№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өңірдегі келелі істер ілгерілеуге кепілдік береді

Өңірдегі келелі істер ілгерілеуге кепілдік береді



Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылғы атқарылған ауқымды істерді саралап, өткен жыл Сыр өңірі үшін жемісті болғанын тілге тиек етті. Сондайақ аймағымызды көшбасшылар қатарынан танытқан 2023 жылдың жетістіктерін атап өтті.
– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды. Экономиканың негізгі салаларындағы өсімнің нәтижесінде аймақтар арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. 2023 жылдың тамыз айынан бері республикада алғашқы үштіктеміз. Барлық көздерден жарты триллионға жуық инвестициялар тартылды, оның 73 пайызы – жеке инвестициялар. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Осы саланың өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылы 1-орыннан көріндік. Экономикалық тұрақтылықты сақтау оңай емес. Сондықтан бұл қарқынды одан әрі арттыруымыз қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Барлық сала бойынша жетістіктер мен жүйелі істерді жеткізген аймақ басшысы алдағы жоспарларды тізбектеп, кемшіліктерге көңіл бөлді. Былтыр аймақ бюджеті 609 млрд теңгені құрады. Оның ішінде облыстың даму бюджеті 2,5 есе артты. Биыл да салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджет көлемі ұлғайтылмақ.
Биыл 300 шақырымға жуық жолды жөндеу арқылы жақсы деңгейдегі жолдардың үлесі 92 пайызға жеткізілмек. Қызылорда қаласында Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы, заманауи үлгідегі автовокзал пайдалануға беріледі. Аймақ халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл 5,4 млрд теңгеге 14 жоба жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар 2025 жылы да жалғасын тауып, осылайша облыста ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайыз, жыл соңына дейін 12 елді мекен газдандырылып, көрсеткіш 78 пайызға жеткізілмек. Облыста әлеуметтік салаға басымдық берілген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп бой көтеруде, тағы 11 мектептің құрылысы басталады. Физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат ел игілігіне айналады. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 15 дәрігерлік амбулатория ашылды, қалған 12-сі осы жылдың соңына дейін тапсырылады. Мамыр айында қан орталығы өз қызметін бастайды. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, құны 20,9 млрд теңге болатын Орталық стадион және 6,8 млрд теңгеге жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені көпшілік қолданысына табысталмақ.
Сонымен қатар өткен жылы сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген жағымды жаңалық болды. Облыс әкімі биыл да осы үрдіс жалғасын табатынын тілге тиек етті.
– Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд. 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондайақ 1 млрд 500 млн. теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археология­лық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шет елдерде сақталған жәдігерлер көшірмелері ел назарына ұсынылатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салтдәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз. Жыл аясында тек мәдени көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы. Расында, 2023 жылы мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Тұңғыш рет 50- ден аса кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылды. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр үйірме жұмысын бастады. Қалалық «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылып, шығармашылығын халыққа ұсынды. Желтоқсан айында елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халық Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше ықыласын білдіріп, оң бағасын берді. Алдағы сәуір айында осындай мәдениет және өнер күндері Алматы қаласында ұйымдастырылмақ. Жақын күндері 1000 орындық Өнер орталығы қызметін бастайды, Жыраулар үйі ашылады. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі орналасатын «Руханият» орталықтары салынады. Ол үшін облыстық бюджеттен 11,5 млрд теңге жоспарлануда. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады. Ал, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Сыр өңірінің құнды жәдігерлері мен экспозицияларын кеңінен дәріптеу мақсатында жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Құны шамамен 1,6 млрд теңге болмақ. Өткен аптада облыстағы білім беру ұйымдарының жай-күйіне арналған кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында өңірдегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатыны мәлім болды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша білім алады. Жиында аймақ басшысы әлеуметтікэкономикалық даму тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

                                                                                                                                                Әсел РЗАЕВА
10 ақпан 2024 ж. 276 0