығармашылығына арналған шара­ларды ұйымдастырды. Сондай-ақ, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбековтың көзі тірісінде туған жерінде «Туған жерге тағзым» концертін өткізуге көп тер төкті. Міне бүгін, сәті түсіп өзінің туған жерінде таланты бағаланып, кішігірім болса да шығармашылық кеші өтті, бұл келер жылы өтетін мерейтойға дайындық» дейді.
«Шығармашылық кеште Марат Төле­генұлы күй атасы – Құрманғазыдан бас­тап Әлшекейдің, Сүгірдің күйлерін және өзінің «Өмірден өткен тұлғалар­ға толғау» және «Алпамыс» күйлерін орындады. Сондай-ақ жергілікті әншілер сазгердің бірнеше әндерін орындағанда залда отырған көрермен қошеметпен қол соқты. Қысқасы, әсерлі, әдемі кеш болды. Кеш соңында Мағжан деген жасөспірім «Бір күй ойнап берсем» деп сахнаға көтерілгенде Марат ағамыз оған өз домбырасын ұсынды. Өнерпаз Әлшекей атамыздың «Пойыз туралы күйін» күмбірлете жөнелді.
Ия, елде осындай рухани кештер көп болғанына менің де жүрегім жарылып қуанатынымды жасырмаймын» деген төркінжұртқа тілеуқор жанның лебізі біздің де көңілімізді елжіретті.
Енді аудан жұртшылығына Марат Жанғазы туралы жан-жақты таныстыра кеткеніміз жөн болар.
Ол 1965 жылы 20 мамырда қа­зіргі Сүттіқұдық ауылында дүниеге келген. Әкесі Төлеген соғыс ардагері, жары Рыскүл екеуі 8 перзент өсіріп тәрбиелеген екен. Марат аға балалық шағы туралы былай дейді.
– Кішкентайымнан әнге, күйге құмар болдым. Әкем әкеп берген гармонды өздігімше үйреніп, үнді фильмінде көрген әндерді салатынмын. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде ауылға бір еврей кісі келіп, дарынды балаларды іздеп жүрген беті екен, өнерімді байқап әкеме келіп жолықты. Не керек, сол кісімен ілесіп, Алматы қаласына келіп, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балалар интернатына қабылдандым, - дейді.
Орта мектептен соң Құрманғазы атындағы консерваторияға түскен екен. Арасында кеңес армиясы қатарын­да әскери борышын өтеп келгені бар, алғашқы еңбек жолын Теміртау қаласында мұғалім болып бастапты. Кейін Ақтөбеге шақырту алып, облыс­тық мәдениет басқармасында 18 жыл жұмыс атқарғанын айтты.
Өнер адамы өрелі ой жетегінде һәм ізденісте жүретіні белгілі. Ежелгі Жиделі байсын жерінде, яғни Қытайдан Ауғанстанға дейінгі кең байтақ атырапты алып жатқан ата-баба мекенін еркін кезіп күй сарының зерттегенде көп жауһарға кезіккенін айтады. Әсіресе, жүзден аса күй шығарған, көңілдегі мұң-шерді қоңыр күйдің тілімен күмбірлетіп, қазақ даласын киелі әуенмен әлди­леген Әлшекейдің соңында мол мұра­сы, көкірегінде шырағын сөндірмей, шалғайына жармасып жүріп сұңғыла өнерінен сусындап үлгерген шәкірт­тері қалған екен. Солар тұма талант­тың төлтумаларын заманалар жадына тұмар қып таға біліпті. Талант иесінің мұрасын алғы буынға аманаттауды асыл парызымыз деп ұғынған адал перзенттер қатарында мұның да еңбегі ересен.
Бұл сөзіміздің дәлелі, осыдан екі жыл бұрын Жаңақорған төрінде Әлшекей Бектібайұлыгың 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп, оған Арқа төсінен бастап көрші аймақтардан өнер өкілдері келіп, шабыт кешіне өнер шашуымен шуақ төккен.
– «Әлшекей – Жиделі байсын мек­тебінің соңғы өкілі. Ол кісінің еңбектерін тауып, жаңғыртуда туысқан Өзбек­стан мемлекетінде үлкен фестиваль өтті. Өйткені ол кісі өмірінің соңын­да қуғын-сүргінге ұшырап Өзбекстан мен Тәжікстан жерлерін сағалаған. Сондықтан ол кісінің мұраларын сол елдерден тауып жатырмыз» дейді ол.
Бүгінде өзі «Жиделі Байсын» ака­демиясының төрағасы, республика­лық «Әлшекей» қорының атқарушы директоры қызметін қоғамдық негізде атқарып келеді екен. Сол сияқты Әлшекейдің ту­ған шөбересі Оңғар­бай Дәнебековпен бірге ірі жобалар­ды жүзеге асыру ниеті барын да жасырмады.
Марат аға бүгінде шығармашылық және ғылыми әлеуетін бүтіндей осы бағытқа арнап келе жатқанын жеткізді. Әзірге үкімет тарапынан қозғалыс жоқ деп қарап отырмай баба мұрасын жинақтау, жарыққа шығаруды перзенттік парызым деп түсінетінін ұқтық.
Рас, кеңестің кезеңде тарихтың көп тұсы бұрмалауға ұшырауы ақиқат жолынан адастырып, көптеген мәдени құндылық­тарымыздың бағаланбай, түнекте тұншы­ғуына себеп болып тұр. Осындай маржан­дарымыздың беті ашылып, жарыққа шығуына дем беретін тарихи сана қуатына сабақтастық арқылы қол жеткізе аламыз. Осыны жақсы білген өнер зерттеушісінің алға қойған мақсаты айқын.
– Перзенттеріңізден жолыңызды қуғандар бар ма? – деген сауалымызға:
– Тұңғышым Ақтау қаласында Жантөрин атындағы театрда актер, екінші ұлым АТ мамандығы бойынша Қытайда білім алып жатыр. Жолдасым Жадыра Арыстанова бел­гілі әнші, қазірде Жүсіпбек Елебеков атындағы коллдежінде оқытушы, – деп жауап берді сұхбаттасымыз
Марат Жанғазының бүгінге дейін отызға жуық әндері белгілі әншілердің репертуарына енген. Сондай-ақ ол бірнеше күйдің авторы Адырбек Сопыбековтің сөзіне жазылған «Жер жұмағы – Жаңақорған» әнін өмірлік жары, жезтаңдай әнші Жадыра Арыстанова орындап жүр. Кешегі елге келген сапарында «Жан ана» және «Махаббат жыры» әндерін жергілік­ті талантты әншілеріміз Кенже Әкімба­ева мен Сайран Ділмановтың орындауында жұртшылық жақсы қабылдағанын айтты.
Марат Төлегенұлының Астаның он жыл­дығына арнап жазған «Арайлым Астанам» әні жоғары бағаға ие болғанын айтуға тиіспіз. Сол сияқты 2018 жылы Ақтөбенің 150 жылдық тойына жарияланған конкурста «Киелі Маңқыстау» әні 300 сазгердің әні сынға түскен байқауда жүлдеге ұсынылып, Гран-При-ді жеңіп алды.
Ешжерде еңкеймейтін ер жігіттің басы ту­ған жерде қалай еңкейетінін атамекенге зәуі­де жолы түскен осындай азаматтарымыз­дың кіндік қаны тамған жерге тәу еткен алғаусыз пейілінен анық көріп сүйсініп қалатынымыз жасырын емес. Бұл туралы кейіпкеріміз­дің ағынан жарыла жеткізген көңіл сыры төмендегідей өрілді:
– Несін жасырайын, жас күнімде қызмет бабымен ойға алған мақсатыма жетуде еңбектендім, іздендім, талай белесті бағындырдым. Жан-жағыма қарауға мұршам да болмады. Елу жас – жарты ғасырлық ғұмыр ғой, бәлкім, содан ба, осы кездерден бастап туған жердің үстінен ары-бері өткенімде жүрегім ерекше толқып, киелі жерден кіндігім үзілмесе екен деген перзенттік пейіл бәрін жеңдеп, елге деген сағынышым еселене түскендей.
«Жаңақорған-жәннатым» әнін де осындай сағыныштың ән-әуенге айналған жүрек сәлемі деп қабыл алыңыздар, – дейді.
Өнер адамы туған елге әр келген сапарында соңына айта қаларлықтай із қалдыруды мұрат тұтады екен. Қай бір жылы келгенінде мекеніміздегі киелі орын – Қорасан баба басындағы жұртшылық әдейілеп барып шипалы суын құйынатын құдықтың қасына өз атынан бірнеше ағаш отырғызып кеткен еді. Қазірде ол ағаштар саялы баққа айналыпты.
Алдағы мақсатым – Күнгейдің дастанын жазу, – дейді ол.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 маусым 2024 ж. 181 0