Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді


Тарихқа зер салсақ, ел ішінде орын алған табиғи апат аз емес. Оның ішінде су тасқыны жылда қайталанатын жағдай. Мәселен, осыған дейін Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында су тасқыны орын алса, былтыр Түркістан облысының бірнеше ауданын тасқын шайып, 234 үйдің ауласына су кірген еді. Ал биыл Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендер су астында қалып, халық зардап шегуде.


Табиғаттың қандай тосын «сый» дайындап тұрғаны беймәлім. Десе де, бүгінгідей дамыған заманда апатты алдын ала болжау мүмкіндігі жоқ емес. Осы жерде қолдан жіберілген кемшіліктерді тізбектеп шығуға болады. Ресми деректер бойынша, бүгінгі таңда су тасқыны болып жатқан облыстар­дың ахуалы қиын. Мәселен, 5 сәуірге дейінгі деректерге көз салсақ, тасқын салдарынан 1376 үй мен 1319 ауланы су басқан. Оның ішінде 358 үй және 988 ауладан су сорылып, 17131 адам құтқарылған. Тасқынға тосқауыл жасау мақсатында 638 мың қап құм мен 912 мың тонна инертті материалдар жұмсалған. Сонымен қатар, 12 мың адам мен 2,5 мың техника, 801 су сору құрылғысы мен 105 қайық, 9 әуе көлігі құтқару жұмыстарына жұмылдырылған.
«Биылғы су тасқыны 30 жыл бойы ең ірі саналған 2012 және 2017 жылдарда­ғы су тасқыны ауқымынан асып түсті», – деп баға берді. Мемлекет басшы­сы су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында.
Тарихқа көз жүгірсек, соңғы 15 жылда ел аумағында бірнеше рет ірі су тасқыны орын алған. Салдарынан елді-мекендер қирап, төрт түлікке жұт келіп, ең сорақысы адам шығыны да болды.
Деректерге сүйенсек, 2010 жылы нөсер жауыннан жиналған су Қызыл­ағаш су қоймасының бөгетін шайып, нәтижесінде ауыл түгелдей су астында қалған еді. Осы апаттан 45 адам қаза тауып, 300 адам түрлі жарақат ал­ған болатын. Сол ауылдағы үйлердің 80 пайызға жуығы тұруға жарамсыз болып, қирап қалған. Ал, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысына қарасты 5 ауданның елді мекендерін су басып, жүздеген мал өліп, 2600 тұрғын үй мен 7146 саяжай ғимараты бүлінген еді. Сонымен қоса, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы 9 ауданның 23 елді мекеніндегі 254 үй мен аула тасқынның зардабын тартса, 2013 жылы Қостанай облысындағы 8 елді мекеннің 94 тұрғын үйі су астында қалды. Сондай-ақ, 2014 жылы Ақмола облысының 13 елді мекенінде орналасқан 429 үйді су шайып кетсе, 2015 жылы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен 48 елді мекенді, облыстың тоғыз ауданындағы екі қыстауды топан су басты. Еріген қар суы бөгет, көпір, автожол, тұрғын үйлерді қиратты. Салдарынан, 2 121 тұрғын үйді су шайып, оның 170-і қирап, 1711 бас мал өлген еді. Ал, еріген қар суының жиналуынан 2016 жылы қайтадан Қостанай, Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасып, 43 елді мекендегі 513 тұрғын үйді, 190 автожолды су шайып өтті. Тасқын 2017 жылы тағы қайталанып, қар еріп, өзен суының арнасынан асуынан Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы 52 кент су астында қалып, республикалық және жергілікті маңызы бар 120 автожол сумен шайылды. Ақмола облысының Атбасар қаласында жағдай тіптен нашарлап, бір жыл бұрын салынған су жаңа бөгет қирап, 269 тұрғын үй мен жаңадан жөндеуден өткен мектеп қайтадан су астында қалған. Ал, Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасында су деңгейі күрт көтерілсе, Петропавл маңындағы Есіл өзені мен Пестрое көлінің тасқыны қосылып, жолындағы елді мекендерді қиратып, 4 мыңға жуық тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. 15 елді мекенде 380 үй су астында қалған. Дәл осы жылы, Қостанай облысы ауылдарында 32 аула, 27 үйді су басып, 105 адам эвакуацияланса, Ақтөбеде 579 саяжай мен аула суға кетіп, 1361 тұрғын эвакуацияланған. 2018 жылы апат қайтадан қайталанып, жауын-шашынның салдарынан алғашқы су тасқыны Алматы облысында тіркеліп, 6 автожолды су шайып, су басқан кенттер саны 164-ке жеткен. Дәл осы жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында тасқынға байланысты төтенше жағдай жарияланған. Араға жыл салып, 2020 жылдың мамыр айында қатты жауынның себебінен Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқыны болып, мыңға жуық тұрғын үй, мектеп, балабақша, аурухана сынды нысандар жарамсызданды. Ал, 2022 жылы Батыс Қазақстан, Павлодар Ақтөбе және Қарағанды облысында жиналған қар еріп, 185 тұрғын үй, 78 саяжай, екі әлеуметтік нысан су астында қалған болатын.
Иә, апат айтып келмейді. Осыдан 10 жыл бұрын 2014 жылдың наурыз айында біздің ауданға да тау беткейден еріген қар суы келіп, тұрғындарды әбігерге түсіргені әлі есімізде. Жалпы, бұл аудан тарихындағы алғашқы су тасқыны емес. Тарихқа көз жүгіртсек, 1959 жылда­ры Сырдария өзені арнасынан асып, су тасқыны орын алған. Осы оқиғаны көзімен көрген кент тұрғыны Қадір Әлімұлы:
– Ол уақытта біз 7-8 жасар бала едік. Дария тасып, темір жолдың бергі бетін толық су шайып кетті. Су темір жол бекетіне дейін барып, темір жол­дың бергі бетіндегі тұрғындар әбігерге түскен. Тіпті, кешегі 2000 жылдарға дейін Қорғантоғайда тұратын үйлердің ауласын су басатын. Кейіннен дарияның суы тартылып, тасқын қайталанбай­тын болды. Апаттың қашан болатыны белгісіз, сондықтан кез-келген жағдайға дайын болуымыз керек, – дейді.
Ал, ауданның ахуалын Жаңақорған ауданының төтенше жағдай бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Елжан Шегебаев былай баяндады:
– Ауданның оңтүстік шығысынан солтүстік батысына қарай жалпы ұзындығы 215 шақырым болатын Сыр­дария өзені ағады. Өзен бойындағы аудан аумағында ұзындығы 54,94 шақырымды құрайтын қорғаныс бө­геттері бар. Атап айтқанда, Көктө­­бе­де 5,87 шақырым, Қалғансырда 2,385 шақырым, Жаңақорған-Төменарық 34,185 шақырым, Байкенжеде 3 шақы­рым, Қожакентте 9 шақырым, Қауықта 0,5 шақырым қорғаныс бөгеттері орналасқан. Дегенмен, Сырдария өзен­інде су деңгейі көтерілген жағдайда 4 қауіпті аумағы бар. Олар Көктөбе ауылы, Қалғансыр елді мекені, Аққұм ауылы­ның Қауық бөлімшесі және Төменарық ауылының күнбатыс жақ бөлігі. Бірақ соңғы 10 жылда бұл ауылдарға су басу қаупі төнген емес, – дейді ол.
Елжан Базарбекұлының айтуынша, кент, ауылдық округ әкімдері мен аудандық азаматтық қорғау қызмет­теріне берілген тапсырмалар уақытылы орындалып, күнделікті Сырдария өзені­не және су қоймаларына жоғарыдан келген судың деңгейі бойынша мәлі­меттер алынып, мониторинг жұмыста­ры жүргізілуде. Аудан аумағындағы жергілікті және өңірлік масштабтағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою бойынша іс-қимылының жоспарына сәйкес, қыс-көктем кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою­ға аудандық азаматтық қорғаудың 14 қызметінен 120 адам 48 техника дайын тұр. Қыс-көктем айларындағы су тасқынының алдын алу мақсатына қауіпті аймақтарда инертті заттар қоры жасақталған. Атап айтқанда, 2500 дана қап, 680 дана қада, 110 бау қамыс, 650 пресс сабан жинақталған.

P.S.: Апат айтып келмейді, оның қандай түрі болсын адамзат пен қоршаған орта үшін қауіпті. Деген­мен бүгінгідей ғарышты бағындырған заманда су тасқынының алдын алуға мүмкіндік бар. Тек қолда бар мүмкіндікті әрекетке айналдырса болғаны.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

06 сәуір 2024 ж. 256 0