Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақ киносының кешегісі мен келешегі

Қазақ киносының кешегісі мен келешегі


Отандық кино өнері күн өткен сайын көкжиегін кеңейтіп келеді. Көрермен назарына ұсынылып, қолдау тауып, қошеметке ие болған туындылар саны да толығуда. Қазақ киножелісінің аяқалысы кеңестік кезеңмен салыстырғанда біршама артып, жаңа технологияның жетістектеріне сай өз тұғырын да биіктетіп үлгергені сөзсіз. Қазақ киносының бергені мен берері, бүгіні мен ертеңі жайлы тарқатып көруге тырыстық.


Тұғырын қырқыншы жылдардан тік­тейтін қазақ киносы бүгінге дейін бу­ынын бекітіп, көрермен назарына таңдаулы туындыларды ұсынып үлгерді. Технологияның жетістігі бүгінгідей емес, таршылық кезеңнің өзінде қайталанбас көркем деңгейді бағындырған отандық туынды «Амангелді» фильмі еді. Кеңес­тік дәуір орнағанға дейінгі көтеріліс­тердің тарихын, елі үшін жанқияр еңбек еткен ұлт батыры Амангелдінің образын үйлестіре сомдай білген қазақ актерларының шеберлігін көрсеткен алғашқы дыбыстық кино болды. 1936 жылы «Амангелді» деп аталған пье­саға жазылған Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлиннің сценарийі аталмыш фильмнің түсірілуіне ұйытқы болған. Қазірде қазақ киносының «Алтын қорына» енген бұл фильмге тұңғыш режиссёр Шәкен Айманов та қатысқан болатын. Осылайша Қазақ кино дра­матургиясының қалыптасуына сеп бол­ған көрсетілімнің ізін «Атаманның ақы­ры», «Гауһартас», фильмдері жалғады. Ұлт тарихын танытуда, өткеніміз бен бүгінімізді ұштастырып, кешегі кеңестік кезеңде кемелдікке ұмтылған қазақ­тың патриоттық болмысын ашуда салт-дәстүр мен тәрбиені кенде қалдырмай үйлесімді образ жасаған «Қыз Жібек», «Біржан сал», «Көшпенділер» фильмдері де бүгінге дейін өз биігінен түскен емес.
Кейіннен түсіріліп көрерменнің ыс­тық ықыласына ие болған фильмдер қатарында «Қош бол, Гүлсары», «Жау жүрек мың бала», «Шал» туындылары бар. Аталмыш кинолар арқылы өз әдебиетіміз бен тарихымызды сөйлетіп, ұлттық бейнемізді қалыптастыруға аянбай атсалысқан Сұлтанахмет Қо­жы­қов, Шәкен Айманов, Досхан Жол­жақсынов, Шәріп Бейсембаев, Ақан Сатаев сынды қазақ режиссёрларының аты бүгінде құрметпен аталады.

Балалар фильмдері мен комедия жанры

Кеңестік кезеңдегі кино жанрының, оның ішінде, қазақ киносының жан-жақты дамығанына дәлел Абдолла Қарсақбаевтың режиссёрлығымен тү­сі­­рілген «Менің атым Қожа» және «Алты жасар Алпамыс» қазақ балалар фильмінің көшін бастады. Аталмыш туындылар қазіргі заман балаларының да көңілінен шығып, жанына жақын сезіледі. Ұғуға жеңіл, көруге көркем бұл фильмдерді тамашаламаған қазақ жоқ-ау, сірә. Әлі күнге дейін көгілдір экран­нан шыға қалса, ішер асын жерге қоя­тын көрермендер арасында жасөспірім балалардан бөлек аға буын да бар. Кино құрдастарының да бір сәттік сағынышын басып, балалық шаққа саяхаттата­­тын «Алты жасар Алпамыс» 1977 жылы Бү­кілодақтық кинофестивальде ең таң­даулы балалар фильміне берілетін «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты бас жүлдені жеңіп алған болатын. Араға біраз жылдар сап, «Аңшы бала», «Бәйтерек», «Сиқырлы орман», «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» сын­ды қойылымдар кешеуілдеп қалған балалар фильмінің ізбасары болды. Айтпақшы, Талғат Теменовтың «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» фильмі Бангладештің Дакка қаласында өткен ХҮІІ халықаралық кинофестивальде «Ең үздік балалар фильмі» атанған болатын. Бұл да кино саласының жаңа ғасырдағы жетістігі десек артық болмас.
Көргеніңді күлкіге айналдырып, жаңа серпіліс, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын комедия жанры да – кино өнерінің бір саласы. Шәкен Айманов­тың режиссерлығымен бастау алған, жасырын ойды астарлы түрде, жана­малап жеткізуге тырысатын бұл жанр да отандық кинофильмге өткен ғасырдың орта шенінде енді. Әмина Өмірзақова апамыздың шеберлігі арқылы талай­лардың көңілінен орын тапқан «Тақия­лы періште» комедиясының – отандық комедия жанрында шоқтығы биік.
Ақылы мен айласын қатар қолданып, шық бермес Шығайбайдың да дүниесі­не ортақтасқан «Алдаркөсе» де кино өнерін көкке бір-ақ көтерген туынды болатын. Қырғыз, Қарақалпақ, Түркмен халықтарына ортақ кейіпкердің өмірде болғандығын, нақты қай кезеңдерде өмір сүргендігін дәлелдейтін тарихи деректер жоқ. Дегенмен, ерте кезең­дерден ақ ауыз әдебиеті арқылы тара­ған аңыз әңгімелерден Алдаркөсенің 40 жамау шапанынан басқа дымы жоқ, есесіне, асқан ақылы мен ханда жоқ 40 айласы бар ерекше тұлға екендігін білеміз. 1964 жылы жарық көрген Шәкен Аймановтың бұл кинокомедиясы пайдакүнем саудагерлер мен сараң байларды шаң қаптырған, өзі арасынан шыққан төменгі тап өкілдерінің қамын жеген Алдаркөсенің айлакерлігін дә­ріптеді. Сол кездегі саяси әлеуметтік топқа бөліну мәселесін шебер сомда­ған кинокомедияның сценарийі 1942 жылы қойылған Шахмет Хұсайынов­тың «Алдаркөсе» пьесасынан алынған болатын.
Қазақстандық кино саласының қазіргі күйі қалай?
2023 жылдың қыркүйек айынан бас­тап отандық кинотеатрлардан көрсе­тіле бастаған «Міржақып. Оян қазақ» фильмі қазақ кинофильмдеріне жаңа серпіліс әкелгендей болды. Әлеуметтік желілерді дүр сілкінтіп, кешегі алаш үшін аянба­ған ұлт зиялыларының бейнесін ас­қан шеберлікпен көрсете білген фильм­нің режиссеры – Мұрат Есжан. Тарихи туындыда алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі, ашаршылық жыл­дарындағы саяси қызметі, Туған халқы үшін ұлт зиялыларымен бірге бастама көтерген жанқияр еңбектері ашық баяндалады. Тарихи түсірілімдерге сұ­раныстың айрықша артқанын көрсеткен кинофильмнің кассалық түсілімі 107 миллион теңгені құраған болатын.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде жаңадан түсірілген кино­лар да, заман талабына сай жабдық­талған жаңа кинотеатрлар да көбейе бастады. Кеңес одағы тұсындағы атшап­тырым аудиториялардай болмаса да жаңа технология, жайлы жиһазбен жабдықталған шағын кинозалдар бү­гінде қолжетімді. Осыған сай демалы­сын рухани әсермен өткізгісі ке­летін киносүйер қауымның да саны артуда. Десек те, қазіргі таңда киноның таңдаулысын көру де асқан талғам мен сыни көзқарасты талап етеді. Олай дейтініміз, бүгінде кино жұлдыздардың танымалдылығына да тосқауыл жоқ. Бірі миллиардтарын салып түсірілім жасаса, екіншісі, әлеуметтік желі арқылы-ақ әлемді қаратуда. Айтқыш та көп, әнші де, керек десеңіз киножұлдыз бен режиссёр қаптаған заманда шын өнерді бағалау да оңайға соқпай отыр.
«Қазіргі қазақ киносындағы сәнге айналып бара жатқан өрескел қателік кинодағы тіл шұбарлығы, яғни, қос тілде қатар өрілетін дүдәмал тіркестерден аулақ болуды қадағалау жоқ. Өзім тіл маманы болғасын ба менің жаныма қатты бататын тұсы осы» - деп пікір білдірген Айзада Қуандыққызы қазіргі кинолардың сапасы төмен екенін алға тартты.
– Кезекті бір демалыс күні отағасы екеуіміз кино көруге бардық. Көрсетіле­тін кинолар тізімінен «Моя большая казахская семья» деген орысша атауы бар комедия жанрындағы киноны таң­дадық. Әлгі кино желісі бойынша, қазақ отбасының екі күйеу баласының бірі орыс, бірі кәріс. Ұлының әйелі, яғни, үйдің келіні – армиян ұлтының қызы. Айтары сол, интернационал отбасы болды ғой. Ол аз болғандай, Америкада жүрген қыздары бір негрді ерте келіпті. Қап-қара, қара деп қара емес сұп-сұр ма дейсің, «Мен оны сүйемін» деп қояр емес. Кинода қыздың әкесі, мына жақта көрермендер шалқамыздан түстік. Қыздарының көңілі үшін көп қарсыласпай келісті бәрі. Азғантай қазақты көбейте алмай жүргенде, қыздарымыз өзге ұлттың ұрпағын көбейтсе күйіміз не болмақ деген ойда қалдым. Кинодағы жағдайға күйеуім екеуміз шыж-быж болғанымыз былай тұрсын, үйге кеп балаларыммен ойдағы қауіпімді бөлістім. Ақылымды айтып сақтандырдым. Ол тіпті кино болсын, комедия болсын, қарапайым сахналық қойылым болсын берер тәрбиесі мен өзіндік насихаты болуы керек емес пе? – дейді Айзада Қуандыққызы.
Расымен де қазір комедия көп, «Күліп жүр, күлдіріп жүр, күлкі болма» - деген тәмсіл «Бизнес по казахский», «Ажырасам», «Гуд бай, мой бай», «Күшік құда», «Шала бандиттер» сынды киноларға қарата айтылғандай. Қазіргі қазақ киносының дамуы мен бүгінгі жай күйін зерттеп жүрген жас маман Мерей Сембай бір сұқбатында «Қазір комедия жанрының көп түсірілуі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей байланысты болып отыр. Халықтың бүгінгі жағдайы комедия емес драма десек артық айтқандық емес. Сондықтан болар, біздің қоғамда комедияға сұраныс бар. Естеріңізде болса, Чарли Чаплиннің комедиялары «Ұлы депрессия» кезінде түсірілді. Сол себепті де оның комедиялық фильмде­рі халықтың көңілінен шықты» деген болатын. Сан сапаға айналатынын ескерсек, күлуге жақсы, жеңіл әзілдерге толы арзанқол кино түсірілімдердің көбеюі ұлттық кино өнерінің аяқалысын ақсататын сияқты деген пікір де жоқ емес.
Айтылғандардан бөлек, «Аппақ келін», «Келінжан», «Таптым-ау, сені», «Дәстүр» сынды бүгінгі күні кинотеатрлардан беріліп, әлеуметтік желінің алдыңғы қатарында тұрған кинолар мен кинокомедиялар елдің оң ықыласына бөленіп жатқанын да айтпасқа болмас.

Жәмила Ермахан
03 ақпан 2024 ж. 267 0