№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Көктемгі егіске дайындық қалай?

Көктемгі егіске дайындық қалай?

Сейсенбі күні өткен Үкімет мәжілісінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі жан-жақты талқыланды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың баяндауынша, биыл егісті 23 млн 800 мың га алаңға орналастыру жоспарланса, оның ішінде рентабельдігі жоғары әлеуметтік маңызы бар дақылдарға басымдық беріледі. Суды үнемдеу талаптарына сәйкес биыл мақта егісі 116 мың гектардан 100 мың гектарға азайтылды. Күріш көлемі 6400 мың гектарға қысқартылып, 993 мың га құрайды. Көктемгі егісті отандық тыңайтқыштармен қамту мәселесі де өзекті. Бұл бағытта солтүстік облыстар мен Қызылорда облысында белсенді қимыл барын айтты.

Ары қарай өңірлер жағдайы жеке-жеке талқыланды. Соның ішінде өз өңіріміздің ахуалы туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың баяндауында жан-жақты қамтылды.
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімі көлемін бес жылда екі есеге арттыру талабына сәйкес облыста барлығы 187 га ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, - деді ол. Оның ішінде күріш дақылы 83 мың 900 гектарға егілді, өткен жылғымен салыстырғанда егіс дақылдары көлемі 6400 гектарға, күріштің көлемі 5 мың гектарға азайтылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдар көлемі орналастырылды.
Аймақта су үнемдейтін технология көле­мі биыл 4200 гектарға жеткізілді. Күріш атыздарын­да суды үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу. Биыл күріш егісі көлемінің 70 пайызға жуығы лазерлік тегістеуден өтеді, бұл су көлемін 20 пайыз үнемдеуге, өнімділікті 30 пайыз көтеруге мүмкіндік береді. Су тапшылығы жағдайында егістікке суды екінші рет пайдалану мақсатын­да 351 дана су насосы дайын. Аймақ басшы­сы шаруашылықтардың қажетті тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін айтты. Бұл бағытта қосымша қаржыландыруды күтпей, жыл басында тыңайтқыш жеткізушілер және өндірушілермен жасалған келісімнің нәтижесінде бүгінгі күні 52 мың 800 тонна тыңайтқыш шаруашылықтарға жеткізілді. Мұның қаржысы шаруашылықтар мен инвесторлар есебінен шешіліп отыр екен.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажет қаржы көлемі 26 млрд 700 млн теңгені құраса, оның 87 пайызы қаржыландырылды. Бүгінгі күні 134 канал тазаланып, гидротехникалық құралдардың 75 данасы жөнделді. Облысқа бөлінген 12,900 тонна арзандатылған дизель отынының 40 пайызы шаруашылықтарға жеткізілген, шаруаларға 1 литрі 250 теңгеден босатылып отырғанын айтты.
Өңір басшыларының есебінен соң Үкімет басшысы астық молшылығын жасап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында «Кең дала» бағдарламасына тоқталды. Бұл бойынша жеңілдіктер қатарында шаруаларға республикадан 140 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 100 млрд теңге кредит бөлінеді. Бұл қаржы көздері көктемгі егіс және күзгі егін орағына қосымша 425 млрд теңге жеңілдік кредит бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
Өткен жылдың қолайсыз ауа райы құр­ғақшылыққа төзімді дақылдардың сортын көптеп ендіру талабын өзектендіре түскенін, алайда бұл бағытта әкімдер тарапынан белсенді іс-қи­мыл жоқтығын сынға алды. Диқан­дар­ға кең көлемде насихатталмайтындықтан, олар министрліктің жалпы жоспарынан бейхабар. Одан бөлек кей өңірлерде суды көп қажет ететін егістің көлемін қолдан азайтып көрсеткен жалған есептер кездесетінін, бұл су тапшылығы ахуалын одан сайын қиындата түсетінін ескертті. Сондай-ақ фермерлер арасында жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып шағымданатындар көп. Мұны шешудің жолы Азық-түлік корпорациясына жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге кредит түрінде бөлуге тапсырма берді. Сол сияқты өзіміз­дің климаттық жағдайларға төзімді жергілікті тұқымды өндіру көлемін ұлғайтуды айтты.
Тағы бір өзекті мәселе – ауыл шаруашылығы техникалары паркінің 75 пайызы тозған. Диқан­дардың жаңа техника сатып алуына жеңілдіктер жасалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу маңызды. Аталған мәселелерді шешу үшін фермер өзі төлеп келген алғашқы 15 пайыз жарнасының орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салуға көбірек мүдделілік танытса, бұл қадам шаруаның өз айналым қаржысын сақтап қалуына мүмкіндік береді. Фермерлерге берілетін субсидия көлемінің тым кешігіп берілуінен өткен жылғы қарыз 120 млрд теңгеден артып отыр. Тағы бір маңыз­ды мәселе – егіске дизель отынын үлестіруде алыпсатарлыққа және қолдан тапшылыққа жол беру жағдайларын болдырмауға бақылау қажет. Жалпы ауыл шапуашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп осы бағытта жұмысты жан-жақты мінсіз өрістетуге міндетті.
Үкімет отырысынан соң аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы мәжілісте талқыланған мәселелер бойынша селекторлық жиын өткізіп, тиісті салаларға тапсырмалар берді. Жиында жергілікті тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар бақша далқылдарын өздеріне қажетті көлемде өндіріп алу үшін қосымша егістік жер дайындау мәселесінің өзектілігі де талқыланды. 2022 жылы ынталы отбасыларға 1800 га жер бөлініп, облыс тұрғындары бұл бастамаға аса жоғары құлшыныс танытқан, өткен жылы да бұл жұмыстар жалғасын тапты. Биыл көкөніс бақша дақылдарын егуге кіріскен 5500 отбасына 3300 га жер дайындалды. Осы жұмыстар нәтижесінде әрбір отбасы өзін-өзі қаматамасыз етіп қана қоймай, отбасы бюджетін еселеуге мүмкіндік алатынын айтып, ауыл тұрғындарына осы бағытта түсіндіру керектігін ескертті. Өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ол да сеп. Бұл ретте қаперде болатын нәрсе, егіс егуге ынталы отбасыларға қажетті жанар-жағар май, электр энергиясын шешіп беруді де мемлекет мойнына алады, демеушілер де тартылады. Қажет болған жағдайда жерді жыртып беруге де қолқабыс етеміз. Тек дайын жерге егін егіп, өнімін жинап алу науқанына ауыл адамдары ықыласты болғаны жөн, деген аймақ басшысы аудан әкімдеріне осы жұмыстарды басты назарда ұстап, былтырғыдан да арттыру талабын қойды. Шаруалардың өзінен артылған өнімін Байққоңыр әлеуметтік кәсіпкерлікті колдау корпорациясы арқылы сатып алуға мүдделілік басым екенін де ескертті.
Аймақ басшысы одан әрі шаруашылықтарда орын алған жер дауы мәселесінің орынсыздығын сынға алды. Жерді кие тұтып, тіршілік көзі деп санайтын қастерлі мінез басқаның бойынан табылмаса да өз бейнетіне сыйынып, тағдырын қара жермен байланыстырған қарапайым еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан олардың меншігіне қол сұғу ауыр қылмысқа жатады. Осы бағытта заңсыздықтар орын алған Сырдария және Қармақшы ауданы әкімдеріне сын айтты. Еңбекшінің жағдайын жіті назарда ұстап, көмек-қолдау талаптарын арттыруға тапсырмалар берді.


Баян ҮСЕЙІНОВА

30 наурыз 2024 ж. 254 0