«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қорғантоғайда тасаттық берілді

Қорғантоғайда тасаттық берілді


Қашаннан үлкенін үлгі, кішісін қадірлей білген кенттегі Қорғантоғай тұрғындары тағы бір берекелі істің бастамашысы болды. Ара жігі ажырамаған қоңсылардың біріге атқаратын Алладан жаңбыр сұрау намазын біріге атқаруға ауыл тұрғындары ерте қам жасауға кірісіпті. Мал сойылып, қазанға ет салынып, үлкен ас берілді. Ауыл халқының осындай мәні мен мазмұны терең салт-дәстүрді ұлықтауы тегіннен тегін емес-ті. Себебі, сәуір айынан бастап, қазақ елі дәстүр бойынша құрбандыққа мал шалып, тасаттық жасайды. Жаратқаннан жауын-шашынның мол болып, егін алқабындағы өнімнің көбейгенін, елде әрдайым береке, бірлік, ынтымақ болғанын тілейді. Сол үшін жыл сайын көктен төгілер Алла нұрының мол болуы үшін тасаттық өткізеді.


Иә, қазір елдегі су апатының салдарын көріп келеміз. Солтүстік пен батыс өңірі табиғаттың тосын мінезінен зардап шегуде. Бірақ біздің өлкеде аяқ судың тапшылығы сезіле бастайды. Әсіресе, шіліңгір шілдеде егінге су жетпей, малдың қоңына ылғал болмай қалатыны бар. Сондықтан дәстүрден ажырамай жылдағы үрдіс бойынша дұға-тілекті көрші-қолаң болып жасап, Алладан медет сұрадық.
Ауылдың үлкендерінің ақ батасымен жайылған дастарханына келіндер жағы ыстық бауырсағын пісіріп, самаурынын қайнатып, тағамын әзірлеп зыр жүгіріп жүр. Аудандық «Һиссамедин» мешітінің имамы Жеңіс ұстаз Алладан рақым тілеп жайылған дастарханға жиылғандарға тасаттың жайлы маңызды мағлұматтар жеткізді.
– Алла Тағала өзінен сұраған кез-келген дұғаның қайырлысын береді. Қатқан топырақты жібіту үшін көктен жаңбыр сұрау дұғасы, намазы ежелден бар. Құран Кәрімде «Кәһф» сүресінде желді «Рахмат» дейді. Сол рахмат көктегі бұлтты бір-біріне соғып, әрі-бері қозғаумен жер бетіне нұрын жібереді. Барша жаратылыс атауына нәр берген жаңбыр тамшысы даланы көгалдандырып, жаратылысқа серпін береді.
Тасаттық Алла Тағаланың разылығы үшін қайыр-садақа беру деген мағынаны білдіреді. Иісі қазақтың ежелгі дәстүріне айналған бұл ғибадатта құрбандықтың шалынып, екі рәкат намаз оқылуы пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) бізге жеткен, сондықтан Алланың мейіріміне мұқтаждығымыздан қол жайып, дұға сұрайық, – деп жиылған­дарға қарата сүбелі сөзін айтып, соңынан Құран бағыштады. Иә, ауылдың ынтымағымен қоса мәні мол, тәрбиелік тәлімге негізделген жиыннан соң екі рәкат намаз оқылып, Аллаға мадақ, пайғамбарымызға салауат айтылды.

Осы орайда тағылымды тәмсіл еріксіз еске түседі. Сүлеймен (ғ.с) пайғамбарымыздың жеріне жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқаннан дұға тілек тұрғанын көреді. Құмырсқа болса, «Иә, мейірімді Аллаһым. Біз сенің жаратқандарың­ның ішіндегі ең кішкене құмырсқа­сы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін бізді жазалай көрме, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі» деп, дұға тілеп тұрғанын көреді, естиді. Сонда Сүлеймен (ғ.с) барша жануар-жәндіктің тілін ұғынғандықтан халқына бұрылып, «Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті» деген екен. Бұдан ұғатынымыз, ниеті мен тілегі тұтас, шынайы пейілмен айтылған дұғаның қабыл болып, сәуірдің тәуір, мамырдың мамыражай, жаздың жайдары, берекелі күздің болуы шынайы ықыласта жатса керек.

– Тасаттық жасау бұл халықтың ауызбіршілігінің арқасында жыл сайын дәстүрлі жалғасып келеді. Жаңбырдың мол болғаны адамзатқа да, мал мен егінге де нәр береді. Яғни, кез-келген жанға серпіліс береді. Қатқан жерді жібітіп, қураған даланы көгалдандырады. Сондықтан салтты ұмытпай, Жаратқанның шапағатына бөлену үшін атқарып жатқан ел ешқашан жаман болмайды, – дейді ауыл ақсақалдары.

Тасаттық – тәубеге келтіріп, шүкір еткізіп, мінәжатты хайырлы әрекет ету үшін, яғни, Жаратқанға құлшылық пен ғибадат жасауға бағытталады. Жасыл желегін жамылған Жер ананың оянып, табиғаттың гүлденуі – бұл ауыл тұрғындарының тілегі. Жалпы, тасаттық беруге ниеттес жандардың шынайы жүрекпен бәрі бірге тілектес болуы шарт. Сонда ғана Жаратқанның мейіріміне жетіп, көктен тілегенді көп күттірмей берері сөзсіз. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күреңді болуының да себебі бар.
Айта кететіні, тасаттық жасауды барлық ауыл-аймақ жасауға ниетті. Сыр бойын жайлаған ауылдар егінге су сұраса, тау етегіндегі ағайындар мал шөбіне тамшы су сұрайды. Ал, біздің қорғантоғайлық тұрғындар бұл дәстүрді жыл да жаңылмай өткізіп келеді. Ең бастысы, бейбіт заманда тіршілігін түйір дән мен төрт-түлігінен айырып отырған қазақтың дұға-тілегі қабыл болғаны қандай бақыт.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
16 сәуір 2024 ж. 332 0