ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КИНОФЕСТИВАЛЬДЕ ҚАЗАҚ КИНОСЫ БАС ЖҮЛДЕНІ АЛДЫ
ХV Еуразия Халықаралық кинофестивалінде Фархат Шәріповтің "Тұлғалық өсу тренингі" көркем фильмі бас жүлдеге ие болды.
2019 жылдың 30 маусым 06 шілде аралығында өткен ХV Еуразия Халықаралық кинофестивалінде режиссер Фархат Шәріповтің "Тұлғалық өсу тренингі" көркем фильмі Бас жүлдеге ие болды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген. Фильм сценарийі Данияр Сүгіралиновтың "Кирпичи 2.0" романы желісінде жазылған.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуірінде аталмыш фильм "41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде" Гран-приге ие болды. "Үздік фильм" номинациясындағы "Алтын Георгийді" Ф.Шәріповке халықаралық қазылар алқасының төрағасы - танымал корейлік режиссер Ким Ки Дук табыстады. Картина 4 шілдеден бастап ресейлік прокатта, ал ақпан айында қазақстандық прокатта болды. Фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінің "Азиаттық кино терезесі" бағдарламасында өткен. Сонымен қатар, өткен жылы картина 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының Арнайы жүлдесі мен NETPAC жүлдесіне ие болды.