Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Майталман мейірбике

Майталман мейірбике


Төл басылымның «Дауа» бетінде денсаулық күзетінде тер төккен ардагерлерді де дәріптеу бір сәт естен шыққан емес. Осы мақсатта бүгінде тоқсанның төріне озған шыққан Пазылқызы Жақсыгүл апамызға арнайы барып, сәлем беріп, сұхбаттасып қайттық.


Әйелі өмір жолыңызды айтып беріңіз деп қолқа салдық.
– Мен Отырар ауданы, Темір ауылының тумасымын. Түркістан медициналық училищесін бітіріп, Жаңақорғанға келін болып түсіп, аудандық аурухананың терапия бөлімшесінде 30 жылдан аса мейірбике болып жұмыс жасадым. Аллаға шүкір, қазір жасым 88-ге жетті. Ешқайда ауыспай, сол орыннан зейнетке шықтым, – дейді Жақсыгүл апа.
– Жас күніңізде шаршап, мамандығыңыздан қажыған сәттеріңіз болды ма?
– Әрине, әр кәсіптің өз қиындығы болады ғой. Қанша қиналсам да шаршадым деген емеспін. Ол уақытта қазіргідей бір реттік шприцтер мен системалар жоқ. Темір шприцті қайнатып, әуреге түсетінбіз. Ауруханада жатқан 40 науқасқа укол егуде сағаттап қайнатып, қайта салатынбыз. Түнгі ауысымға түсіп, тәуліктер бойы табаннан тік тұрған кезіміз көп. Біздің уақыттағы медицинаның қызметі осындай болды. Одан бөлек шаруашылыққа көмекке шығып, шөп шабуға, күрішке масақ теруге баратынбыз.
– Мейіргерліктің қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Қызмет еткен жылдары есіңізде қалған оқиғалар бар ма?
– Жас келген соң талайы ұмыт болды ғой. Десе де, есте қалғандарын айтып берейін. Талай оқиға көз алдымыздан өтті. Талай үзілген үмітті көру де оңай болған жоқ. Ол кездері терапия бөлімі мен инфекция бөлімі бірге болатын. Ортада бір ғана есік болушы еді. Бір күні кішкентай бөбек бөлімге ауыр жағдаймен түсті. Оны дәрігерлер жұқпалы аурулар бөліміне жатқызды. Бірде кезекшілігімді тапсырып болып, баланың халін білмекке палатаға кірген едім, әлгі бала нанға май жағып бер деп жылап отыр екен. Сұрағанын бере бер тамақтан зиян келе қоймас деп кеңес бердім. Содан анасы нанға май жағып берді. Артынша бала қатты жөтеліп, тамағынан дөңгелек шиша ұшып шығыпты. Әлгі май тамақта тұрғанды жібітсе керек. Содан күн санап жағдайы нашарлап бара жатқан бала Құдайдың құдіретімен әп-сәтте жазылып шыққан. Бала аузына шиша салып жұтып қойған болып тұр ғой. Ол кезде қазіргідей медицина дамымаған, дәрігерлер баланы жұқпалы дертке шалдықты деп ойлаған. Сол бала жазылғандағы қуанышымды әлі күнге ұмытпаймын. Тағы бірде ауыр халде жатқан науқастың дем алып жатқан кислородының таусылғалы жатқанын байқап, толтырып қоймақшы болдым. Кислород тұратын бөлімге барып, жедел-жәрдем жүргізушісіне мен жастықшаны ұстап тұрайын, сен ақырындап кислородты жібер дедім. Ол қайдан білсін түтікшені бірден аша салған. Сол уақытта жастықша жарылып оның дауысы бүкіл аурухананы дүр сілкіндіргені бар. Жастықтың буы ғой, өзім декреттік демалысқа шыққалы тұрсам да қорықпай кислород толтыруға барыппын.
– Он баланы өсіріп тәрбиелеумен қатар жұмысты қатар алып жүру қиын болмады ма?
– Әр нәрсенің өз қайыры бар. Мен келін болып түскеннен кейін шамамен бір жыл өткен соң енем дүниеден өтті. Жолдасым үш ағайынды. Екі інісі де ол уақытта оқушы еді. Үлкені 9, кішісі 5 сыныпта оқитын. Мен жас болған соң қарайласайын деп қолыма үлкен енем келді. Жасы келген кісі ғой, ол кісі де сырқаттанып қалды. Өзім 12 құрсақ көтердім. Жаратқанға тәуба, қазір 7 баламнан немерелер мен шөберелер сүйіп отырмын. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру үлкен төзімділікті талап етеді. Ол уақытта мейірбике тапшы. Декреттік демалыста ұзақ отыра алмайтынбыз. Басшылардың “жұмысқа шық” деген талабымен демалуды да білмедік. Балаларға атам қарады. Түнгі кезекшілікке түскенімде үйдегілер емізулі баланы түнделетіп әкеліп беріп, таң ата әкетіп жүрді. Өйтпеске амал жоқ. Кейін жасы келіп науқастанған атамның өзіне күтім керек болды, содан бала санымен зейнетке шығуыма тура келді.
– Жаңа бір сөзіңізде қазіргі медицина дамыған, жастардың жұмысы әлдеқайда оңай дедіңіз. Бүгінгі жас дәрігерлерге көңіліңіз тола ма?
– Қазір ақпарат заманы ғой. Жастарға барлығы дайын тұр. Еңбек етуге ынтасы болса болғаны. Медициналық жабдықтар бір реттік, мемлекет тегін беріп жатыр. Қажет ақпарат қолдарындағы телефонында толып тұр. Тек сәл ізденсе болды. Бірақ байқайтыным, қазіргі жастар енжарлау. Қашан көрсең қабағы қатулы. Жас болып жадырап-жайнап жүрсе дейсің. Дәрігер болу үшін адамға ең алдымен мейірім керек. Ойы сан-саққа жүгіріп, дертіне дауа іздеп келген науқасқа жылулық та керек. Олар ауырып тұрған уақытында дәрігердің жылы сөзіне мұқтаж. Бір ауыз жылы сөз науқастың тез жазылуына сеп. Адамға жылы қабақ таныту да үлкен сауапты іс.
– Апа, жастарға айтар өсиетіңіз бар ма?
– Ең алдымен адам болыңдар. Адамгершілік пен ар-ожданды бірінші орынға қойған абзал. Жігерің барда жасымай қызмет қыл. Қоғамға, отбасыңа пайдаңды тигіз. Сонда сенен өздігінен адал адам қалыптасады. Жастар аман болсын. Елімізде бейбіт, тыныш, молшылық заман болсын!
– Әумин! Айтқаныңыз келсін. Сұхбатыңызға рақмет.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
30 наурыз 2024 ж. 248 0