» » Қызылша және оның алдын алу жолдары

Қызылша және оның алдын алу жолдары

Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері: дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелер пайда болады.
Қызылша – қазіргі таңда ең жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Бұл 100% жұқпалы ауру, яғни бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе, қызылшамен ауыру қаупі жоғары болады. Міне, сондықтан инфекция ошағында вакцина және эпидемияға қарсы шараларды жасауды қатаң сақтау өте маңызды .
Қызылша ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде, түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді.
Инфекция көзі – қызылшамен ауырған адам. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауырып қалуы мүмкін.
Алғашқы белгілері қандай? Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт – ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), сонымен қатар, беттің шырышты қабығында (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, көлемін өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.
Асқынуы неге апарып соғуы мүмкін? Ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.
Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу қажет. Бұл уақытылы диагноз қойып, ем тағайындау және ұйымдастырылған ұжымда тіркелген жағдайда алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін маңызды.
Асқынбай тұрғандағы қызылшаның белгілерін емдеу үшін төсекте жату режимі, суды көп ішу, қызуын түсіретін препараттар мен витаминдерді қабылдау. Ал қызылшаның асқынған түрін емдеу стационар жағдайында жүргізіледі.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан егу вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Қызылшаға қарсы егу профилактикалық егу күнтізбесіне енгізілген, алғашқы вакцинация 12-15 айлық дені сау балаларға жүргізіледі. Вакцинаны қайта енгізу (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады. Вакцинада баланың иммунитеті дамитын тірі әлсіреген қызылша вирустары бар. Қызылшаға қарсы егу реакциясы әртүрлі болуы мүмкін. Кейде балаларда температураның 37,5-38С дейін шамалы көтерілуі байқалады. Бұл вакцинациядан кейін 5-8 күн ішінде болуы мүмкін және бір-үш күнге созылуы мүмкін.
Бастапқы немесе қайталама иммунитет тапшылығы мен онкологиялық аурулардан зардап шегетін балаларды вакцинацияламаймыз.
Қызылша ауруына қарсы  иммундау жергілікті емдеу – сауықтыру ұйымдарымен жүргізіледі.
ҚР ДСМ 21.09.2023 жылғы №150 "Халыққа профилактикалық екпелерді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығының талаптарына сәйкес, профилактикалық екпені жүргізу алдында жалпы практика дәрігері/терапевт немесе педиатр, дәрігер болмаған кезде фельдшер егу жүргізуге рұқсатты ресімдейді, егілетін адамға немесе оның ата-анасына немесе кәмелетке толмаған адамның және сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтың өзге де заңды өкіліне профилактикалық екпе, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, егуден бас тартудың салдарлары туралы ақпарат бере отырып, егу жүргізуге хабардар етілген келісім алынады және келісім осы Санитариялық қағиданың 2-қосымшасына сәйкес жазбаша түрде ресімделуі тиіс.
Жоспарлы екпеден бас тарту тек өзіңіздің ғана емес, басқа да балалардың өміріне қауіп төндіретінін естен шығармаған жөн.

Ж.Нұрсұлтанова
Жаңақорған аудандық СЭББ
басшы орынбасары
04 сәуір 2024 ж. 137 0