Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құмай тазы тазалыққа құмар

Құмай тазы тазалыққа құмар


Сейітжан аға аптасына екі-үш рет тұлпарын тізгіндеп, тазысын ертіп, сайын далаға саятшылыққа шығуды әдетке айналдырған. Түздің аң-құсына тазы салу қанға біткен қасиет. Ел ағасы күрең қасқасын тебініп, «Жезтабан» тазысын желдей жүйткітіп, сахараға шықса жаны жай табады екен. Бағзыдан қазақпен бірге келе жатқан саятшылық өнерді ұстанатын Сәкеңнің тіршілігімен танысуға бел буып, шаңырағын бетке алдық.


Ел ағасы желдей жүйрік тазыла­рын тойдырудың қамында екен. – Құс салып, ит жүгіртіп, саятшылық жасау қазақта атадан қалған игі дәстүр, асыл мұра. Дегенмен, бүгінде бұл іспен кәсіп ретінде айналысатындар тіптен аз, – деп бастады әңгімесін ол.
Ес білгелі ат үстінде өскен азамат уақыт өте аңға құмай тазы салуды әкесінен үйрене бастайды. Кейіннен өз бетінше азулы түз тағысын алуды жөн көреді.
– Бұл кәсіп әкеден дарыған өнер. Бөртөскен елді мекенінде туып өсіп, жазық далада тай мініп, тазы баптаған мен үшін аңшылыққа шығу әдетке айналды. Кейіннен Қандарал көлінің жағасында, Балапан төбенің жиегінде қоян мен түлкіден бастап бөріге дейін қақпан құра бастадым, – деді Сейітжан Әділбекұлы.
Тазы демекші, жалпы қазақ халқы итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Тазыға «құмай» деген ат берді, бұл сөз өте жылдам, жүйрік деген мағынаны береді.
– Шыны керек, тазының бәрі бірдей аңшылыққа жарай бермейді. Егер ит жылқының соңынан еріп жүрсе онда одан үміт күтудің қажеті жоқ. Олар өте әлсіз келеді, тіпті айқас кезінде құлақ шекесі мен алқымынан алдырып қояды. Ен далада тұлпардың алдына шығып, жемтігін алыстан көздеп тұратындар нағыз мықтылары. Олар кейде жеңіліп жатса да соңына дейін күреседі. Үй жануарының тағы бір қыры – батылдығы мен жүйріктігі. Мықтысы 85-90 шақырым жылдамдықпен жүріп отырады. Тазылар көздеген аңының алдымен аяғының артқы тірсегін тістеп үзіп, одан кейін тамағынан буындырып өлтіреді. Бұл нағыз аңшы тазы. Кейбірі айналып өтіп, қасқыр болсын бетін қайтарып, содан кейін жанталаса кетеді. Олардың жалпы негізгі қызметі орнынан бір қайыру, – деді аңшы.
Тазы ит тазалыққа құмар келеді. Тумасынан ақылды, әрі мінезді келетін тазылар мәпелегенді қатты жақсы көреді. Өзге иттерге ұқсамайтын тазылардың бір қасиеті адам тілін тез түсінеді, өте ақылды келеді, өзге адамға ермейді екен. Осындай ерекшеліктерін тілге тиек еткен Сейітжан аға бүгінде ол төрт тазыны жанына серік етіп отыр.
– Жалпы бұл иттерді аңшылыққа үш жастан бастап қосу керек. Ол үшін бір жастан асқаннан кейін ауыздықтап отыру қажет. Сонда ғана дала аңшысы болып шыға келеді. Аңға шығар алдында екі айдай жылқы баққандай қараймыз, 40 күн көкпарға ат дайындағандай оларды да топқа қосуға тиіспіз. Сосын бір ай таң асырып жүгіртеміз. Айта кету керек, астыңдағы жылқыңмен тазың сай болуы керек. Өзім осыдан бірнеше жыл бұрын қожекенттік Әсет Жиенқожаев деген кісіден қасқа тұлпарды алған едім. Бүгінде жапан далада аңға да, аламан көкпарға да өте мықты, төзімді. Жалпы аңға тек қазан айынан бастап шығу керек. Көктемнен күзге дейін дала жануарлары төлдейді, әрі иттерге аң аулау да ауыр тиеді. Себебі ыстық күнде олар құрттауы мүмкін, тез шаршайды. Ал қар қалыңдаған сайын тазылардың жаны кіреді, – деді ел ағасы.
Бүгінде Сыр беткейде қасқыр көп болмайтыны рас, ол үшін тау беткейге бару керек. Алайда, арланға жалғыз тазының шамасы жете бермейтіндіктен қасқырға көп шаппайтын саятшы көбінесе түлкі, қоян, шағал, борсыққа қақпан құрады. Бүгінде ең сенімді, әрі батыл Жезтабаны жалғыз өзі аталмыш аңдарды оңай жемтігіне айналдыруға шамасы жетеді. Дегенмен, тазыға қиындау жануар ол түлкі екен, ол өте айлакер болады. Жүгіріп келе жатып құйрығымен иттерді алдаусыратып кетеді. Осындай жағдайда тез, яғни 90 градусқа бұрылып, шапшаң қимылдайтындар түлкіге оңай жетіп алады. Сондай-ақ, қара құйрықты аулап жүрген бүгінгі кейіпкер ақбөкеннің де жылдам болатынын айтты. Мәселен, қара құйрық орнынан тез қозғалып біраз уақыт жылдамдығын 100 шақырымға дейін жеткізеді. Алайда, олар көп өтпей-ақ шаршап қалатын көрінеді.
Иә, адам атаулының ең жақын серігіне айналған бұл ерекше жануарлардың сыры көп. Тіпті олардың әрқайсысының өзіндік аң аулау тәсілі бар. Бірі белден жұлмалап, омыртқасын үзсе, енді бірі тірсегін қиып, алқымынан алып демі біткенше жемтігін жібермейді, ал үшінші түрі нағыз бетпе-бет келіп айқасады.
Қорыта айтқанда, суыққа да төзімді, жылдам, қайсар мінезді, бір сөзбен айтқанда жүрек жұтқан құмай тазы қашанда қазақ даласында күзетшілік қызметті де, аңшылық кәсіпке де епті келеді. Тістегені аузында кететін асыл тұқымды құмай тазылардың еңбегі адал. Сондықтан Сейітжан Молдабеков осы ақылды жануарды 50 жылға жуық уақыт серік етіп келеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
26 наурыз 2024 ж. 237 0