Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлеуметтік нысандар ел игілігіне

Әлеуметтік нысандар ел игілігіне



Апта басы сүйінші жаңалықпен басталды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорғанға арнайы ат басын бұрып, ел игілігіне әлеуметтік нысандарды тарту етті. Аурухананың іргетасын қалап, жаңа мектептің лентасын қиды және 3 ауылдың көгілдір отынын қосты. Төрт ауылда тұрғындардың көңіл қуанышымен бөлісіп, кент жұртшылығының ризашылығына куә болып қайттық.


Аурухананың іргетасы қаланды


Алдымен облыс әкімі бастаған топ Төменарық ел­ді мекенін бетке алды. Қанша жылдан бері мінберлер­де маңызды мәселе ретінде көтеріліп, 5 ауылдың халқы асыға күткен аурухананың да құрылысы бас­талды. Жыл соңында дайындықты бастаған мердігер мекеме мамыр айында бітіруге уәде беріп отыр. Дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсекке арналған шағын аурухана тек Төменарық тұрғындарына ғана емес, іргелес жатқан төрт ауылға да қызмет жасай­тын болады. Мердігер мекеме – «Абу-Сер» ЖШС, басшысы – Рүстем Серікбаев, жоба құны – 893 млн теңге. Тарихи сәтке куә болуға келген көпшілікті өңір басшысы Нұрлыбек Машбекұлы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Былтыр денсаулық сақтау саласына бюджеттен 138 млрд 600 млн теңге бөлінді. Оның ішінде көпбейінді, көпсалалы, онкологиялық орталығы қарастырылған, 100 келушіге арналған аурухананың, Қан орталығының және ана мен бала орталығының құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен 27 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, 15-і ел игілігіне пайдалануға берілді. Қалған 12 нысан толық аяқталып, берілетін болса, соның екеуі Жаңақорған ауданына тиесілі. Сондай-ақ, медицина саласының материалдық-техникалық базасын ны­ғайтуға қаржы бөлініп, 70-тен астам санитарлық автокөлік, құрал-жабдықтар тарту етілді. Биыл бұл салаға 155 млрд теңге қаржы бөлінбек. Бюджеттен тыс көздерден де қаржы қаралуда, Президенттің бастамасымен құрылған “Қазақстан халқына” қоры да медицина саласына айтарлықтай демеу болуда. Жалпы жасалынып жатқан жұмыс өте ауқымды, әлеуметтік салаға барынша көңіл бөліп, болашағына бағдар берудеміз.
Бүгінгі іргетасы қаланған аурухана Сыр өңіріндегі елді мекендерде салынған алғашқы кешен. Бұл бастама өзге аудандарда жалғасатын болады. Ең бастысы, деннің саулығы, келер ұрпақтың амандығы. Сол үшін осы салаға барынша көңіл бөлінетін болады, – деп ізгі тілегін білдірген облыс әкімі аудан халқын жаңа жылмен құттықтап, табыс тіледі.
Төменарық ауылының әлеуметтік-экономика­лық дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматтар­ды марапат мінберіне шығарды. Еңбек ардагері Жақсылық Сапарбеков ақ батасын беріп, басталған іске сәттілік тіледі.
Айта кететіні, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы ұлттық жобасы аясында Қаратөбе ауылында 438,3 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізіліп, 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Енді «Қамқорлық» оңалту орталығы ауданаралық орталық ретінде ашылатын болады. Бұл өз кезегінде 500-ге жуық ерекше балалардың қажетті оңалту шараларын толыққанды қабылдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға стационарлық арнаулы көмек көрсетілетін бұл мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еті­леді. Аталмыш орталық Шиелі мен Жаңақорған халқының 0-18 жас мөлшеріндегі мүгедектігі бар сал ауруы бар балаларды қабылдайды.

Ауылдарға газ келді


2015 жылы Жаңақорған кентіне газ келгенде ауылдағы ағайын да көгілдір отынның игілігін көруді арман еткен еді. Міне, араға 8 жыл салып, елді мекендерге де газ келді. Былтыр Қыраш пен Бірлік және Жайылма жұрты бөркін аспанға атып еді, енді бүгін тағы үш ауылда үлкен қуаныш. Алдымен Нұрлыбек Нәлібаев Шалқия кенті тұрғындарымен кездесіп, газдың қосылуына куә болды. 2838 тұрғыны бар, республикаға кенішімен танылған өңір халқы да көптен күткен армандарына кенелді.
Мердігер мекеме – «Gas Energy Construction» ЖШС, директоры – Арман Қанат. Былтыр басталған құрылыс жұмысы жыл басында аяқталып, пайдалануға берілді. Аймақ басшысы шалқиялықтарды тарихи сәтпен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
– Сыр өңірінің көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші былтыр 75 пайызға жетті. 12 ауылға газ қосылды. Биыл да тағы 12 ауылға көгілдір отынын жеткізу жоспарда бар, нәтижесінде газбен қамту көрсеткішіміз 78 пайызға артады деп отырмыз. Бұл әуелі ауыл тұрғындарын қатты отынның машақатынан құтқарып, заман талабына сай өмір сүруге қол жеткізеді. Құдай қаласа алдағы бірнеше жыл ішінде Сыр елінің барлық ауылына газ тарту межесіне қол жеткізетін боламыз. Барлығы кезең-кезеңімен жүйеленіп келеді. Жалпы аймақты дамыту, нифрақұрылым, әлеуметтік саланы жақсарту мақсатында бюджеттен тыс көздерден қаржы қарастырып жатырмыз. Сондықтан осы істе ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға үлкен алғыс айтамыз. Аудан дами берсін, көркейе берсін! – деп тілегін білдіріп, Шалқия кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан азаматтарды арнайы құттықтап, марапаттады.
Еңбек ардагері Бахадүр Сұлтанахметұлы ақ батасын беріп, елдің атынан ризашылығын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, елді мекендерді дамытуға баса назар аудару керектігін тапсырды. Яғни, ауылдардың әлеуетін көтеру, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту күн тәртібіндегі негізгі міндеттемелердің бірі болып отыр. Бүгінгі күнге дейін үш ауыл, енді тағы үш ауыл газбен қамтылуда. Бұл ғаламат жобалардың бірі деуге болады.
Келесі бағыт бойынша Құттықожаға жол тарттық. Шағын ғана елді мекен тұрғындары да газдың қосылғанына ризалықтарын білдірді. Облыс әкімі құттықтауынан кейін ауылдың өрлеуі жолында еңбек етіп жүрген алдыңғы толқын аға-апаларды марапаттап, ілтипат білдірді. Одан кейін, жергілікті тұрғындармен емін-еркін дидарласып, қандай мәселе барын білмекке тырысты. Соңынан еңбек ардагері Мұзаппархан Әлімбетов батасын беріп, ауылдастары атынан алғысын айтты.
Көгілдір отынға қосылған үшінші ауыл Кейден ауылдық округі. Бұл ауылдың газ құрылысы былтыр басталып еді, енді міне үйлерге жылу сыйлай бастады. Аймақ басшысы 2023 жылы облыс көлемін­де атқарылған жұмыстарды жүйелеп, 2024 жыл­дың межесін айқындап берді. Әр саладағы жеткен жетістіктерді жіктеп, бюджет қаражатының орындалуы жөнінде есеп берді. Инвестиция көлемінің артуына да аса мән берді. Құттықтау сөзінен соң Кейден ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан азаматтарды марапаттап, сахна төріне шығарды. Еңбек ардагерлерімен тілдесіп, елге керек мәселелерді тыңдады. Ауыл қариясы Оразәлі Әбжанұлы батасын беріп, тұрғындар атынан алғысын жеткізді.
– Газ келеді дегенге қуанып, бірінші болып үйге кіргізіп алдық. Міне, бүгін көзіміз анық жетіп, жүрегіміз жарылып тұр. Қатты отынның күйбеңінен құтылып, газдың жылылығын сезінуді жазғанына шүкір айтамыз. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, барша азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Кейден тұрғыны Гүлпаршын Иматаева.

Жаңа мектеп есігін ашты


Құрылысы кешеуілдеп кеткен МАИ бекетіндегі мектеп білімгерлерге есігін айқара ашты. 300 орындық мектептің ашылу рәсіміне аймақ басшысы бастаған делегация шынайы ортақтасып, көптің қуанышымен бөлісті. Былтыр Жаңақорғанда екі бірдей мектептің лентасы қиылса, биылдың өзінде бір білім беру ордасы оқушыларға құшағын айқара ашты.
– Былтыр білім саласын дамытуға 278 млрд теңге қаралды. Оның ішіндегі ірі жобалардың бірі “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы. Ұлттық жоба аясында өңірде 21 мектеп жаңадан салынуда. Оның 10-ы биыл, қалған 11-і келесі жылы пайдалануға беріледі. Осы арқылы өңірдегі апаттық және үш ауысымдық мектептің мәселесін толығымен шешетін боламыз. Оның екеуі Жаңақорған ауданынан салынуда. Биылғы бюджеттен білім саласына 291 млрд теңге қаржы бөлінуде. Оған да бірнеше жаңа жобалар жоспарлануда.
Біздің болашағымыз – бүгінгі балалардың қолында, сондықтан ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауымыз керек. Жаңа білім ошағында келешекте ұлт мүдде жолында қызмет ететін жастар өсіп шығады деген үмітіміз бар, – деп облыс басшысы тілектестік білдірді.
Еңбек ардагері Ізәтілла Нәрзілдаев сөз сөйлеп, жаңа ғимараттың ашылуына батасын берді. Лента қию рәсімінен соң мектеп жұмысымен таныстық. Мердігер мекеме өкілдері және кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Сапардың соңғы түйіні темір жол вокзалының бүгінгі ахуалымен танысумен қорытындыланды. Іргетасы 1976 жылы қаланып, 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен ғимараттың сыйымдылығы 200 адамды қамти алады. Вокзал басшысы Гүлбану Әбдәшімқызы 5 жылдан астам осы саланың басшылық тізгінін ұстап, елдік жолда еңбек етіп келеді.
Міне, аймақ басшысы ауданға сапарында осындай жетістіктерге куә болды. Аудан автивімен тың жобаларымен де бөлісті.


Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 қаңтар 2024 ж. 181 0