Жаңақорғанда кәсіпкерлік сала жандануда
Жаңақорған - кәсіпкерлік саласы дамыған аудандардың бірі. Бүгінде онда 6 985 бірлік шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның 361-і заңды тұлғалар болса, 2 464-і шаруа қожалықтары, ал, 4 160-і жеке кәсіпкер. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тлеуімбетов саладағы игі бастамалар тізбектеп, жемісті жобалардың нәтижесін айтты.
- Аудан бойынша өткен жылы барлық қаржы көздерінен 164 жобаға қолдау көрсетілді. Ал, “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 74 жоба несиелендірілді. Жыл басынан бері “Мансап” орталығына 6 800 адам жұмыс іздеп хабарласса, соның 5 487-сі тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы, өткен жылы ауданда барлығы 3 370 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, ауданда бірнеше білім ордалары да пайдалануға берілді. Мәселен, Жаңақорған кенті «МАИ бекетіндегі» мектеп құрылысы былтыр аяқталып, биыл 15 қаңтарда пайдалануға берілді. Сондай-ақ, былтыр Жаңақорған кентіндені 600 орындық, Жаңарықтағы 300 орындық, Байкенжедегі 150 орындық мектептің құрылысы басталған болатын. Осы мектептердің құрылысы толық аяқталған соң аудандағы білім беру ұйымдарының ғимараттарына қатысты проблемалық мәселе толық шешімін табатын болады, - деді Мұрат Жолкелдіұлы.