№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » “Немере” қойылымы несімен ұнады?

“Немере” қойылымы несімен ұнады?


Қазірде үлкен қалаларға бара қалсаңыз премьераларға билет табу қиын. Жастың да, кәрінің де театрға, руханиятқа сұранысы артқан. Ал ауылда көңілді жаулап алар көркем дүниені қызықтауға келетін көрермен жоқтың қасы. Десек те, сахнада әртістер шынайы сомдаған қойылымнан ой түйіп, өткенді саралап, рухани көкжиегіңді кеңейтіп, дем алып қайтқан әлдеқайда әсерлі, жанға жағымды екеніне елдің көзін жеткізуге болады. Шүкір дейік, көрерменге рухани азық сыйлап жүрген таланттардан кенде емеспіз. Солардың бірі – Балмұхаммед Әбжаппаровтың «Немере» деп ататалатын тағы бір пьесасын тамашалап, тілегей-теңіз әсер алғанымызды жасыра алмаймыз.


Көрші татулығы мен ата-әженің немереге берер тәлім-тәрбиесін дәріптеген 1 актілі комедиялық қой­ылым 1 сағат 10 минутқа созылды. Көркемдікке бай қойылымның астарында үлкен тәрбиелік тағылым жатыр. Сондай-ақ, пьесаның өн бойында көршілердің үзіліп бара жатқан байланысының бекемделуіне түрткі болатындай иірімдер шебер түйінделіпті.
– Көршінің татулығы, ата-әжелеріміздің көптің ті­леуінен ажырамаған, қатты ренжіп тұрса да ашуын іркіп, айналасын береке-бірлікке ұйытатын ұстанымын жазу ойыма келді. Ойдағы дүнием пісіп-жетіліп көрерменге жол тартты. Қазақта «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген мақал бар. Менің жеткізгім келгені де осы еді. Бүгінгі күні бір-бірінің есігін қақпайтын көрші көбейді. Бір-бірінен хабар алмайтын ағайын аз емес. Бұл біздің қазақы болымысымызға жат қылық, – дейді Балмұхаммед Әбубәкірұлы
Хош. Пьесаның мазмұнына қысқаша шолу жасасақ. Хикаяның басы әуел баста балаларымыз бауырдай тату өссін деген мақсатта араларын қорамен бөлмеген екі ағайынның арасындағы араздықтан басталады. Жас шағында бір-бірімен дос болған қоңсылар қартайғанда тіл табыса алмай, түймедейді түйедей көріп, болмашыға өкпелейтінді әдетке айналдырады. Ата-әжелері Қыдыр мен Әтіркүлдің ерсі қылықтарынан көңілі қалған немерелері түрлі амалға көшіп, ақыр аяғы екеуін татуластырмақшы болады. Осы оқиғаның басы-қасында ежелгі қоңсылар ақылға келіп, өткенге тәу етіп, ортақ ымыраға келеді.
Иә, көпшіліктің көкейінде жүрген тақырыпты қозғаған қойылымнан әркім өзінше әсер алды. Өзінше ой түйді. Жалпы, осындай театрландырылған қойылымдарға тұрғындар тарапынан сұраныстың бары аңғарылды.
– Күнделікті жұмысымыз – ауру-сырқауларды қарап, дерттің түп тарихын компьютерге енгізіп, бас көтеруге мұрша болмағандықтан бір сәт сергіп, көңіл аулағың келеді. Сондықтан, жұмыстан соң мәдениет үйіне барып, спектакль көргенге не жетсін. Бізде осындай ойлы қойылымдарды ұсынып жүрген мықты мәдениет майталмандары барына қуанамын. Мәселен, бүгінгі Балмұхамедтің пьесасы өте жоғары деңгейде сомдалды. Алдағы уақытта да осындай спектакльдер қойылса нұр үстіне нұр. Ал, тұрғындарды осындай кештерге көбірек шақыру үшін жарнаманы көбейту керек деп ойлаймын. Өйткені, рухани кештердің өтіп жатқанынан көбіне бейхабар қаламыз, – дейді кент тұрғыны, дәрігер Гүлсім Үржанова.
Әрине, пьесаны бір ауыз сөзбен түйіндеген оңай. Десе де, өз көзіңізбен көргендегі әсер бір басқа. Пьесаны тамашалап отырып еріксіз көршілеріңіз есіңізге оралады. Әрқайсысының сізге деген қарым-қатынасы көз алдыңыздан өте бастайды. Олардың қадірі мен қасиеті екшеліп, сіздің өміріңіздегі алар орны ерекшеленеді. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде қандай қателік жасап жүргеніңізді аңғарасыз. Күнделікті өмірде балаңызға қандай сөздер айтатыныңыз еріксіз есіңізге түседі. Өзіңізге керегін аласыз, керек емесін әдеттен алып тастайсыз. Бұл – қойылымды көргеннен алған бір адамның әсері. Ал, он адам он түрлі әсер алғаны анық. Демек, театрландырылған қойылымдардың адамды рухани, мәдени сусындатуда рөлі басым. Ол ешқашан өз маңыздылығын жойған емес.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
23 сәуір 2024 ж. 197 0